Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлттық әскер – ұлыстың берік қорғаны

Ұлттық әскер – ұлыстың берік қорғаны
А.Рысмахан
Отан қорғаушы күні – еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтып жүрген әскери қызметкерлерге, ардагерлерге және барша ер-азаматтарға құрмет көрсететін күн. Айтулы мерекеге орай кеше «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті.

Мерекелік жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзбен ашты.

– Отан қорғаушылар күні мемлекетіміздің қуаты мен сенімділігін айғақтайтын, өмірін әскери қызметке арнаған жандарды дәріптейтін мереке. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, қастерлі құндылықтарды орнықтыра түсу үшін бұл мерекенің маңызы зор» деп атап өткен болатын. Ел тәуелсіздігін, ұлан-байтақ жер мен халықтың тыныштығын сақтауда Отан қорғаушылардың орны ерекше. Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Қазақстан әскері заманға сай жаңғырып келеді. Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың мәртебелі міндетіне, аға буынның ерлік және жауынгерлік жігерінен бастау алған патриоттық үлгісіне айналды. Бірер күннен соң ауқымды көлемде аталып өтілетін Жеңістің 80 жылдығы – әлемдік маңызы бар тарихи оқиғалардың бірі. Жеңіс мейрамы батыр бабаларымыздың жанқиярлық ерлігін, болашақ үшін төккен қанын мәңгі есте сақтауымыздың белгісі. Ұлы Жеңістің нәтижесі – бүгінгі бейбіт өмір, – деген Ербол Шырақпайұлы биыл қазақ халқының біртуар тұлғасы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толатынына тоқталды.

Аймақ басшысы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келген батырдың мерейлі датасы облыс аумағында кең көлемде аталып өтіп жатқанын, батырдың кіндік қаны тамған Жуалы ауданында және облыстық прокуратура ғимаратында арнайы тақтайшалар қойылғанын жеткізді. Сондай-ақ, 9 мамырда Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан «Даңқ» залында Бауыржан Момышұлының музейі ашылып, ел игіліне табысталатын тілге тиек етті.

– Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу. Бүгінде әскеріміз – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығының сенімді тірегі. Қарулы Күштеріміз ел шекарасын күзетіп қана қоймай, халықаралық деңгейде де бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіне белсенді атсалысуда. Осылайша, ұлттық әскеріміз – ұлыстың берік қорғаны, ел тыныштығы мен тұтастығының кепілі, Тәуелсіздіктің мығым тірегі болды. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қаһарман Бауыржан Момышұлының рухты сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған сарбаздар қашан да ел мақтанышы болып қала береді, – деген өңір басшысы 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай және көпжылдық жемісті еңбегі мен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін бірқатар азаматтарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бұл марапаттар – азаматтардың мемлекеттік қызметке, ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне қосқан зор үлесінің дәлелі.

– Отан қорғаушы күні – әрбір ер азамат үшін, әсіресе құқық қорғау мен қауіпсіздік саласында еңбек ететін жандар үшін аса маңызды, рух беретін мереке. Төл мерекеміз қарсаңында жоғары марапатқа ие болу – мен үшін зор құрмет. Бұл марапат – менің ғана емес, ұзақ жылдар бойы бірге қызмет атқарған әріптестерімнің де еңбегінің жемісі. Ел тыныштығы мен әділет саласындағы тұрақтылық басты парызымыз. Облыс басшылығына көрсеткен сенімі мен бағалауы үшін алғысымды білдіремін. Бұл күн барша қазақстандықтар үшін елдік пен ерлікті ұлықтайтын мереке болып қала бермек, – дейді прокуратура саласының ардагері, аға әділет кеңесшісі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаталған Нүркен Аймамбетов.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Шоқан Кенжеғұлов мереке қарсаңында алған марапат үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. 

– Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі – ең басты құндылық. Сондықтан қай кезде болмасын қызметіме адал болуға тырыстым. Құрмет грамотасына лайық деп танылғанымды қуана да қобалжи да қабылдадым. Көрсетілген құрмет халқымның сенімін ақтауға деген талпынысымның дәлел деп білемін. Ел қорғаны болу жолында әрдайым қызмет етуге дайынмын, – деп қуанышымен бөлісті.

Мерекелік кеш Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония және «Оңтүстік» өңірлік әскерлері өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар