Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда
- author AR-AY
- Бүгін, 11:50
- 28

Акцияға облыстағы барлық мемлекеттік мекемелер, оның ішінде әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлік, туристік мекемелер, ірі сауда орындары мен мейрамхана иелері атсалысуда.
2025 жылғы 8 мамырда облыс жастары Тараз қаласындағы арық жүйелері мен каналдарды тазалау жұмыстарын жүргізді.
«Жамбылдық жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына тұрақты қатысып, елеулі үлес қосып келеді. Жыл басынан жастардың қатысуымен көптеген тазалық шаралары өткізілді. Бүгін 5 шақырым арыққа тазалық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда өскелең ұрпақ арасында экологиялық тәрбие қалыптастыру өзекті мәселе. Бұл ретте, облыс жастары тарапынан бірқатар маңызды шаралар өтетін болады» - деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры А.Кадралиев.
Облыс көлемінде іске асып жатқан көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалық айлығы аясында «TazaLike», «Таза аула», «Таза қала» «Үлгілі аула» конкурстары өткізілуде.
Жамбыл облысында тұрғындардың тазалық жөнінде жергілікті атқарушы органдарға «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі арқылы телеграмм-ботпен өтінім беруге мүмкіндігі бар. Телеграмм-бот ашылғалы бері жалпы 533 өтінім түскен. Телеграмм-ботқа түскен өтінімдердің басым көпшілігі аумақтарды күл-қоқыстан тазалауға қатысты болса, бірнеше өтінім көшелерге асфальт төсеу, жолдарды тазалауға қатысты болды.
Жыл басынан бері акция аясында 803 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 50 мың тұрғын үй аулалары мен 2,7 мың шақырым көшелер тазаланып, 5 мыңнан тоннадан аса қоқыс шығарылды. 130 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 2,5 мың ағаш санитарлық бұталанды. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға 180 бірлік техника жұмылдырылды.