
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Алматы қаласының Жетісу ауданында ерекше іс-шара өтті. Айнабұлақ шағынауданындағы №4 мамандандырылған спорт мектебінде ұзындығы 1704 метрлік лағман дайындалып, Қазақстанның Рекордтар кітабына енді.
Бұл тек гастрономиялық жетістік емес, түрлі ұлт өкілдерінің бірлігін көрсеткен ерекше символға айналды. Лағман дайындауға 19 келі ұн жұмсалды. 50-ден астам қатысушы — аспаздар мен аудан тұрғындары — екі сағат бойы бірлесіп еңбек етті.
Қазақстан Рекордтар кітабының өкілі Бақытжан Сәбитұлы:
«Біз кеспенің ұзындығын ғана емес, ұлтаралық бірліктің мызғымастығын да тіркеп отырмыз», — деп атап өтті.
Іс-шараға қазақ, ұйғыр, өзбек, дүнген, корей және өзге ұлт өкілдері қатысып, әркім ортақ іске атсалысты. Қатысушылардың бірі Зухра Измасова бұл міндет оңай болмағанын айтса, Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Омарова қамырдың жыртылмауын қамтамасыз ету – басты қиындықтардың бірі болғанын жеткізді.
Жетісу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Тамара Шәкірова бұл бастама Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылғанын айтты:
«Шығыс тағамдарын дайындау – шеберлікті талап ететін күрделі еңбек», — деді ол.
Аудан әкімдігі лағманды ортақ мәдени жады мен болашаққа деген сенімнің белгісі деп атады. Іс-шараны Жетісу ауданы тұрғындары мен этномәдени орталықтар ұйымдастырды.