
Қазақ әдебиетінің абызы, көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармаларын насихаттауға арналған байқауға 16-25 жас аралығындағы жас қаламгерлер қатысты. Әдеби байқаудың ережесіне сәйкес үміткерлер 2 номинация бойынша бақтарын сынады. Бірінші номинацияда – Шерхан Мұртазаға арналған немесе оның шығармалары туралы жазылған үздік мақала, эсселер ұсынылса, екінші номинацияда халық жазушысына арналған поэзиялық шығармалар қабылданды.
Әдеби байқауға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұл, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің журналистика және филология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев, белгілі журналист, облыстық «Аq jоl» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Асылжан Шәйділдаев, сондай-ақ аталған орталықтың «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Мадияр Ералыұлы қазылық етті.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында сөз алған қазылар алқасының төрағасы Бекет Момынқұл байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сәттілік тіледі.
– «Шынның жүзі – Шераға» бауқауы қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлғалардың бірі, жазушы, журналист, қоғам қайраткері Шерағаның шығармашылығы мен өмір жолын кеңінен насихаттау үшін ұйымдастырылды. Шерағаның әдебиетке қосқан баға жетпес үлесін жастар арасында кеңінен таратуға бағытталған мәні зор әдеби іс-шара болды деп санаймын, – деді Б.Момынқұл.
Байқауға 50-ге жуық үміткер өз шығармалары мен еңбектерін ұсынды. Олардың жартысы – мектеп оқушылары мен студенттер болса, қалғандары әдебиет, өнер және білім салаларында еңбек етіп жүрген жас ұстаздар.
– «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында өнер мен сөз құдіретін, поэзия мен прозаның құндылығын түсінетін жастар арасында ұйымдастырылған «Шынның жүзі – Шераға» облыстық әдеби байқауының мазмұны мен маңызы, берер рухани азығы мол болды деп ойлаймын. Осындай әдеби байқаулар арқылы біз ойы ұшқыр, қаламы жүйрік жас талант иелерін танып, біле аламыз. Сондықтан да байқауды ұйымдастырып, қазақтың мақтанышына айналған Шерағаның шығармаларын насихаттап жүрген Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығына алғысымызды білдіреміз, – деді филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Әліұлы.
Сонымен қазылар алқасының шешімімен «Үздік мақала, эссе» номинациясы бойынша облыстық «Аq jоl» газетінің аға тілшісі Нұрболат Аманбек үздік деп танылды. Екінші орын Меркі ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы №20 мектептің 10-сынып оқушысы Ұлдана Махтабайға бұйырса, үшінші орынды Жамбыл ауданы, Ащыбұлақ ауылындағы Қ.Сартаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Маржан Садубай жеңіп алды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ осы номинацияда белсенділік танытқан Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 3-курс студенті Гүлназ Дәулетжан, Қ.Сартаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Гүлдана Қожамжар және облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Аяна Ким ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Екінші номинация, яғни поэзия жанры бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті Аят Бәтей топ жарды. Екінші орынға Жуалы ауданынан қатысушы Санжар Даярбек, ал үшінші орынға Байзақ ауданы, Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Айжан Жиенғали лайық деп танылды. Сондай-ақ Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Қазына Орынбай, Құмжота ауылы, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушысы Аружан Әлімбаева және Меркі ауданындағы №44 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғәлімі Мадияр Бекбергенұлы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Айта кетейік, ынталандыру сыйлықтарының иелері мен жеңімпаздардың жетекшілеріне арнайы алғыс хаттар мен жаңа кітаптар табыс етілді.
Рухани құндылықтарды насихаттап, жастарды әдебиетке баулуға бағытталған бұл байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өңірдегі әдеби өмірге серпін берді. «Шынның жүзі – Шераға» байқауы алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп, кең ауқымды әдеби жобаға айналмақ.
Нұрперзент ТУҒАНБАЙ,
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану
орталығы «Шерхантау» бөлімінің ғылыми қызметкері