
Бүгінгі таңда облысымызда папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жұмыстары ауқымды әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Вакцинация науқанын тиімді үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізетін спикерлер бекітілген. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы бірлескен бұйрық шығарып, облыстық және аудандық деңгейде кураторлар тағайындаған. Бұл мамандар вакцинация процесін бақылап, туындаған мәселелерді жедел шешуге жауапты.
Жобаның маңызды бөлігі – халық арасында түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу. Осы мақсатта облыс бойынша 82 семинар өткізіліп, 2 838 медицина қызметкері білімін жетілдірді. Сонымен қатар 2 285 мұғалім, 6 776 ата-ана және 5 507 жасөспірім қамтылған кездесулер ұйымдастырылды. Бұл кездесулер вакцинацияның мәні мен маңызын түсіндіріп, халықтың сенімін нығайтты. 2 мыңнан аса ақпараттық парақша мен жадынама таратылып, жұртшылықпен тікелей байланыс орнатылды. Сонымен қатар 2025 жылы өңірде вакцинация тақырыбында 3 ірі семинар, 8 жылжымалы семинар және медициналық кеңес ұйымдастырылып, 2 мыңнан астам медицина маманының біліктілігі арттырылды. Ақпараттық қолдауға ерекше көңіл бөлініп, 1 брифинг, 2 сұхбат, 11 мақала жарияланды.
Вакцинациялау жұмыстары өңірдегі 281 медициналық мекемеде, 343 мектептің медициналық пунктінде және 30 жылжымалы екпе бригадасымен жүргізілуде. Бүгінгі таңда АҚШ-та өндірілген «Гардасил» вакцинасының 11 471 дозасы облысқа жеткізіліп, толық көлемде тарату жұмыстары аяқталды. Вакцинаның сапалы сақталуы мен тасымалдануы – науқанның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды шарттардың бірі. Бұл бағытта «суық тізбек» принципі толық сақталып, 972 тоңазытқыш, 78 мұздатқыш, 1067 термоконтейнер және 93 термоиндикатор қолданылуда. Мектептерде вакциналарды +2°С пен +8°С аралығында сақтау үшін 346 тоңазытқыш пен 405 термоконтейнер қарастырылған.
2024 жылдың 1 қазанынан 2025 жылдың 17 сәуіріне дейінгі аралықта бірінші кезеңде 10 708 қыз балаға (жоспардағы 93,3 пайыз) АПВ-ға қарсы вакцина егілді. Ал 2025 жылдың сәуір айынан бастап вакцинацияның екінші кезеңі басталды. Бүгінгі күнге дейін бұл кезеңде 802 қыз бала вакцина қабылдады.
Айта кетейік, екпеден кейін ешқандай жағымсыз реакциялар тіркелмеген. Бұл медицина мамандарының жұмысына деген сенімді арттырып, ата-аналардың алаңдаушылығын сейілткен жағымды фактор болып отыр.
Жалпы, адам папилломасы вирусы – әлемде өте кең таралған, шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустар тобының жалпы атауы. Осы вирустың 200-ге жуық түрі белгілі, олар кемінде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. АПВ-ға жиі әсер ететін анатомиялық аймақ жатыр мойны болғандықтан, осы ағзаның онкологиялық аурулары әйелдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Бүгінде аурудың алдын алудың жалғыз жолы – вакцинациялау.
АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде қолданылады. Вакцинацияның арқасында көптеген мемлекетте әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90 пайызға төмендегенін айта кету керек.
«АR-АI»-ақпарат
Әулиеаталық дәрігерлер Оңтүстік Кореяда
Ұқсас жаңалықтар
«Әулиеата аңыздары» – тарих пен технологияны тоғыстырған жаңа кітап
- авторAR-AY
- 30 сәуір, 2025
Ақтөбелік студент ЖИ көмегімен Әлия Молдағұлова туралы комикс жасады
- авторAR-AY
- 30 сәуір, 2025