
Әр елдің уәкілетті органдары өздері шолу жүргізіп, заңнаманың қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын анықтайды. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесін жетілдіруге, ескі немесе тиімсіз ережелерді жаңартуға, құқықтық базаны заман талабына сай етуге басты негіз болады. Анығын айтқанда, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен сатылатын өнімнің қауіпсіздігі бақылауға алынады.
Мұндай шолулар арқылы мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және қарапайым тұтынушылар саланың нақты жағдайы туралы толық әрі жүйелі ақпарат ала алады. Осы жаңашылдыққа қатысты мәліметті ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі таратты. Өз елімізде бұл тұтынушылардың өз құқықтарын жетік білуіне, қандай да бір әділетсіздікке тап болғанда заңды талап етіп, өзін қорғай алуына мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұдан халық ұтпаса ұтылмайтыны анық.
Ең маңыздысы – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер бір-бірімен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болып отыр. Әр мемлекеттің үздік тәжірибелері ортаға салынады, сәтті шешімдер басқа елдерге үлгі ретінде ұсынылады. Нәтижесінде бүкіл одақ аумағында тұтынушылардың мүддесін қорғау деңгейі біртіндеп көтеріледі. Бұл бастаманың ел ішіндегі саудаға да, сыртқы саудаға да оң ықпал ететіні сөзсіз. Ішкі нарықта сапалы әрі қауіпсіз өнімдердің үлесі артады. Тұтынушы тауар не қызмет алушының әрекетіне күмәнмен қарамай, нарықтағы ұсынылатын қызмет те ырғақты қалыпта жұмыс істейді.
Қазақстан да бұл бағытта қолда бар мүмкіндікті пайдаланып қалуда аянып жатқан жоқ. Бүгінде еліміздің тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы заңнамасы халықаралық стандарттарға сай жетілдірілуде. Соңғы жылдары тұтынушы шағымдарын қарау тәртібі жеңілдетілді, жауап беру мерзімі қысқартылды. Сонымен бірге тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы дауларды тез әрі тиімді шешуге мүмкіндік беретін жаңа механизмдер іске қосылуда.
Жергілікті жерлерде тұтынушы құқығын қорғауға қатысты тиісті жұмыстар үздіксіз атқарылып жатыр. Арнайы құрылған жұмыс топтары ішкі нарықты бақылай отырып, мәселелерді дер кезінде анықтап, олардың шешу жолдарын ұсынуда. Бұл бір жағынан халықтың тұтынушылық мәдениетін арттырса, екінші жағынан кәсіпкерлердің де сапаға ерекше мән беруіне түрткі болуда.
Қазіргі таңда елімізде өндірілетін өнімдердің сапасы жақсарып келеді. Бұған тұтынушылардың талабының артуы және мемлекеттік бақылаудың күшеюі тікелей әсер етіп отырғанын айта кетуіміз керек. Ендігі мақсат – осы қарқынды сақтай отырып жүйенің жұмысын жетілдіре түсу. Міне, Еуразиялық экономикалық одақ аясында қолға алынған шолу жүйесі осы істің толыққанды жүзеге асуын көздейді. Бұл бастама арқылы еліміз де, одақтағы басқа мемлекеттер де өз азаматтарының құқықтарын мейлінше әділ қорғауға қол жеткізеді.
Бір айта кетер жайт, қарапайым халық тұтынушы ретінде қай жерден сауда жасаса да өнім немесе ұсынылған қызметті өз құқығы бойынша сапалы тұтынуда жасқанбауы керек. Өйткені әрбір азаматтың өз құқығын талап етуі мүдделі тараптың белгіленген тәртіппен жұмыс істеуіне әсер етеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ