
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» тұжырымдамасын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы бұл тұжырымдаманы жай ғана тәрбиелік бағдарлама деп қарамай, ол қоғамның рухани жаңғыруының негізі, жаңа қоғамдық этика мен азаматтық жауапкершіліктің басты көрінісі деп бағалады. Адамның өзіне, қоғамға және мемлекетке деген жауапкершілігі мен адалдығы бүгінгі таңда кез келген елдің тұрақтылығы мен өркендеуінің басты факторы болып табылады.
«Адал азамат» тұжырымдамасы – бұл тек жеке тұлғаның мінез-құлқы ғана емес, тұтас ұлттың рухани болмысын айқындайтын өлшем. Әрбір адам өз ісімен, сөзімен, шешімдерімен қоғамда жақсы өзгерістерге үлес қосуға міндетті. Адалдық қоғамда сенімнің орнауына ықпал етіп, халықтың бірлігін нығайтады. Сенім мен адалдықты сақтаған жерде өзара құрмет, ынтымақтастық және бейбітшілік орнайды.
Ассамблеяның бұл бастамасы еліміздегі барлық этностар мен халықтардың рухани жандүниесін біріктіріп, қоғамдағы өзара келісім мен келісімділікті сақтаудың маңызды кілті. «Адал азамат» ұғымы осы күнге дейін көпшілікке тек қана жеке тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеу құралы ретінде көрініс тапса да, бүгінгі таңда бұл тұжырымдама қоғамда этикалық стандарттарды қалыптастырудың маңызды құралына айналып отыр. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру – еліміздің рухани жаңғыруының, адами құндылықтар мен моральдық жауапкершілік тұрғысынан болашағының мықты болуына септігін тигізеді.
Мұндай рухани қайта жаңғыру процесіне Ассамблея ардагерлері мен жастар ұйымдары да белсене қатысуда. «Ассамблея жастары», Студенттік ассамблея, Жас ғалымдар клубы мен «Жаңа толқын» сияқты түрлі қоғамдық ұйымдар елімізде патриотизмді, әділдік пен жауапкершілікті жастарға үйрететін шынайы мектептерге айналып отыр. Бұл ұйымдар бүгінгі таңда қазақ халқының даналығымен, оның ұлт ретінде қалыптасу тарихы мен философиясын дәріптейтін ортаға айналуда. Олар қоғамда әлеуметтік әділдікті, ел бірлігін сақтаудың маңыздылығын жастар арасында кеңінен насихаттауда.
Әсіресе, жастардың «Адал азамат» тұжырымдамасын өмірлік ұстаным ретінде қабылдауы бүгінгі қоғамдағы жаңғыру мен тұрақтылықтың кепілі болады. Қоғамның адал, жауапкершілігі жоғары азаматтардан тұруы ғана келешекте ұлттық рухтың сақталуына, өзара сыйластықтың артуына және азаматтық қоғамның даму деңгейіне әсер етеді. Әрбір ұрпақтың өз міндеті мен мақсатын түсініп, оны іске асыруға күш салуы – ұлттың болашағына қосылатын зор үлес болмақ.
Ендеше, «Адал азамат» – бұл тек ұрпаққа жол көрсету ғана емес, бұл бүкіл ұлтқа үлгі болар тұлғаның қалыптасуы. Ұлттық рухтың тірегі, қоғамның күшті негізі осы адал азаматтарда жатыр. Адамгершілік пен адалдықты ту еткен қоғам ғана өз мақсаттарына жетіп, болашаққа жарқын қадамдар жасай алады.
Расылхан ДЖУНШЕЕВ,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы
Ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі,
философия ғылымдарының кандидаты