Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Берекелі бірлік – бақытымыздың бастауы

Берекелі бірлік – бақытымыздың бастауы
Автор
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Мерейлі мереке 1995 жылдың 18 қазанында белгіленіп, 1996 жылдан бастап кеңінен тойланып келеді. «Ырыс қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген ұлағатты сөзді ту еткен халқымыз береке-бірлік пен ынтымақтың арқасында талай қиындықты еңсеріп, жеңісті жолмен жүріп келеді.

«Кең болсаң, кем болмайсың» қағидамен ашаршылық жылдарында өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, қолындағы бір үзім нанын бөліп берген ата-бабамыздың көрегендігі – еліміздегі татулық пен ауызбіршіліктің символы еді. Қиын-қыстау кезеңдегі қазақтың жанашырлығы мен бауырмалдығын бүгінгі ұрпақ әсте ұмытпас.

Бүгінде бір шаңырақ астына жиналған ұлт пен ұлыс өкілдеріне қамқорлық ерекше. Олардың салт-дәстүрінің сақталуына, мәдениеті мен әдебиетін дамытуына барынша жағдай жасалуда. Бұл – үлкен жүректің, кең пейілдің жемісі. Ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырған осы бір қасиетті сезім – өзара құрмет пен түсіністік.

Халық даналығында «Бірлік түбі – береке» деген нақыл сөз бар. Біздің жеткен жетістіктеріміздің түп қазығы – татулық пен бірлігімізде.

Қазақстан халқының бірлігі күні бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп жатқан ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері халықтар арасындағы татулық пен ынтымақ еш бұзылмай, бүгінге дейін түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір, діні басқа ділі бір қаншама этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсеуде.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – ел бірлігі мен татулығын нығайту жолындағы маңызды белес. Осы уақыт аралығында бірегей институт өңірлерде өз миссиясын жоғары деңгейде атқарып келеді деп сеніммен айтуға болады. Ассамблеяның басты мақсаты – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту. Осы бағытта өңірлік құрылымдар аясында көптеген іс-шаралар, форумдар, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып, түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне деген құрметі мен сенімін арттыруға ықпал етуде. Ассамблея өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, олардың бастамаларына қолдау көрсетіп, ортақ құндылықтарды қалыптастыруда үлкен рөл атқарып отыр.

Этнобірлестіктердің ұйысып, татулықта өмір сүруі қоғамдағы бейбіт өмірдің, тұрақтылықтың және дамудың кепілі саналады. Бұл – ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен келісімнің нақты көрінісі. Әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің тоғысуы ел ішіндегі рухани байлықты арттырып, жас ұрпақтың бойында толеранттылық, өзара сыйластық сынды маңызды қасиеттердің қалыптасуына сеп болуда. Мұндай үйлесімділік ел ішінде қоғамдық келісімнің берік негізін қалыптастырады.

Бұқар жыраудың:

«Бақыт қайда барасың?

– Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі,

Ұйымшыл елге барамын.

– Бақыт қайда барасың?

– Туысымен татулы,

Жаман сөз жоқ шатулы,

Ынтымақты үйге барамын» деген елді ынтымаққа, береке-бірлікке шақырған өлеңі бар бізге жеткен. Демек, бақыт іздеген байырғы бабаларымыздың өзі бақытты береке-бірліктен тапқан екен. Қазір де солай. Бақыт береке тұнған, бірлігі тату елде.

Береке-бірлік, ынтымақ болмаған жерде бақыт болмайды. Бұл пафос емес. Қазақстандықтар үшін мамыр айының алғашқы күні – жай ғана мейрам емес, нағыз ұлттық келісім күні. Көненің адамдары бұл күнді Кеңес заманындағы шерулермен байланыстырады. Алайда Қазақстанда бұл күн мүлдем басқа мағынаға ие. 1996 жылдан бастап 1 мамыр күні Қазақстанда Бірлік күні тойланады.

Мерекеге орай еліміздің түкпір-түкпірінде – қалаларда, аудандарда, ауыл-ауылдарда мерекелік концерттер мен түрлі іс-шаралар өтеді. Елде өмір сүретін әртүрлі ұлт өкілі ұлттық дәмін әзірлеп, ерекше дастарқан жаяды. Түрлі ұлттың ұлттық киімін де, әнін де, биін де осы күні көруге болады. Бәрі бір-бірімен арқа-жарқа болып жатады. Бұл күні дәм ауыз тиіп, қарның да тояды, айналаны мейірім билей түсетіндіктен, жаның да тояды.

Мерекенің маңызы ерекше. 1 мамыр – бәрі көңіл көтеріп, бір күн артық демалатын қарапайым күн емес. Бірлік күні басқа мерекелерден өзгерек. Себебі мереке күні елдегі әрбір адам өзін ғаламат бір дүниенің бөлшегі сезінеді. Бір саябақтан өзбектің дойрасының үні, енді бір жақтан қазақтың домбырасының үні жетеді. Тағы бір аулада балалар «Лезгинка» билеп жатса, бір сахнада қыздар ұйғыр ұлттық биін нақышына келтіріп орындап жатады.

Мұның бәрі бір сәтте, еш кедергісіз, керісінше үйлесімді көрініс табатынын көргенде, адам жүрегі жылып сала береді. Бұл – дарақылыққа жол берілмейтін, артық мақтанды қажет етпейтін, бірақ терең мағынаға толы мереке.

Тарихтың таразысына салсақ, ең ұлы жеңістер тек бірлікпен ғана келген. Іргесі берік елдің туы ешқашан жығылмаған. Сол себепті халқымыз «Бірлік түбі – береке» деп бекер айтпаған. Ұсақ алауыздық пен пендешіліктің ұлттың болашағына кесір тигізетінін ұғынып, ұдайы бірліктің туын жоғары ұстаған.

Әрбір адамның жүрегіндегі бейбіт өмірге деген сенім мен бір-біріне деген құрмет қана елді ұлы етеді. Бүгінгі Қазақстан – әртүрлі тілде сөйлейтін, әртүрлі дәстүрді ұстанатын халықтардың алтын ұясы. Біздің ортақ үйімізде ешкім бөлінбейді, бәрінің де орны бірдей – тең.

Біздің бірлігіміз – даладай дархан. Біздің достығымыз – Еуразияны шарлаған желдей еркін. Біздің татулығымыз – самаладай жарық болашаққа бастар жол. Осындай ұлы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – әрқайсысымыздың парызымыз.

Шынайы бірлік – ортақ мақсат пен ортақ мүдде төңірегінде бірігу. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі – бірліктің кемел көрінісі.

Ұлы дала төсінде қазық қағып, шегендеп орнатқан киелі шаңырақ астында ұрпақтан ұрпаққа жалғасар бейбітшілік пен бірліктің мәңгілік шырағы сөнбесін!

 

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар