
– 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 114,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларындағы өсім есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 37,1 пайызға артты.
Биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен облыс экономикасында барлық салаларда оң динамика қалыптасып отырғанымен, өңірлер бөлінісінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі Т.Рысқұлов ауданында – 16,9, Мойынқұмда – 0,8, ауылшаруашылығы көлемі Қордайда – 23,1, инвестиция көлемі Мойынқұмда – 56,8, Қордайда 38,4 пайыздық тармақ, яғни межеден төмен деңгейде қалыптасты. Сол секілді жеке инвестиция Мойынқұм, Қордай аудандарында, Тараз қаласында, құрылыс көлемі Мойынқұм, Шу, Жамбыл, тұрғын үй көлемі Мойынқұм ауданында, бөлшек сауда Мойынқұм, Байзақ, Талас аудандарында төмен деңгейде қалыптасып отыр, – деді облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева.
Өз кезегінде облыс әкімі көрсеткішке қол жеткізілмеген салалар бойынша мәселенің мәнісіне үңіліп, тиісті басқарма басшылары, аудан әкімдерінен жауап алды. Орын алған олқылықтар қалпына келтірілмесе, жауаптылар істі ширатпаса тиісті шара қолданылатынын қатаң ескертті.
– Бірінші тоқсанның қорытындысымен облыстық экономикалық өсім баяндамашы айтқандай, 114,5 пайызды құрап отыр. Бұл бойынша экономикалық өсімді 107 пайызға жеткізу межеленген. Дегенмен, бірқатар мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілмей отыр. Мәселен, ауылшаруашылығы, сауда, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс салаларына қатысты қатысты межені орындау мәз емес. Осы бастан экономикалық өсімді қамтамасыз етудің қамын жасамасақ, жыл соңында тиісті көрсеткіштер орындалмай қалуы мүмкін.
Облыста төрт жылдың ішінде іске асырылған 74 инвестициялық жоба, оған қоса аудандарда бірнеше ірі кәсіпорын бар. Аудан әкімдері сол кәсіпорындардың тыныс-тіршілігін, қандай проблемаға тап болғанын білуі тиіс. Жобаларды толық жүзеге асыру үшін қажетті көмек көрсетіледі. Аудандық деңгейде түйткілді шешу мүмкін болмаса, бізге ұсыныспен шығыңыздар. Алдағы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қалыптасқан динамикаға орай жұмыстарыңызға баға берілетін болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Облыс әкімі инвестиция көлемінде өсім болғанымен, салаға нақты нәтиже беретін инвесторлар тарту ісі саябырсымауы керектігін, бұл бағытта жұмыс қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтан сұрады. Мемлекет басшысының экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сай есепті кезеңде белгіленген жоспар 123,9 миллиард теңге болса, орындалуы 120,5 милллиард теңге көлемінде қалыптасқан екен.
Аспандияр Мұраталыұлының айтуынша, жалпы инвестициялық жобалар саны 83-тен асса, ал құрылысы жүріп жатқан жобалар саны 62-ке жетіпті. Ол өз сөзінде облыстық жоспар бір ай бұрын орындалғанын, жыл соңына дейін барлық межені аудандармен бірлесіп толық орындайтынына уәде берді.
Бұдан кейін облыста бюджеттің игерілу барысы қаралды. Ол жөнінде облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкектің баяндамасы тыңдалды.
Жиында бірқатар басқарма басшысы мен аудан әкімдері де баяндама жасап, өзекті мәселелер ортаға салынды. Е.Қарашөкеев денсаулық сақтау, құқық қорғау секілді кейбір салалар бойынша жұмысты ширату қажет екенін баса айтты. Кемшілік тілге тиек етілген салалар бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеліп, орындалу мерзімі белгіленді. Межені орындамағаны үшін тиісті бірді-екілі аудан әкіміне ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылатыны да айтылды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ