Қазақстанда алғашқы роботтандырылған онкооперация сәтті өтті
- author AR-AY
- 29 сәуір, 2025
- 58

Операция зақымданған бүйрек, бүйрек үсті безі және аймақтық лимфа түйіндерін толық алып тастауды қамтыды.
Аталған озық операция жаңа буынның роботтандырылған хирургиялық платформасы — Sage bot SR-2000көмегімен жасалды. Бұл платформа күрделі клиникалық жағдайларда да аз инвазивті араласу жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін қолданылған жартылай автоматтандырылған жүйелермен салыстырғанда, Sage bot SR-2000 хирургиялық дәлдікті, бейнелеу сапасын және операциялық процеске толық бақылауды айтарлықтай арттырды.
Роботтандырылған операцияның негізгі артықшылықтары:
Қатерлі ісіктің кең таралған түрлерін емдеуде тиімділіктің артуы;
Тіндерге минималды зақым келтіре отырып, қажетті араласу көлемін сақтау;
3D-визуализация арқылы операциялық өрісті дәл әрі анық көрсету;
Микрохирургиялық құралдардың жоғары маневрлік мүмкіндіктері;
Операциялық топтың физикалық жүктемесін азайту;
Пациенттерді қорғаудың интеллектуалды жүйелерін қолдану.
ҚазОРҒЗИ директоры Ербол Жасұланұлы Бекмұхамбетов бұл оқиғаны онкохирургия саласындағы маңызды жетістік ретінде бағалады:
«Біз озық технологияларды енгізу арқылы ең күрделі клиникалық жағдайларда да пациенттерге жоғары деңгейде көмек көрсетуге ұмтыламыз. Бұл — Қазақстандағы онкологиялық емдеудің жаңа кезеңінің бастамасы», — деді Ербол Бекмұхамбетов.
ҚазОРҒЗИ тәжірибесінде роботтандырылған хирургияның сәтті енгізілуі институттың технологиялық көшбасшылық ұстанымын және қазақстандық пациенттердің заманауи емдеу әдістеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге деген ұмтылысын тағы бір мәрте дәлелдеді.