
«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабының 2) тармақшасына сәйкес, Түркістан қалалық мәслихаты арнайы шешім қабылдап, оған сәйкес Түркістан қаласының дизайн-коды бекітілді.
Дизайн-код — бұл қалалық кеңістік элементтерінің міндетті визуалды талаптарын реттейтін ережелер жиынтығы. Оған ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттері, абаттандыру жұмыстары, маңдайшалар мен нұсқағыштар, шағын сәулет нысандары сияқты элементтер кіреді. Бұл талаптар біртұтас, эстетикалық үйлесімді, жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар, дизайн-код:
- сәулеттік-ландшафттық ортаны құруға,
- көшелер мен магистралдардың, туристік маршруттардың және қаланың басқа аумақтарының сыртқы келбетін көркейтуге,
- ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін безендіру талаптарын белгілеуге арналған.
Тарихи орталықта және тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғау аймақтарында барлық қала құрылысы нысандарының тарихи және мәдени құндылығы міндетті түрде сақталуы тиіс.
- Дизайн код Түркістан қаласының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдар мен барлық меншік нысанындағы ұйымдар арасында туындайтын қатынастарды реттейді, жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны, аумақтық жоспарлаудың негізгі модельдерін және жоспарлау құрылымын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды қалыптастыруға бағытталған, - делінген мәслихат шешімінде.