
Лудомандарды емдеу – аса қиын процесс. Тәуелділіктің салдарынан тартылыс шырмауынан шыға алмай қалады. Жақындарынан тірідей айырылып, ең ауыр сезімдерден өтіп қойғандықтан оған ендігі өмірі бәрібір болып кетеді. Ол ортасынан оңаша, жалғыз қалғандықтан енді емін-еркін, жоғалтатын ештеңесі жоқ, бар қымбатынан айырылған нағыз ойыншыға айналады.
Ойын процесінде алған әсері оларды қайталап ойнай беруге мәжбүр етеді. Одан бөлек қашан да өзіне көңілі толмағандықтан, бойындағы бар ерекше қасиетін ойында көрсетуге ұмтылады. Шынайы өмірге қарағанда ойында жеңіске қол жеткізу жеңіл болғандықтан, өзін ойында көрсеткісі келеді. Ойындағы жетістіктері неғұрлым мол болса, соғұрлым ол осы ойынға қайта орала береді.
– Бір рет ұтып, оңай тапқан ақшаны қолға ұстағаннан пайда болған адреналинді сезінген адам, осы жетістігін қайталағысы келеді. Алайда көбіне ұту мүмкін емес. Соңғы екі жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озған. Қазіргі таңда ойын жарнамалары кез келген онлайн платформада қолжетімді. Жарнамасы жер жарып, заңдылық тұрғыда ешқандай тосқауыл болмаған соң, елдегі ересектер ғана емес, жастар да құмар ойынға тәуелді болып барады. Әлеуметтік статусы әртүрлі жастарға жан-жақты көмек беру бүгінде ең басты мәселеге айналды. Ал ол үшін түгел қоғам мүдделі екенін естен шығармаған абзал, – дейді психолог Марал Хантөреқызы.
Адамның лудоманияға берілуінің ең алғашқы белгісі – ойын туралы әрдайым ойлап, соған байланысты оқиғалардан арыла алмауы. Олар қанша ұтылса да, ойынды тоқтата алмайды. Кезекті ұтылыстан кейін ойнамауға бел буғанымен, бұрынғы таныстарын кездестіріп, осы тақырыпта әңгімелессе немесе букмекерлік кеңсенің жанынан өте қалса құмарлығы қоза түседі.
Осы орайда бірнеше құмар ойынның құрығына ілінген жандардың тағдырымен бөлісуді жөн көрдік.
Лина 16 жасында Еркін есімді жігітті жақсы көрді. Еркіннің де Линаға ілтипаты ерекше еді. Күн құрғатпай гүл, шоколад жіберіп, бар ықыласын бөлетін. Бірде Линаны отырысқа шақырып, сусынына әлдебір дәріні қосып беріп, соңында есірткі ұсынады. Жайдарлы, ақкөңіл мінезді, бір үйдің жалғыз қызының мінезі әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Ол бір үйдің жалғыз қызы болғандықтан, ата-анасы айтқанын екі етпейтін. Соны пайдаланған Еркін Линадан бір доза үшін қомақты қаражат алып тұрды.
Кейін мән-жайдың беті ашылғанда Линаны жақындары емдетті. Алайда жас қыз қазіргі таңда есірткіден бойын аулақ ұстағанымен, құмар ойындарының соңына түсіп кетті. Ол үнемі ойын ойнағысы келіп тұрады. Өзінің құмар ойынға деген желігін басу үшін көшеге шығып, ақша сұрайтын хәлге жетті. Кәдуілгі қайыршыларға қосылып, тиын жинап, бар-тапқанын ойын автоматтарына салады.
Ал небәрі 14 жасар Айгүл өзінің құмар ойынға келуінің себебін еш түсіндіре алмайды. «Көңілім ойынды қалап тұрады. Одан басқа ештеңе қызық емес» депті ол психологтарға.
Ойынның уытына елітушілердің арасында жақында ғана бөбегін дүниеге алып келген жас аналар да бар. Оларды да қарт ата-анасы, күйеуі, тіпті балалары да үйінде ұстай алмайды. Ешкімді тыңдамайды. Ақыры көше кезіп, қаңғырып кеткен келіншектің лудоманияға деген құмарлығы 15 жасында байқалған.
Қызды ата-анасы емдетіп, кейін кәмелетке толар-толмас жасында тұрмысқа беріп жіберген. Әке-шешесінің айтуынша, бұрын ойынқұмарлыққа салынған қыз үйінен кетіп қалғанымен, екі-үш күннен кейін оралатын болған. Психологиялық көмек көрсетіліп, арнайы мамандар ем-дом жүргізген соң қыз есін жиып, құмар ойын ойнауды доғарған.
– Үнемі балалары үшін кешірдім. Осы кеткенде молынан кетті. Ол ойынға тәуелді. Бәлкім есірткі де араласқан шығар, білмеймін. Әйтеуір үйге келгенде ары кетсе бір айдан соң, қайта кетіп қалады. Оны ұстап отыру мүмкін емес. Ол мен сүйген Айгүлге түк ұқсамайды. Барлығы біз ауылдан Тараз қаласына көшіп келген жылы басталды. Кештетіп «құрбыма барып келемін» деп шығып кететін. Ойын автоматтарына телміріп тұрған жерінен талай алып келдім. Емдеттім. Алайда ол өзін ауру сезінбейді, намыстанады. Өзі ашушаң. Оның айтуынша, жақындары оны түсінбейді, қалауын орындамайды. «Беті бері қарайтын шығар, ортасын өзгертейін» деген оймен ауылға көшіп келдік. Үйді, дүниені, бәрін тігіп бітті. Оны тіпті бала да тоқтата алмады. Өтірік сөйлейді. Бізді қарызға батырып кетті. Ал ең сорақысы ол өзінің анасы дүниеден озғанын, жерлегенімізді де естімеді. Шешесін қызының күйігі алып кетті. Біз оның қайда жүргенін білмейміз. «Әйел адам ғой, жаны нәзік» деп мен оған көп еркіндік беріп қойғаныма өкінемін. Жанын түсінуге, барынша қолдауға тырысатынмын. Бәрін аяқасты етті. Балалар «мамалап» іздеп, жылағанда не деп жауап берерімді білмеймін. Не өлінің, не тірінің қатарында жоқтығы жаныма батады, – деп күйінеді күйеуі.
Мамандардың айтуынша, аталған дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттері жойыла бастайды.
– Құмар ойын – адамның біліктілік емес, сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Әйткенмен стратегия бойынша адам ақыр соңында қалай да болмасын жеңіліске ұшырайды. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арбауында қалып, ойын ойнауды тоқтатпайтындар аз емес, – деді психолог Нұрай Үсенқызы.
Рухани аздырып, тағдырын тоздырып жіберетін дүниеден адам бойын аулақ ұстағаны абзал. Лудомания – адасқандардың тұншыққан тұрлаусыз тіршілігі ғана. «Азарттың» соңы азап екенін ұмытпайық.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ