
Кеңесте «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Жиынды ашқан «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Фарида Жүнісова жоба тиімді жүзеге асырылып жатқанын, бірақ бірқатар кемшіліктер де бар екеніне тоқталды.
Жобаның Меркі ауданында жүзеге асырылу барысына жасалған зерделеу жұмыстары бойынша облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев баяндама жасады.
– Меркі ауданында «Ауыл аманаты» жобасына 7 ауылдық округ қатысқан. Малшаруашылығы бағыты бойынша 3 миллиард теңгеден аса қаржыға 30 мыңнан аса мал алынған. Жер пайдалану бағыты бойынша 49 миллион теңге игеріліп, 32-ден астам техника сатып алынып, бірқатар кооператив құрылған. Шағын кәсіпкерлік бағыты аясында 2024 жылдың соңына дейін 1,6 миллиард теңгенің 189 жобасы ұсынылып, 49-ы қаржыландырылған. Наубайхана, тігін цехы, жылыжай, техника жөндеу орталығы, сүт цехы секілді жобалар іске асырылған, – деді Керімқұл Мамырұлы.
Келесі кезекте Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаевтың баяндамасы тыңдалды.
– 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі уақытқа дейін жалпы 6,6 миллиард теңгені құрайтын 724 жоба қабылданып, 3,2 миллиард теңгеге 422 жоба қаржыландырылды. Жекелей айтар болсақ, жылыжай құрылысы бойынша 205,5 миллион теңгеге 28 жоба қаржыландырылды. Бір айта кетерлігі малшаруашылығынан бөлек өзге де кәсіптерге басымдық берілді. Жалпы 3 миллиард теңгеге 394 жоба іске асырылуда. Ауылшаруашылығы мен басқа да кәсіпкерлік салалар үшін 50-ден астам үлгілік жобалар тізбесі жасалды (тігін цехы, сұлулық салоны, наубайхана, сүт цехы, балабақша ашу және басқа да шағын кәсіптер). Сонымен қатар ауылдық округ әкімдері ұсынған ақпаратқа сәйкес, «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты шеңберінде тұрғындар жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын 189 жоба бойынша несие алуға өтінім білдірілген. Сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінде Меркі ауданында 797,2 миллион теңгені құрайтын 99 жоба бойынша құжаттар толық өткізіліп, қаржыландыруды күтуде. Жобаға қатысқан 7 ауылдық округте кооператив құрылған. Сұрат және Ақермен ауылдық округтерінде жалпы 233,9 миллион теңгеге өтінім беріліп, 32 техника толығымен алынған. Ақтоған, Ақарал, Жаңатоған ауылдық округтерінде ауылшаруашылығы техникаларын алуға 299,1 миллион теңгеге өтінім берілген. Осы қаражаттың 102,6 миллион теңгесіне әртүрлі 6 трактор алған. Бұдан бөлек кооператив төрағалары кепілдікке өздерінің техникаларын және жылжымайтын мүліктерін қойып, қажетті қосалқы техникаларға қол жеткізген. Қалған Тәтті және Кеңес ауылдық округтерінде 245 миллион теңгеге өтінім берілген қаражаттың бөлінуін күтуде, – деген Қайрат Арғымбаев 2024 жылы 10,5 миллиард теңге көлемінде, ал 2025 жылдың мамыр айына дейін 5 миллиард теңге сомасындағы несие қаражаттары республикалық деңгейде әлі күнге дейін түспегендігін айтып өтті.
Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Еркін Жылысбек кеңеске қатысушыларға «Ауыл аманаты» жобасының негізгі бағыттары мен нәтижелері туралы ақпарат беріп, 2025 жылға бағытталған жоспарлармен бөлісті.
– 2025 жылға жобаны жалғастыру үшін 5 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Осы қаржы есебінен 700-ден астам жобаны қаржыландыру көзделуде. Жобаларды сапалы іске асыру үшін барлық аудандарда жұмысшы топтар құрылып, 153 ауылдық округте скрининг жүргізілген. Сонымен бірге, ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікке арналған 50-ден астам үлгілік жоба дайындалып, тұрғындарға ұсынылған. Сондай-ақ облыста 4 кіші өндірістік аймақ құру жоспарлануда. Қазірдің өзінде бірқатар жоба жүзеге асырылып, 6,7 миллиард теңгеге 877 өтініш мақұлданған. Ал тауарды несиелендіру шеңберінде 18 шаруа қожалығымен келісім жасалып, ауыл тұрғындарына 71 аналық ірі қара мен 686 ұсақ мал берілген, – деді Еркін Жылысбек.
Бірлескен кеңес отырысын қорытындылаған Фарида Жүнісова «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының өңірлік Жол картасында 3 көрсеткіш негізінде енгізілгенін айтып өтті. Оның айтуынша 2025 жылдың бірінші тоқсанында аталмыш Жол картадағы көрсеткіштерге жасалған талдауға сәйкес, жобаның жүзеге асырылуы үшін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражатқа 740 өтінімді несиелендіру көзделген. Дегенмен биылғы жылы жобаның іске асырылуы үшін республикалық бюджеттен шамамен 15 миллиард теңге қаржы қажет екен.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ