Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тебіренткен Танакөз...

Тебіренткен Танакөз...
Автор
Апта басында Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры Тараз қаласына гастрольдік сапармен келді. Театр ұжымы қала тұрғындарының назарына Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы бойынша дайындалған спектаклін ұсынды. Қойылымның ерекшелігі – спектаклді поэма авторы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың өзі тамашалады.

А.Тоқпанов атындағы облыстық драма театрында сахналанған спектакльге жиналған көрерменнің қарасы қалың болды.

Қойылым басталмас бүрын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев белгілі ақын Мұхтар Шахановпен кездесті. Аймақ басшысы жылы жүздесуде қоғам қайраткерінің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше екенін атап өтті. Ол өз сөзінде көрнекті ақын әдебиетке, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын және егемендіктің елең-алаң шағында қазақ тілінің шын жанашыры, тіл майданының сардары болғанын жеткізді.

Айта кетсек, екі жыл бұрын драматург Мұхтар Шахановтың түркі ынтымағына сіңірген еңбегі ескеріліп, Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында оған Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілген еді.

Мұнан соң қазақ әдебиетінің алтын қазынасына енген туынды – «Танакөз» поэмасын астаналық өнерпаздар сахнада тірілтті. «Үшеу едік. Қайда барсақ – қасымызда Танакөз, Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез» деп поэмада айтылғандай, мелодрама жанрындағы спектакль қазіргі қоғам шөліркеген рухани қажеттілікті осы үшеудің арасындағы «Дос» ұғымы арқылы шегелеп ұғындырып берді.

Қойылым мазмұны бойынша әкеден ұласқан достық Мұхтар мен Мұраттың арасында өрбиді. Екеуі жастайынан егіз қозыдай қатар өседі. Екеуінің ортасында көзі танадай Танакөз де бірге бойжетеді. Мектеп бітіріп, ересек өмірге аяқ басқан екі достың көңілі Танакөзге түсіп, бір-бірінен жасырады. Екі жүрек – Танакөзге ғашық. Әркімнің қолы жетпейтін шынайы махаббат үшін ұзақ жылғы достықтан баз кешу мүмкін бе? Бірақ Мұрат тел өскен досының Танакөзге ғашық екенін біліп, қаладан енді келген Зеркүлге үйленіп, отау құрады. Сезімін іште тұншықтырып, достықты биік қойған Мұраттың бұл шешімі Мұхтар мен Танакөз тағдырының қосылуына ықпал ете алмады. Ал араларында сезім болмаған Мұрат пен Зеркүлдің өмірі бір арнада тоғыспады. Трактордың астында қалып, екі аяғынан бірдей айырылған Мұраттың қайғысына шыдамай, анасы қайтыс болады. Сонша қиындықтан кейін Зеркүлге деген көңілінің болмағанын айтып, кетуін өтінеді. Ал Мұхтар жан досының мұндай трагедияға ұшырағанына бейжай қарамай үйіне келсе, Мұраттың қасынан Танакөзді көреді. Ақырында екі ғашықтың бір-біріне сезімі барын түсінеді. Осылайша үшеуі аспанға ақ көбігін шашып тұрып ағатын Ақсу өзенінде тағы да балаша ойнайды. Спектакль осылай тәмамдалды.

Декорацияның бірегей ерекшелігі – сахна ортасында су элементінің соңына дейін қолданылуы. Бұл элемент кейіпкерлердің ішкі күйзелістерін, өмір мен өлім арасындағы шиеленісті, сондай-ақ оқиға ағымының динамикасын бейнелеу үшін ерекше маңызға ие болды. Сонымен қатар орындықтар мен шелектің қолданылуы сахналық қимылдарда функционалдық рөл атқарды. Билер сахнасында орындықтар мен шелектер бейнелі түрде қосымша рөл атқарып, кейіпкерлердің эмоционалдық жағдайын, олардың арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісін көрсетуге қызмет етті. Мұндай көркемдік шешімдер сахналық кеңістіктің мағыналық тереңдігін арттырып, жалпы спектакльдің эстетикалық құндылығын жоғарылатты.

Спектакльдегі жарықтандыру элементі өнер туындысының визуалдық қабылдауына елеулі әсер етті. Жарықтың қарқындылығы мен бағытталуы сахнадағы эмоциялық атмосфераны қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Бұл аспект спектакльдің жалпы эстетикалық құндылығын жоғарылатып, сахналық көріністің айқындылығын қамтамасыз етті.

Режиссер Әли Бидахметтің жетекшілігімен спектакль көңіл тебірентер, шынайы болып шықты. Мұхтар кейіпкерін сомдаған актер Серік Мақсатов өз образын шеберлікпен, жеңіл әрі шынайы сомдады. Актер өз кейіпкерінің психологиялық және эмоционалдық күйін терең сезініп, оны шынайы әрі нанымды түрде жеткізді.

Мұрат рөліндегі актер Әмірхан Оразбақтың өнері көрермен сенімін толық ақтады. Актер кейіпкерінің тағдырын жанымен сезінгені байқалып тұрды.

Танакөз рөліндегі актриса Ділназ Ертаева да өз бейнесін шынайы әрі терең түрде сомдай отырып, кейіпкердің психологиялық күрделілігін айқын көрсетті. Оның актерлік шеберлігі спектакль барысында эмоциялық диапазонды толық қамтып, көрермендердің назарын өзіне тартты. Актрисаның ойын барысында физикалық және эмоционалдық экспрессиялардың үйлесімділігі көрерменнің танымдық тәжірибесін байытты, нәтижесінде Танакөз образының шынайылығы мен шынайы сезімдері ерекше әсер қалдырды.

«Қадірлім-ау, сенің іңкәр махаббатың алдыңда,

Сенің ұлы дос жүрегің алдыңда,

Асқар таулар басын исін,

Басын исін! Түгі де жоқ таң қалар,

Екеуіңнен асқақ емес, биік емес енді олар!

Сендер өшпей жаныңдаршы,

Сендер бақыт табыңдаршы,

Онсыз өмір мәнді ме?

Екеуіңнен бұл бақытты егер титтей қызғансам,

Соқыр болып қалсын көзім мәңгіге!

Кез келгеннің қолы жетпес,

Кез келгеннің жолы жетпес,

Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан,

Құлатпашы мені мәңгі осы биік сатыңнан,

Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан!» деп спектакль бойы автор бейнесінде «Танагөз» поэмасынан үзінділер оқып, қойылымның маңызын арттыра түскен Ильяс Мұратбек пен Ақжол Амантайдың да есімі аталуға тұрарлық.

Тима есімді кейіпкерге де көрерменнің ерекше назары ауды. Оның «Мұрат комбайнның астында қалып қалды» деген сөздері жүректен шыққандай естілді. Актер өз кейіпкерін сүйкімді әрі қызықты етіп, спектакльдің соңына дейін сомдай білді. Алайда Мұхтардың чемоданын жинап, кеткелі жатқан сәтінде Тиманың «Мен де барайыншы» деген репликасы драматизмнің күшеюіне кедергі келтіргендей көрінді.

Мұрат пен Мұхтар арасындағы конфликт толық ашылды, ал төбелес сәтінде екі кейіпкердің киімдері жыртылып, көздеріндегі реніш, іштеріндегі айта алмаған сөздері һәм сезімдері көрініп тұрды. Спектакль ортасындағы реквизиттер – төсек, чемодандар, сүт сауатын құрылғы және тағы басқа дүниелер ауыл мәдениетінің шынайы көрінісін берді.

Қойылымның соншалықты әсерлі шығуында музыкалық сүйемелдеу де айрықша рөл атқарғанын айта кеткен жөн. Көңіл қылын шертетін баяу, мұңлы әуендер онсыз да тебіреніп отырған көрерменнің көзіне еріксіз жас үйірді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар