
Автокеруеннің ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төралқа мүшесі Амангелді Карентаев қатысып, автокеруен жұмысына сәт-сапар тіледі.
– Ардагерлерге тағзым ету – біздің азаматтық борышымыз. Бұл керуен – «Жеңістің 80 жылдығына – 80 ізгі іс» акциясы аясындағы игі бастаманың бір бөлігі. Біз бұл арқылы қоғамды жұмылдыра отырып әрбір ардагерге шынайы көңіл бөліп, құрмет көрсетуді мақсат еттік. Ардагерлердің ерлігі мен еңбегі мәңгілік ел жадында сақталады. Бұл бастама – жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге де бағытталған, – деген Дауыл Ынтықбайұлы сұрапыл жылдардағы майдангерлер ерлігі мәңгі ұмытылмайтынын жеткізді.
Ал облыстық қоғамдық кеңестің төралқа мүшесі Амангелді Карентаев соғыс пен тыл ардагерлеріне тек алғыс айтып қана қоймай, нақты көмектесуіміз қажеттігін жеткізді.
– Ардагерлердің қажырлы еңбегі мен ерлігін қадірлеу – еліміздің рухани тұтастығын нығайтатын маңызды қадам. Ең бастысы – жастар осындай бастамалардан үлгі алып, елге қызмет етуді үйренуі керек, – деп жолға шыққалы тұрған әлеуметтік автокеруеннің жұмысы оңынан болуын тіледі.
Айта кетейік, керуен құрамында білікті дәрігерлер, заңгерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, «Jastar ruhy» жастар қанатының белсенділері, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері бар.
«Ардагерлерге мың алғыс» әлеуметтік керуені аясында облыс аумағындағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары, тыл еңбеккерлері және шалғайдағы елді мекен тұрғындары білікті медицина мамандарынан көмек алды, заңгерлер әртүрлі мәселелер бойынша кеңес берді.
Керуен 15-17 сәуір аралығында облыстың 10 ауданын аралады.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ