Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шекара маңындағы сауда қалай дамуда?

Шекара маңындағы сауда қалай дамуда?
Автор
Шекара маңындағы сауданы және шекара маңындағы ауылдарды дамыту мемлекет үшін өте маңызды. Өйткені маңайдағы елмен арада болатын алыс-беріс, барыс-келіс кезінде жергілікті жердегі тұрғындар өзгенің сапасыз әрі арзан тауарына малданбайды, заңсыз сауда мен ішкі нарық, отандық өнім мәселесі де назарда ұсталады. Шекара маңындағы сауданың дамуы көрші елдер арасында тауар алмасуды жандандырып, жергілікті өнім өндірушілердің кәсібін өркендетуіне мол мүмкіндік береді.

ЕЛ ШЕБІНДЕГІ АУЫЛДАР АРТТА ҚАЛМАУЫ ТИІС

Мұндай жердегі ресми жұмыс істейтін базарлар мен өткізу орталықтары контрабандалық жолмен тауардың әрлі-берлі шекара асуына тосқауыл болады. Салық есебінен ел қазынасына түсетін қаржы көлемі де артып, тұтынушылардың сапалы әрі қауіпсіз өнім тұтынуы жолға қойылады. Бастысы шекара маңындағы сауда дұрыс жолға қойылса, отандық өнім өндірушілерге қолдау күшейсе, елді мекендерде кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарады. Ауылшаруашылығы өнімдері мен жергілікті өнеркәсіп тауарлары өз елімізде ғана емес, шекаралас елдерде де сұранысқа ие болып, отандық брендтердің беделі артады. Ішкі нарықты қамтамасыз етуде өзімізден артылған отандық өнім сыртқа шыға бастайды. Бұл ретте инфрақұрылымы бар, тиісті жағдай жасалған шекара маңындағы ауылдарда тұрғындар туған жерінде тұрақтап қалады.

Әулиеата өңірінде бірнеше аудан өзге елмен шектесетін болса, оның ішінде Жамбыл ауданы да бар. Бүгінде бұл ауданның құрамына 13 ауылдық округ пен 29 елді мекен кіреді. Географиялық тұрғыдан Жамбыл ауданының Қызылқайнар, Гродеково, Бесағаш және Айша бибі ауылдары Қырғыз Республикасымен шекаралас. Атап айтқанда, ондағы Қызылқайнар, Жасөркен, Гродиково, Қызылдихан, Бесағаш және Қаратау елді мекендері қырғыз елімен шектеседі. Міне, осы ауылдық округтерде шекара маңындағы сауданы дамыту ісі қалай жүргізілуде? Біз осы жайлы аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбайдан сұраған едік. Бөлім басшысының айтуынша, аталған ауылдық округтерде шекаралық аймақтардағы кәсіпкерлікті қолдау үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар тиімді іске асуда. Нәтижесінде ауыл тұрғындары кәсіптерін өз шама-шарқынша дөңгелетіп отыр.

– Мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті өнім өндірушілердің қатарының көбеюіне мүмкіндік беруде. Осылайша кәсіпкерлік саласын дамыту шекара маңындағы ауылдардың да экономикалық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әрі өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпал етіп келеді. Біз кәсіпкерлерді қолдау үшін барлық мүмкіндіктерді жасап отырмыз және оларға қандай мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы тіршілік жасауға болатыны жөнінде қажетті ақпаратты жеткізіп, барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Қазіргі таңда шекара аймағындағы кәсіпкерліктің аяқалысы біршама жақсарған. Мысалы, аталған Қызылқайнар, Жасөркен, Гродеково, Қызылдихан, Бесағаш және Қаратау елді мекендерінде 750-ге жуық шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде 50 кәсіпкерлік нысан белсенді жұмыс істеп тұр. Тарқата айтсақ, 6 жанар-жағармай құю бекеті, 24 сауда дүкені, 1 дәріхана, 2 сұлулық салоны, 2 мейрамхана, 2 монша, 2 жекеменшік балабақша және 10 өндіріс орны бар. Әсіресе Гродеково ауылындағы «Тимофеев» шаруа қожалығының сүт өнімдері өндірісі мен «Асланбек-08» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өңдеу және шұжық өндіру ісі аймақ экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Бұдан бөлек, «Алмалы Ресорт» демалыс орталығы мен «Сан-дель» балықшаруашылығы туризм мен ауылшаруашылығы салаларының дамуына серпін беруде. Қызылқайнар ауылындағы «Арнұр» балықшаруашылығы кешені де халықтың сұранысына ие кәсіпкерліктің біріне айналды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына қажетті құрылыс материалдарын өндіру мақсатында кірпіш өндірісі де жолға қойылған. Аудан әкімдігінің жоспарына сәйкес, шекара маңындағы ауылдарда 2025 жылы жалпы құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл жобалар аясында 40-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жоспарланған жобалар қатарында 2 балықшаруашылығы кешені, 2 сауда орны, 1 сүт өңдеу цехы, 1 көкөніс сақтау қоймасы, 1 демалыс орны және 1 кірпіш зауыты бар. Қазіргі таңда инвесторлар тиісті жер телімдерін алып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Біз болашақта бұл жобаларды одан әрі дамытуға күш салып, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға өз үлесімізді қосатын боламыз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасады, – дейді Қуат Қанатұлы.

Бөлім басшысының берген мәліметіне сүйенсек, бұл ауылдарда бүгінгі таңда халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Шекара маңындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалар да нәтижелі іске асырылуда. Ол жайлы да тарқата айтып берді.

– «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде 16 және 15 пайыздық мөлшерлемемен несие беру қарастырылған. Оның 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Қаржыландыру «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Ауылшаруашылығы саласына бағытталған жобаларға қолдау ретінде «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер ұсынылуда. Жас кәсіпкерлер үшін де кәсіп бастауға жол ашық. Бұл ретте 35 жасқа дейінгі азаматтар 2,5 пайызбен несие ала алады. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының 5-бағыты аясында да төмен пайызбен несие беру тетігі қарастырылған. Өткен жылы шекара маңындағы ауылдарды қолдау мақсатында кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі ұлттық жоба аясында 250 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 жоба мақұлданып, 29,6 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ал биыл шекаралық аумақтардан 28 жаңа жоба қабылданып, оларды қаржыландыру жоспары жасалды. Шекара маңында орналасқан ауылдардың халқы негізінен егін және малшаруашылығымен айналысады. Бұл салалар елді мекендердің негізгі табыс көзі саналады. Анығын айтқанда, Гродеково ауылдық округінде балықшаруашылығы мен демалыс орындары қарқынды дамып келеді. Мұның бәрі ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік беруде, – дейді Қуат Қанатұлы.

ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН ДЕГЕН АТЫ ҒАНА

Осы ретте біз Гродекова ауылында жұмыс істеп тұрған әлеуметтік дүкен иесі Мейргүл Сүлейменовамен тілдесуді жөн көрдік. Алайда өзін Мейргүл Айдосқызының күйеуімін деп таныстырған Талғат есімді азамат дүкенде тұрақтандыру қорының бір де бір тауары жоқ екенін сөз етіп, бар шындықты жайып салды.

– Дүкен 2022 жылы ашылды. Өз қаржыма осы нысанды салып жатқанда аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінен мамандар келіп, «Дүкеніңізді әлеуметтік дүкен етіп ашыңызшы, біз сізге тиісті қолдау көрсетеміз. Өңірлік тұрақтандыру қорының 19 түрлі тауарын беріп тұрамыз» деп өтініш жасап, бар уәдені үйіп-төкті. Осылайша нысанның маңдайшасына «Әлеуметтік дүкен» деп жарқыратып жазып қойдық. Одан кейін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының әлеуметтік дүкендер рейстіріне дүкенімді енгіздік. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы төмендетілген пайызбен 15 миллион теңге берді. Бұл енді айтарлықтай қолдау. Дегенмен келісімшарт бойынша алған несиемізді бір жылдың ішінде жауып тастадық. Алайда халыққа төмендетілген бағада тауар ұсыну үшін өңірлік тұрақтандыру қорының тауарын алудың қамымен баспаған тауым, қақпаған есігім қалмады. Қай жерге барсам да «тауар жоқ» деген жауап алдымнан шыға берді. Бір мәрте аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінен мамандар «екі қап қант алып кетіңіз» деп хабарласты. Сол кезде облыста қант қат болып тұрған кез еді. «Қантты көбірек беріңіздер, екі қапқа бола жол шығынына батқым келмейді» дегеніме мамандар көнбеді. Екі аптада екі мәрте барып, екі қаптан төрт қап қана қант алып келдім. Оны шекті бағдан асырмай сатып, екі барғанымда 350 теңгеден 700 теңге ғана пайда таптым. Бірақ, көліктің жанармайына екі мың теңгеден 4 мың теңге жұмсалды, айналып келгенде 3 300 теңгеге шығындалдым. Менің бар ойым, қысылтаяңда белсенді жұмыс істесек, арзандатылған бағадағы тауарға тұрақты түрде қол жеткіземіз деген ой еді. Өйткені қай жерде баға арзан және сапалы тауар бар болса, тұтынушы сол жерге келеді. Алайда сол төрт қап қанттан кейін бізге бір түйір тауар берілген жоқ. Осы мәселені көтеріп, сол кездегі облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің де қабылдауында болдым. Бірақ мәселем шешімін таппады. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының жауапты мамандары «Біз өңірлік тұрақтандыру қорының 19 түрлі тауарын тек қаладағы әлеуметтік дүкендерге ғана береміз» дегеннен ары аса алмады. Сонда қала халқы мен ауыл халқының айырмашылығы неде, ауылдықтардың жазығы не? «Әлеуметтік дүкен» деген аты болған соң тауарды әлі күнге дейін барынша төмен бағада сатып жатырмыз. Бір байқағаным, осы дүкен ашылғалы ауылдағы өзге дүкендерде шарықтап тұрған баға айтарлықтай төмендеді. Бірақ қаладағы өзге әлеуметтік дүкендермен салыстырғанда біздегі тауар бағасы одан жоғары болғандықтан кейбір ауыл тұрғындары сауда жасауға келіп: «Қаладағы әлеуметтік дүкенге қарағанда бұл дүкенде баға неге қымбат? Тауарды неге қымбатқа сатып жатсыңдар? Адамда ынсап деген болу керек қой» деп ұрсып кетеді. Біз жеке кәсіпкер ретінде әкімдікпен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайынбыз. Ол үшін жергілікті атқарушы органдағы жауаптылар берген уәдесінен таймауы керек, – деді ол.

Біз дүкен иесінің күйеуімен тілдескеннен кейін аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбайдың жоғарыда сөз еткеніндей, ауданның шекара бойында орналасқан елді мекендеріне тиесілі шағын және орта бизнестің дамуы көңіл көншітерлік жағдайда екеніне, шекара маңындағы елді мекендердегі кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде қандайда бір артықшылық беріліп жатқанына күмәнмен қарадық. Осыдан кейін аталған бөлім басшысына қайта хабарласып, мән-жайға қанықпақ болдық.

– Бұрын ауданда 4 әлеуметтік дүкен ашылып, оның бірі жабылып қалған болатын. Ол дүкен қазіргі таңда Тараз қаласының құрамына енген бұрынғы Жамбыл ауылдық округінде еді. Ал қазіргі таңда ауданда 3 әлеуметтік дүкен бар. Олар Аса Айша бибі, Гродекова ауылдық округтерінде орналасқан. Бізге әлеуметтік дүкен иелері күнделікті тұтынуды қажет ететін арзандатылған бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде өтінім жасайды. Біз олардың өтініші негізінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына ұсыным береміз. Ары қарай мәселенің шешілу-шешілмеуі солардың құзырында. Менің білуімше аудандағы әлеуметтік дүкенге тұрақтандыру қорының тауары бір-ақ мәрте берілді. Оның себебі өңірлік тұрақтандыру қорында азық-түліктің жеткілікті болмауымен байланысты болса керек, – деді Қуат Қанатұлы.

Кезінде Жамбыл ауданындағы әлеуметтік дүкеннің не себепті жабылғаны айтпаса да түсінікті. Әлеуметтік дүкен ашылып, онда бағасы қымбат тауар сатылып жатса, ондай дүкенге кім барады?!

Осыдан кейн біз «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы өңірлік тұрақтандыру қорының директоры Жарқын Әбдіжапарға хабарласып, болып жатқан мән-жайдан хабардар еттік. Ол алдағы уақытта бұл дүкен облыстық комиссияның қаралымына шығарылатынын, мәселе пысықталатынын жеткізді.

– Жалпы заң талабы, қолданыстағы қаулы бойынша ауылдық жердегі әлеуметтік дүкендерге интервенция жүргізілмейді. Сондықтан күнделікті тұтынуды қажет ететін 19 түрлі тауар тек қана қала және моноқалалардағы әлеуметтік дүкендерге ғана беріледі. Десе де алдағы уақытта ауылдық жердегі әлеуметтік дүкендерді де өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлігімен қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасымен бірлесе тиісті жұмыстарды жүргізілетін болады, – деді Ж.Әбдіжапар.

Мына хабар көңілді біршама жайландырып тастады. Шекара аймақтарында сауда қатынастарының дамуы ішкі нарыққа, ел экономикасына оң әсер ететінін ескерсек, ең алдымен мұндай жердегі кәсіп иелеріне қолдан кедергі жасамауымыз керек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар