Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ерен ерлік иелерін елі ескерер

Ерен ерлік иелерін елі ескерер
syrboyi.kz
Адамзат тарихындағы қанқұйлы соғыстар өзінің қисапсыз шығынымен есте қалды. Өткен ғасырдың орта шенінде бұрқ ете қалған екінші дүниежүзілік соғыс та миллиондаған адамдардың өмірін жалмады. Дегенмен Еуропаны көктей өтіп, КСРО сынды алып державаны басып алып, бүкіл дүниеге өз үстемдігін жүргізбек болған фашистік басқыншыларға Кеңес одағының халқы қарсы тұра білді.

Осы соғыста алып империяның құрамындағы Қазақстаннан 1 336 164 отандасымыз фашизмге қарсы қолына қару алып күресті. Олардың жартысына жуығы, яғни 602 928 жауынгер ұрыс алаңдарынан қайтып оралмай, жат жерде көз жұмды. Дереккөздер 1941-1945 жылдары қазақтардан 130 мыңнан астам адам қаза тапты дейді.

Сол жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиялары және 7 атқыштар бригадасы, 50 жеке полк, соның ішінде 2 артиллериялық дивизион, 4 минометтік дивизион, 3 авияциялық полк, 14 жеке батальон құрылды. Оның ішінде республиканың қаражаты есебінен екі атқыштар бригадасы және 3 кавалериялық дивизия жасақталды.

Ұлы Отан соғысының халыққа әкелген ауыртпашылығы орасан еді. Тепсе темір үзетін ер адамдар майданға аттанып, бар салмақ қарттарға, қыз-келіншектерге, жас балалардың мойнына түсті.

Соғыс жылдарында біздің 497 отандасымыз «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды деп есептелді. Ұлты бойынша жіктесек, олардың 280-і орыс, 96-сы қазақ, 86-сы украин, 45-і басқа ұлт өкілдері. 113 қазақстандық 3-дәрежелі «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Бірақ соңғы зерттеулер барысында жаңартылған мәліметтер бойынша, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасаған ерліктері үшін 103 қазақ «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болған.

1990 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша «Кеңес Одағының Батыры» атағы қайтыс болғаннан кейін аты аңызға айналған атақты қазақ қолбасшысы Бауыржан Момышұлына берілді.

Осы жоғары атаққа ерліктерімен лайықты болып, бірақ кеңестік кезеңде оны алмаған кейбір батырлар тәуелсіз Қазақстанда «Халық қаһарманы» атағына ие болды. Олардың қатарында  Сағадат Нұрмағамбетов (1994 ж.), Қасым Қайсенов (1995 ж.), Бақтыораз Бейсекбаев (1998 ж.), Рақымжан Қошқарбаев (1999 ж.), Хиуаз Доспанова (2004 ж.) бар.  

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ыбырайым Сүлейменовке қайтыс болғаннан кейін 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін – «Халық қаһарманы» атағы берілді.

КСРО Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатының (қазіргі РФ ҚМ ОА) құжаттарынан «Жоғарғы құпия» грифы алынып тасталғаннан кейін көптеген шындық ашылып, арнайы жобалар сайттарында орналастырылды.

2010 жылы Мемлекеттік тілді дамыту қорының қолдауымен елімізде «Халық батыры» патриоттық акциясы өткізілді. Мақсаты 1941-1945 жылдары өткен соғыстағы қазақстандықтардың ерліктерін дәріптеп,  тың деректер табу еді. Бұрынғы одақтың соғыс болып өткен ұлан-ғайыр аумағында, Еуропаның көптеген елінде миллиондаған белгісіз және аты сақталмаған жас батырлар мәңгілікке қалды. Соғыс болып өткен жерлерде іздестіру жұмыстары әлі күнге жүргізілуде.  

Зерттеу барысында соғыс жылдары «Кеңес Одағының Батыры» атағына ерлігі үшін ұсынылып, бірақ белгісіз себептермен басқа марапат түрлерін алған 133 қазақстандық жауынгер анықталды. Олардың 8-і жамбылдық жауынгерлер екен. Олар – шулық Шахан Әлішев, Мұсабек Айтқұлов, Сұлтанбай Ысқақов, байзақтық Үмбетқұл Жиенбаев, жамбылдық Әбдрахман Каргулин, Ташан Рамазанов, Сұлтан Маматалиев, қордайлық Ургалбай Умекеев еді.

Жамбыл облыстық архивінде 1941 жылы 22 маусым күні-ақ кешкілік Шу ауданындағы «Түрксіб ауыл шаруашылық артелінің» мүшелері Әблезов, Жұмабаев, Лаванов, барлығы 15 адамның өздерін майданға жіберуге өтініш жазған дерегі бар. Артынша бүкіл облыстың түкпір-түкпірінен ашу-ызаға булыққан жұртшылықтан майданға жіберуін өтінген өтініштер молайды. Соғысқа Шу аудандық әскери комиссариатынан 5 014 азамат әскерге алынған. Солардың бірі – өрімдей  жас Мұсабек Айтқұлов болатын.

Атқыштар батальонының бірінші нөмірлі қол пулеметшісі Мұсабек Айтқұлов 1944 жылдың шілде айында кезекті ұрыста ерекше ерлігімен көзге түседі. Бұл ерлік жайлы 1944 жылы 8 қыркүйектегі марапаттау парақшасында былай деп жазылған:

«1944 жылы 19-25 шілде аралығында, алты күн бойы Волын облысы мен Польша аумағында кескіліскен шайқас болды. Мұсабек Айтқұлов 1925 жылы туған, 3-Гвардиялық Армия 81-Калинковическ дивизиясы 21-атқыштар корпусы 410-атқыштар полкі, 1- атқыштар батальонының бірінші нөмірлі қол пулеметшісі. 1943 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы әскери комиссариаттан шақырылған.

19 шілдеде біздің әскер Волчек елді мекені үшін жан аямай күресті. Біздің отандасымыз, сержант Мұсабек Айтқұлов батылдық танытып, көптеген ерліктер жасады. Мұсабек енді ғана 18 жасқа толған бозбала болатын. Соған қарамастан, ол өзін батыл жауынгер ретінде көрсетті. Бір өзі село шетіне бұзып-жарып кіріп, қоян-қолтық ұрыста өзінің пулеметімен тек 15 немістің көзін жойып қана қоймай, жаудың ақаусыз пулеметін қолға түсірді.

Екі күннен кейін, 21-22 шілдеде Лукашин елді мекенінің жанында 7 сағат бойы қол пулеметімен взводтың іргесінде жаудың 19 шабуылын тойтарды, 30-ға жуық немістің жауынгері мен офицерінің көзін жойды, алға жылжып, өлген жаудың қол пулеметін қолға түсірді. 23 шілдеде ол тағы да Тыщовцы елді мекеніне баса-көктеп кіріп, жаудың шабуылының бетін қайтарып, 7 неміс жауынгерін жойды.

24 шілдеде ескі Антоновка және жаңа Антоновка ауылдары жанындағы жау шебіне шабуыл жасау кезінде тағы да ерлік көрсетті. Бірінші болып жауға қарсы тұрып, қоян-қолтық ұрыста пулемет пен гранаталармен қимылдап 12 жаудың көзін жойды, бір неміс офицері мен жауынгерін тұтқынға түсірді. Осы шайқаста немістердің екі рет қарсы шабуылға шығу талпынысына тойтарыс берді, жаудың 20-ға жуық жауынгері мен офицерінің көзін жойды. 25 шілдеде Замостье қаласын алу үшін шайқаста Мұсабек Айтқұлов бірінші болып шабуылға шықты, алғашқы ұрыста пулемет пен гранаталармен 10-ға жуық немістің көзін жойып жіберді. Жаудың станокты пулеметін олжаға түсіріп, рота старшинасына тапсырды. Қала үшін шайқас барысында 19 жауынгер мен офицердің көзін жойып,  бір автомашинаны қиратты. Сержант Мұсабек Айтқұлов «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленуге лайықты.

410-ыншы атқыштар полкінің командирі,
подполковник Марков
8 тамыз, 1944 жыл»

 

Алайда жаумен арыстанша айқасқан жаужүрек жауынгердің ерлігі  1944 жылдың 20 қыркүйегінде «III дәрежелі Богдан Хмельницкий» орденімен бағаланған.

Жауынгер Жеңіс күнін майдан даласында қарсы алды. Кеудесін қуаныш кернеген Мұсабекті оттай ыстық Отаны күтіп тұрған еді. Ол майданнан келе сала бейбіт өмірдің тірлігіне кірісті. Ленин атындағы колхоздың есепшісі, кейіннен ферма меңгерушісі болып ұзақ жыл еңбек етті. Ел ырысы жолындағы еселі еңбегі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен аталып өтілді. Бейбіт адамдардың арасында Мұсабектің абыройы асқақ еді. Ол әділ, турашыл мінезімен көптің ықыласына бөленді. Құдай қосқан қосағы Зейнеппен 10 ұл мен қызды тәрбиелеп қатарға қосты. Соғыста алған ауыр жарақаты сыр беріп, 1982 жылы дүниеден озды.

Жоғарыда аты аталған тағы бір шулық Сұлтанбай Ысқақов 1915 жылы Шу өңіріндегі Көктөбе ауылында дүниеге келген екен. Бұрынғы Ленин ұжымшарында алғашқы колхозшылардың қатарында механизатор болып еңбек етті. Соғыс бұрқ ете қалған жылдың күзінде әскер қатарына алынады. Сол жылдың қазан айынан келер жылдың жазына дейінгі аралықта 105-атты әскер кавалерия дивизиясының құрамында әскери оқу-жаттығудан өтеді. Бұл дивизияның Жамбыл қаласында құрылғаны мәлім. Жамбыл облыстық архивінің 282-қорының 1-тізіміндегі 29-бума,  453-істе Жамбылда 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтауға байланысты атқарылған жұмыстар жайлы мәлімет сақтаулы. 20 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша, 750 сарбаз дивизия құрамына өткен. Сол жастардың бірі – шулық Сұлтанбай Ысқақов еді.

Жаз айында дивизия Мәскеу әскери округінің құрамына келіп қосылды. 105- кавалериялық атты әскер дивизиясының командирі болып полковник Владимир Калашников тағайындалды. Жау бұл кезде Мәскеуден 200 шақырым қашықтықта жолындағысын жайпап, ентелеп келіп қалған болатын. Дивизия құрамындағы 4 165 адам қайтадан шұғыл әскери дайындықтан өткізілді. Өйткені Мәскеу маңында өте ауыр ұрыстар болатындығы анық еді. Мәскеуге қарай шегінген әскери бөлімдердің шығындары ұлғайып, оларды қайта толықтыру қажеттілігі артты. Тылдан жаңа келіп жатқан әскери күштер осы мақсатқа жұмылдырылды.

Азаматтық соғыс жылдары атты әскердің қандай күшке ие болғанын білеміз. 1941 жылы атты әскердің соғыс техникасымен мұздай қаруланған жауға қарсы шабуылы орасан қиындық тудырған. Біздің Жамбылдан барған 105-ұлттық атты әскер дивизиясы да осындай мақсатпен әскери құрамалардың қатарына берілді. 1942 жылы майдандағы алғашқы шайқастардан кейін Мәскеу түбінде толықтырылып, 6-гвардиялық әуе десанты дивизиясы болып қайта құрылды. 1942-1943 жылдары Старая Русь қаласы түбіндегі және Курск шайқастарына,  Белгород-Харьков бағытындағы жойқын шабуылдарға қатысты. Қатардағы жауынгер                 С.Ысқақов 417-Сиваш атқыштар дивизиясының 1372-атқыштар полкінің 3-атқыштар батальонының құрамында соғысқа кіреді. Бұл дивизия соғыс уақытында Тбилиси қаласында жасақталған болатын. Солтүстік Кавказ майданында 58-армия құрамында 417-атқыштар дивизиясы Кубан, Қырым, Украина, Балтық жағалауы елдерінің қалаларын жаудан азат етті. Осы ұрыстар барысында қазақ жауынгері  С.Ысқақов бірнеше мәрте ерлік көрсетіп, батылдық танытады.

Ол өзінің майдандағы айрықша ерлігін 1944 жылдың сәуір айында Сиваш көлінен өту барысында көрсетті. Оның бұл ерлігі қолбасшылық тарапынан былай бағаланды:

«1944 жылдың 8 сәуірінде  3- атқыштар батальоны алға қойылған міндетті орындай отырып, Сиваштан өтті. 9 сәуірде жауды бірінші траншеядан ығыстырып, 14,9 белгісі маңындағы дұшпан қорғанысының қойнауында ұрыс жүргізді. 13,5 белгісінің батыс беткейінде мықты бекініс торабынан жау пулемет және минометтен оқ жаудырып, батальонды бас көтертпей тастады. Әсіресе 8-атқыштар ротасының шабуыл шебінде қиын жағдай туды. Мұндай жағдайды көрген 3-атқыштар батальонының политругі С.Ысқақов жаудың бораған оғына қарамастан, еңбектеп жауынгерлерге жетті. «Отан үшін! Соңымнан еріңдер!» деп ұран салып, 8- ротаның жауынгерлерін алға бастады. Жау оғының астында жатып қоршау сымды кесіп өтті де, жүгірген қалпы дұшпанның траншеясына қойып кетті. Соңынан жауынгерлер де жетіп, траншея ішінде ұрыс басталды. Сол ұрыста С.Ысқақов жолдастың бір өзі гранатпен және автомат оғымен 52 фашисті өлтірді, жаудың 2 пулеметін және танк ататын расчетты жойды, 7 неміс солдатын тұтқынға алды. Екі сағаттық ұрыста 25 жауынгерді ерлікке бастады, дұшпанның қарсыласу торабы талқандалып, тек батальонның ғана емес, бүкіл полктің ілгері басуына мүмкіндік берді.

1944 жылы 18 сәуірде Микензия ауданында болған ұрыстарда кіші лейтенант С.Ысқақов үш жауынгермен ДОТ-ты қоршау үстінде жараланды. Жарақатына қарамастан, өз тобымен бірге алға қойылған міндетті орындай берді. ДОТ-тың аузына танкіге қарсы қолданылатын гранат тастап, оның расчетын жойып жіберді. Дәл сол күні жаудың қарсы шабуылын тойтара отырып, кіші лейтенант С.Ысқақов жанғыш сұйығы бар шөлмекпен жаудың танкін өртеп жіберді, өзі қайтадан ауыр жарақаттанды.

«Кеңес Одағының Батыры» атағына лайық.

Полк командирі, подполковник Баранов,
13 мамыр, 1944 жыл».

 

Полк комндирі, подполковник Барановтың бұл ұсынысын 417-Сиваш дивизиясының командирі, генерал-майор Бабраков та, 63-атқыштар корпусының командирі, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Кошевой да Сұлтанбай Ысқақовтың ерлігін «Кеңес Одағының Батыры» атағын алуға лайық деп тұжырым жасады. Бұл шешімді Армия әскери кеңесінің мүшелері де қолдаған. Алайда 4-Украин майданының қолбасшылығы кіші лейтенант Сұлтанбай Ысқақовтың ерлігін «Қызыл Ту» орденіне лайық деп тапқан. Сөйтіп, 1944 жылдың 9 қыркүйегінде С.Ысқақов жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Бір ұрыста бір ғана өзінің 52 фашистің көзін жоюы асқан ерлік емес пе?! Иә, бір ғана ұрыстың өзінде осыншама фашисті жер жастандырған алапат ерлік еленбей қалған. Неге?

Соғысты Еуропа төрінде аяқтаған кіші лейтенант Сұлтанбай Ысқақов туған елге жеңімпаз майдангер ретінде оралды.  Ленин ұжымшарында бригадир, одан соң ұзақ жыл Шоқпар астық кеңшарының белді мамандарының бірі болды. 1995 жылы дүниеден озады. Бүгінде Шоқпар ауылында бір көше майдангердің есімімен аталады.

2020 жылы белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлының қолдауымен  «Кеңес Одағы Батыры» атағына ұсынылған, бірақ әртүрлі себеппен осы құрметті марапатқа ие болмаған Ұлы Отан соғысына қатысушы  қазақстандықтар туралы «Ұмытылған қаһармандар» атты кітап жарық көрді. Кітапта ерліктері баяндалған  8 жамбылдық майдангер жайлы Жамбыл облыстық мемлекеттік архиві тарапынан шығарылған «Ерлік ескірмейді» атты жинақта да қамтылды. Біз бүгін сол сегіздің қатарында шулықтар Мұсабек Айтқұлов пен Сұлтанбай Ысқақов туралы ғана сөз еттік. Осы 8 жауынгердің қай-қайсысы болсын ерен ерліктің иелері екеніне көз жеткізесіз.

2019 жылы Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы саябақта «Даңқ» залы салтанатты түрде ашылды. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады. Онда Ұлы Отан соғысының шежіресі сипатталған. Соғыс басталған сәттен Жеңіс күніне дейінгі алапат күрестің бай тарихы көз алдымызға келеді. Жүздеген соғысқа қатысушы майдангердің бейнелері қабырғаларға ілінген. Алайда біз сөз етіп отырған қаһармандар мұнан сырт қалды. Жамбыл ауданынан майданға шақырылған Сұлтан Мамалалиев пен Ташан Рамазанов, Қордай ауданынан аттанған Улгарбай Умекеев майданда ерен ерлікпен қаза тапса, шулық Шахан Әлішев пен байзақтық Үмбетқұл Жиенбаев, Жамбыл ауданынан аттанған Әбдрахман Каргулин соғыстан аман-есен оралып, туған елінде еңбек еткен. Бұл азаматтар өздерінің ерлігі ең жоғары атаққа лайық екенін білмеген де. Оған олар кінәлі емес. Жалпы соғысқа қатысқан жауынгердің бәрі дерлік батырға лайық. Олардың ешқайсысының орнын ауыстыруға болмайды.

Осылардың ішінде Шу және Байзақ аудандары жеңімпаз жауынгерлерге лайықты іс-шаралар өткізген болды. Есімдерін ардақтап көшелерге берді, рақмет! Ал Жамбыл ауданы үн-түнсіз. Қордай ауданы да естімегендей сыңай танытты. 5 жылға созылған соғыстың нағыз қаһармандары осылай елеусіз қалып отыр. Неге? «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған тұлғаларға құрмет неге төмендеді? Биыл даталы жыл. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске  80 жыл толмақ. Осы орайда аталған  «Даңқ» залынан  осы майдангерлерге арнайы  бұрыш ашсақ, сауапты іс болар еді.

Әділбек Баққараұлы,
облыстық  мемлекеттік
архивтің архивисі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар