Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Айтары бар суреттің сыры

Айтары бар суреттің сыры
Автор
Танымал иллюстратор Аңсаған Мұстафа, ең алдымен, «Facebook» әлеуметтік желісінде өзінің ерекше суреттерімен таныла бастады. Заманауи әрі бір қарағаннан түсінікті суреттер қоғамдағы түрлі проблемаларды ашып көрсетті.

Әлеуметтік тақырыпта сурет салып, әр туындысын сөйлете білген суретші барлық шығармасында ақ пен қара түсті ғана пайдаланады. Суретші үшін суреттің түсі маңызды емес, ең маңыздысы – көрерменге ой салу.

Аңсаған қылқаламымен қыз тәрбиесі, ана болмысы, әйел тақырыбын көп қозғады. Суретшінің қай шығармасын қарасаң да тұңғиық ойға батырады. Оған себеп, Аңсағанның байқампаздығы әрі өзі бейнелеп отырған әр тақырыптың ащы шындығын нық көрсете білуінде.

Шаранасын алдырып тастауға бекінген, яғни оң жақта отырып жүкті болып қалған нәзікжандылардың күйігіне суретші бейжай қарай алмайды. Аңсағанның жан тебірентер «Мамам мені өлтіретін шығар...» атты картинасы осының айғағы. Бүгінде ең көп тараған туындыларының бірі әлемнің бірнеше тіліне аударылған.

Иллюстратордың сөзіне сүйенсек, көп ару осы картинадан соң түсік тастатпай, сәбилерін дүниеге аман-есен алып келген екен. Құрсақтағы балаларын картинаны көрген соң алдырудан бас тартқан жас аналар қиын жағдайына қарамастан өмір сыйлаған балаларының суретін жиі жіберетін көрінеді.

– «Мамам мені өлтіретін шығар...» картинасын көрген жас қыздар түсік жасатамын деген ойынан айнып, жатырына біткен балапандарын аман алып қалған. Маған хат жазып, хабарлама жолдап, алғыстарын білдіріп тұрады. Қазақта «Тамшы тама берсе, тас теседі» деген сөз бар ғой. Халыққа талантыммен тамшыдай болсын пайдам тисе, қуанамын, – дейді Аңсаған Мұстафа өзінің ең танымал картинасы туралы.

Бұл картина туралы психологтың пікірін де тыңдап көрген едік.

Әрбір үшінші әйел түсік жасатуға асығады. Кейбір ерлі-зайыпты бірнеше жыл бойы бір сәбиге қол жеткізе алмай жүрсе, оң босағада отырып жүкті болған қыздардың баласын алдырып тастай салуы – ең үлкен қасіреттің бірі.  Елімізде аборт мәселесі белең алып тұрғаны жасырын емес. Аборт – үйленуге дайын емес, бірақ жыныстық қарым-қатынасқа түсіп қойған жастардың өз күнәларын жасыратын ең қажетті айла, қолжетімді тәсіл. Олар қорыққанынан немесе ұятқа қалудан қашып, құрсаққа біткен баланы дәрігердің қолымен тұншықтырып өлтіруге мәжбүр. Осындай терең әрі қыз баланың бүкіл ғұмыры үшін қажетті тақырып туралы жасөспірім қыздарға ана, әпкелері жиі айтып отыруы қажет. Оның үстіне «Мамам мені өлтіретін шығар...» деп картинаның аты айтып тұрғандай, қиындықтан шығар оңай жол іздейді. Сол сәт әлі оңы мен солын тани қоймаған екі жас үшін ең оңайы баланы алдыра салу болып көрінеді. Жалпы әрбір қыз «шалыс бассам анам мені өлтіреді» деп емес, «анам мені түсінеді» деп анасына сенгені дұрысырақ. Сонда әрбір қателікке бой алдырған қыз бала, ең алдымен, көше сөзіне еріп, күнәға батуды емес, анасының ақылын тыңдауға жүгінер еді. Кез келген жасөспірім әке-шешесінің түсінігі мол екенін білсе, қателіктерді азайтып, одан гөрі жақындарымен ақылдасуға бейім болар еді деп ойлаймын. Қоғамдағы жастардың жасап жатқан әрбір қателігі немесе қылмысы ата-ананың баласына ақыл айтып, дос болуынан гөрі, ұрсып-жекіп, түсінбеуінің жемісі деп айтса болады, – дейді психолог Меруерт Алмасова.

Иә, жас баланың бойына обал мен сауап, кие мен ұятты сіңіру үлкендердің міндеті. Ендеше, әр ата-ана өз ұрпағымен етене жақын, сырлас дос болуы шарт. Сонда ғана жастар қолымен жасаған қателігін мойнымен көтеруге тырысар еді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар