
Он екіде бір гүлі ашылмаған қаракөздеріміздің қызғалдақ ғұмырына балта шауып, алдап-сулап абыройынан айырғаны былай тұрсын, аяғы ауырлап қалғанда бұрылып та қарамастан кете баратын жігіттеріміз туралы не деуге болады? Қыздардың көз жасына қалып жүрген жігіттер, расымен, намыссыз ба?
Кезінде жүрегіне махаббатың шырағын жағып, Құдай қосқан некелі жарымен біраз жыл отасқаннан кейін «қызуы қайтып, қызығы кетті» деп бала-шағасымен бірге тастап, жас иіс іздеп кететіндер ше? Осындай ер-азаматтар әке деген асқар таудың биік даңқын жерге ұрып, абыройын неге аласартып жіберді?
Туған баласының ертеңі алаңдатпайтын ер-азаматтарды қалай жөнге салса болады? Бауыр еті баласын аз уақыттық жеке бас қызығына айырбастап кететін әкелер туралы не айтуға болады? Баланы қасақана тастап кететін әкесымақтар сонда өз ұрпағы жайлы ешқашан ойланбай ма? Сұрақ көп. Жауап сан алуан. Тізе берсе, түрлі сылтау табылары анық.
СҮРІНІП КЕТІП, БҮЛІНІП ЖҮРГЕН ТАҒДЫРЛАР
Айдай 17 жасында махаббаттың буына елітіп, жүкті болып қалады. Мұны естіген жігіті ұшты-күйлі ғайып болады. Құрсағындағы шарананы алдыруға шешім қабылдағанымен дәрігерлер тым кеш екенін айтады. Соңында басқа қалаға барып босанған Айдай қызынан бас тартып, перзентханаға өткізіп кетеді.
Бірақ оның жігітіне деген махаббатын ешкім сөндіре алмайды. Бірнеше ай өткенде тастап кеткен жігітімен қайта кездеседі. Екеуі қайтадан бірге жүріп, бірге тұра бастайды. Айдай тағы да жүкті болып қалады. Бірақ жігіт жауапкершіліктен бас тартады. Айдай әке-шешесіне шындықты айтады. Жалғыз қызының қылығына күйінген ата-ана да күйзеліске түседі, налиды, кейиді. Бірақ Айдай егіз босанып, ата-анасы жиендерін өз ататегіне жаздырып алады.
– Дүниеге егіз балам келіп, оларды емізгенде ғана ана махаббатын сезіндім. Жүрегім елжіреп, тұңғышымды ойлай бастадым. Сөйтіп, үлкен қызымды іздеп балалар үйіне бардым. Біреулер асырап алып кетіпті. «Мүмкін солай дұрыс болған шығар» деп кері қайттым. Ал үйдегі ұлым мен қызыма Үміт және Бақыт деген есім бердім. Әкелерінің келетініне деген үмітім сөнбей, «түбі бақытты болсақ екен» деген сеніммен осы есімдерді таңдаған едім. Балаларым әкесінен аумай қалған. Бір көрсе, бәлкім, әкелік махаббаты оянар ма еді деп армандаймын. Тағдырдың бар тауқыметін жаңа ғана өмір есігін ашқан шараналарға артып кете баратын әке кімге керек? Өмір алдына келтіреді деп ойлаймын, – дейді Айдай.
Алғашқы теріс әрекетінен сабақ алмаған бойжеткен, сөйтіп, екінші рет жүкті болыпты. Жас ана үш бірдей баланы дүниеге алып келгенімен үлкенін басқа біреулер асырап алғаны жанына бататынын жасырмады. Бұл бір ғана тағдыр...
Марқұм Бейсен Құранбек бір сұхбатында: «Кейде хабарларымыз эфирден өтпей жатады. Соның ішінде бір оқиға ерекше есімде қалыпты. Шымкенттен бір апа келді. «Бейсен, сендер көмектеспесеңдер болмайды. Қызымның аяғы ауыр болып қалды. Жүріп жүрген жігіті тастап кетті, телефонын да көтермейді. Не істерімді білмеймін. Әкесі білсе өлтіреді» деді.
Содан қызға көзілдірік таққызып, эфирге шығардық. Қаржылай көмектесетін кәсіпкерлерді шақырдық. Олар 100-150 мың теңгеден ақша алып келді. Өте ауыр хабар болды. Жігіттердің бәрін жерден алып, жерге салдық.
Кейіннен сол хабарға қатысқан кәсіпкер әйелдер күйеулерін ертіп, құдалыққа беретін киттерін, алтындарын, қалыңмалын алып, Шымкентке әлгі аяғы ауыр болған қыздың үйіне барған. «Біз сіздердің қыздарыңызға құда түсіп келіп отырмыз. Баламыз ауырып қалды» деп, қыздың әкесінің алдынан өтеді.
Құда болып, қызды алып қайтады. Қызды тастап кеткен, жауапкершілігі жоқ жігітті «бұзық» жігіттер арқылы тауып сөйлессе, бәрін мойындапты. «Үйленетін жағдайым жоқ» депті. Сосын жігітті жұмысқа тұрғызып, жас отбасыға бір жылға Алматыдан пәтер жалдап берді.
Сол қарындасымыздың шешесі қызы босанған соң екі айдан кейін хабарласып: «Рақмет, сендер болмасаңдар шаңырағымыз шайқалар ма еді. Әкесі қызым екеумізді өлтірер ме еді», – деп жылады. Қазір сол отбасы тату-тәтті тұрып жатыр», – дегені бар.
Осындай қиын жағдайға тап болған жандардың өздерімен де тілдесіп көрген едік.
– 30 жасыма дейін ер-азаматтың алдын кесіп өтпедім. Түнде қыдырмадым. Қыздармен би алаңына барып, кафеде туған күн тойламадым. Әкем мен анам қызметтегі кісілер, оның үстіне атам мен әжем бар. Бәрі қатал болды. Үйдегі үлкендер «Бақытың кездеседі, күт. Барған жеріңе абыроймен барсаң ғана бақытты боласың» деп ескертіп отыратын. Бірде жұмыстан келе жатқанда жауынның астында қалып қойдым. Аялдамаға дейін біраз жер. Такси шақырып едім, 5 минут тосуыма тура келді. Жан-жағымда қалқан болар түк таппай, жол бойында жүгіріп келе жаттым. Бір көлік қасыма тоқтай қалып, «Болыңыз, отырыңыз» деген соң міндім. Жүргізуші өзіммен қатар жігіт екен, әзілдеп отырды. Қайда тұрып, қай жерде жұмыс істейтінімді тәптіштеп сұрап, біліп алды. Әрнені бір әңгімелеп, ұяңдығыма қарап таңданғанын жасырмады. Кездесуге ұсыныс жасады. Мен келіспей түсіп кеттім. Алайда сол күннен бастап ол мені таңертең есіктің алдында, кешкісін жұмыстың алдында күтіп тұратын болды. 7-8 ай бойы мен одан бойымды аулақ салып, көлігіне мінбей қашып жүрдім. Бірақ ол сондай табанды еді. Бірде гүл, бірде шоколад алып келіп, ақыры сондай кішіпейіл, ашықтығымен баурап алды. Мен сөйлеспей жүрсем де оны күтетінді шығардым. Бауыр бастым. Ол менің алғашқы махаббатыма айналды. Мені күтіп тұратын көлікті әріптестерім көріп жүрді. Үйдегі үлкендер де байқапты. Соңында жұмыстан кеш қайтқан сәтімді пайдаланып, көлігіне сүйреп мінгізіп алды. Кейін түскі асқа бірге барып, күнделікті бірге жүретін болдық. Бірде ол мені өзінің туған күніне шақырды. Екеуміз ғана едік. Сол күні ол мені еркімнен тыс абыройымнан айырды. Пәк екеніме көзі жеткен соң үйленетінін, сүйетінін айтып жұбатты. Әке-шешеммен танысты. Бірақ аяғым ауырлап қалғанын естігенде телефонымды блоктап, өзі жоқ болып кетті. Кейін басқа нөмірмен хабарласқанда «Дайын емеспін. Асырай алмаймын» деп жауап берді. Осылайша туған-туыстарымнан бөлек шығып кеттім. Ешкімге айтпай дүниеге ұл алып келдім. Ата-анам әлі күнге дейін білмейді. Ұлым бір жарым жаста. Құрбыларым көмектесіп, қарайласады. Әкесіне суретін жіберіп тұрамын. «Маған ұқсапты» дегеннен артық ештеңе айтпайды да, ешқандай көмек қолын да созбайды. Енді ұлым үшін ғана өмір сүремін. Еркек атаулыға сенімім жоғалды, – дейді Ақерке.
ӘКЕ БЕЗСЕ БАЛАДАН
Осы орайда бір әңгіме еске түсіп отыр. Үйірлі қасқыр аңшының қоршауына түсіп, түгелдей құрып кетудің қаупі төнген жағдайда, бірінші кезекте, еркектері өздерін құрбандыққа шалатын көрінеді. Аңшыларды алдарқатып, ізіне ерту үшін өтірік ақсап, көріне қашып, айла-әдіс жасайды екен. Бұл туралы ақын Сабыр Адайдың айтқан салмақты ойы бар.
Ол: «Қаншықтары аман болса, қайта жұптасып, өмірге бөлтірік әкеледі ғой. Сол үшін еркектері қысылған сәтте өзін құрбандыққа шалады.
Бұл есейген бөлтіріктеріне де тән. Адам баласы дүниеге келгенде анасын іздеп, «емсем» деп жылайтын болса, қасқырдың бөлтірігі ұрпақ үшін «өлсем» деп жылайтын көрінеді. Егер екі-үш жыл қатарынан құрсақ көтермесе, апанын өзгертіп, жер ауыстырады. Қалай да өмірге көбірек ұрпақ әкелудің қамын қарастырады.
Міне, бұл қасқырдың ұлттық мүдде үшін жеке басын құрбандыққа шалу парасатының үлгісі. Ал адамдар болса, туған балаларын көшеге тастап, жетім менен жесірді ақшаға сатып жүр. Жоқтық пен мүжәлсіздігін пайдаланып, өз аруларын, өз қыздарын жезөкшелікке итермелеп, көрінген көк аттының көңілін табуға тырысып, сатқындықпен жағымталсиды. Ондай арсыздарды алысқа бармай-ақ, өз қаламыздан да тауып беруге болады», – дейді.
Расында да әр қаракөзді туған қарындасы, әпке, анасындай көрген жанның ойы бұзылмайды. Жалпы ер адамдар бүгінде нәзікжандыларға шын қамқор болуды жүрегіне жол тауып, нәпсісін оятумен шатастырып алған сыңайлы. Бұл өте қауіпті. «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» демекші, қаракөз аруларымыз қаракөз жігіттерімізге алданып, әкесіз бала өсіріп отырса – бұл қасірет.
Жігіті тастап кеткен бойжеткендердің бірі жақында ғана әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барды. Дер кезінде құрбылары үйіне барғандықтан аман қалды.
– Мен ерте, яғни 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Дүниеге қызым келгеннен кейін күйеуіммен арадағы қарым-қатынасымыз бұзыла бастады. Жүріс-тұрысы көбейіп кетті. Өз шаңырағына қонуы сиреді. Үйге қыздар іздеп келіп, күйеуімді ертіп кететін халге де жеттік. Неше рет кешірсем, сонша мәрте суи бастағанымды түсіндім. Кезекті рет қыдырыстан келгенінде жүгімді жинап, қызымды алып, ажырасып кеттім. Кейін арада бес жыл өткенде бір жігітті ұнатып қалдым. Бес жыл отасқан ол әйелі бала туа алмаған соң ажырасып кеткен екен. Соңымнан жүгіруін тоқтатпады. Бағалы сыйлықтар жасап, шын сүйетініне сендірді. Сөйтіп, біз бір жыл бойы бірге тұрдық. Осы жылдың мамыр айында мені үйіне келін етіп түсіретінін айтып, үйдегілер де құдалыққа дайындалып жүрген еді. Аяғым ауыр екенін естігенде киімдерін жинап, тайып тұрды. Мен оның анасының нөмірін тауып, аяғымның ауыр екенін жеткіздім. Мамасы: «Өзіңе неге еге болмайсың? Ол мені тыңдамайды. Әйелі де екі баласымен кеткен еді», – деп бар шындықты айтып берді.
Сөйтіп, өмірден баз кешіп, газды ашып қойып, тікелей эфирде қыздарға сабақ болсын деп өз басымнан өткерген бүкіл оқиғаны баяндап болып, о дүниеге аттанбақшы болып едім. Аман қалдым. Алайда құрсақтағы бөпемді жоғалттым, – дейді Ажар есімді келіншек.
Біз Ажардың бұрынғы жігітінің нөмірін тауып, қоңырау шалып, оның да әңгімесін тыңдап көрдік:
– Мен Ажарды жақсы көргенім рас. Оның жүрегі тым жұмсақ екенін білген соң аянышты көріну мақсатында «Әйелім бала тумаған соң ажырастым» деп алдадым. Мен Ажардың аяғының ауыр екенін білгенде үйден кетіп қалған себебім, мұндай жаңалыққа дайын емес едім. Тосылып, сасқалақтап, не істерімді білмей қалғандықтан кетіп қалдым. Кейін кешірім сұрап, алып кетейін деп қайтып келдім. Сөйтіп, бар жағдайды кеш естідім. Ажардан айырылғым келмейді. Бірақ кешігіп қалдым. Ешкім менің қателігімді қайталамаса екен. Қыздың көз жасында обалы бар екенін әр ер-азамат білуі тиіс, – дейді жігіт.
Танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева «Қыздардан келген хаттардан» деген топтамасында жігіттеріне алданған қыздардың қилы-қилы тағдырын суреттейді. Соның бірі – «Бірінші хат». Онда:
«Сүйемін» деді ол, құшағын жайды,
Көбелек болып ұштым мен.
Сонымен мендік махаббат айы,
Аспады, апа, үш күннен.
Хабарды салып, ата-ана барып,
Той жасап алып кетем деп.
Төртінші күні киімін алып,
Сапарға кетті секеңдеп.
Торына сезім қамалып қалғам,
Жазамын сізге мұңлы сыр.
Мен сүйген жаннан бір аумай қалған,
Іңгәлап жатыр тұңғыш ұл», – деп жазылған.
... Қыздарды ішіндегі баласымен бірге тастап кете баратын жігіттердің жауапсыз қадамы неше баланың әкесіз өсуіне, қаншама қыздың өз-өзіне қол жұмсауына себеп болды екен.
Жаратушы Алла әйел адамзатын еркектің қабырғасынан жаратқан. Ал аяғынан жаратпаған себебі, аяқасты болып, қорланып қалмасын депті. Еркектің басынан да жаратпағаны басынып, басына шығып кетпесін деген түсініктен туған екен.
Әйел – еркектің жанына жақын, өзімен тең болуы, қолтығының астында қорғалуы, жүрегіне жақын – сүйікті болуы үшін қабырғасынан жаралыпты. Ендеше, сол жүрекке жақын, нәзік қабырғаның қорғаны болыңыздаршы, ер-азаматтар. Әсіресе құрсақтағы балалардың жазығы жоқ екенін ұмытпайық!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ