
Бүгінгі таңда университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстары 1 ғылыми-зерттеу институтында, 8 ғылыми және ғылыми-зерттеу орталығында, 7 ғылыми-зерттеу зертханасында және университет кафедраларында шоғырланған. Ғылыми-зерттеу жұмыстары табиғи, техникалық, ауылшаруашылығы, экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы бағыттар бойынша жүргізіледі.
Аймақта ғылым саласындағы көшбасшылықты сақтап қалу үшін университет өз ғылыми бағыттарын жетілдіріп, оларды Қазақстан Республикасының фундаменталды және қолданбалы зерттеулер бағдарламаларының басымдықтарына сәйкес қалыптастырады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына ресурстарын жаңартып, түрлі республикалық және халықаралық гранттық конкурстарға қатысуда. Университетте 46 ғылыми-зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Бұл университеттің ғылыми-зерттеу жоспарының құрамдас бөлігі болып табылады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптары ғылыми мектептердің зерттеу бағыттарына, университеттегі ғылыми орталықтардың мүмкіндіктері мен әлеуетіне және аймақ экономиканың өзекті мәселелерін зерттеуге негізделеді.
2024 жылы университетте ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемі 4,9 миллиард теңгені құрады. Қаржыландыру 64 ғылыми-зерттеу жобасы бойынша алынған. 2024 жылы университет ғалымдары 7 жобаның гранттық қаржыландыру иегері атанып, жалпы сомасы 473,35 миллион теңге қаржы алды. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдарға арналған НБҚ конкурсы бойынша университет 3,5 миллиард теңге көлемінде мегагрант ұтып алды. Бұл жоба суды қауіпсіз қолдану, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану, Қазақстанның сушаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіп жобаларын ғылыми негізде дамыту мақсатында инновациялық технологияларды әзірлеуге бағытталған.
2025 жылы университеттің 6 жас ғалымы «Жас ғалым» гранттық жобалар конкурсында 2025-2027 жылдары арналған жобалар бойынша жеңімпаз атанып, жалпы сомасы 177,26 миллион теңге қаржыландыру алды.
Ғылыми қызмет нәтижелері бойынша 2022 жылы 4 оқытушы, 2024 жылы 7 оқытушы қауымдастырылған профессор (доцент) атағын алды. 2025 жылы 4 оқытушы қауымдастырылған профессор ғылыми атағын иеленді.
Жыл сайын университет ғалымдары түрлі конкурстарға белсене қатысып, сыйлықтар, гранттар мен аттестатталған шәкіртақыларды ұтып алады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған «Үздік университет оқытушысы» конкурсында соңғы 4 жылда 6 оқытушы жеңімпаз атанды. 10 оқытушы «Болашақ 500 ғалым» грантының иегері болды.
Университет студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары білім беру процесінің бөлінбес бөлігі болып табылады және жас, бәсекеге қабілетті, интеллектуалды дамыған мамандарды тәрбиелеудің тиімді құралы.
Жыл сайын университет студенттері түрлі ғылыми конкурстарға қатысады. 2024 жылы 209 студент қатысып, оның 93-і халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық және университетішілік конкурстарда жеңіске жетті.
2024 жылы Дулати университетінің студенттері мен жас ғалымдары 48 стартап жобасын ұсынды, олардың 17-сі 2,9 миллион теңге қаржыландырумен жеңімпаз атанды.
Жастардың стартап жобаларын даярлауға қолдау көрсету мақсатында инновациялар орталығы ашылды. 100 студент пен жас ғалым Astana Hub білім беру платформасында стартаптарды даярлау бойынша 3 айлық курстан өтті. Сондай-ақ Жамбыл Нub-пен бірлесіп бірнеше хакатондар мен ғылыми жобалар конкурстары ұйымдастырылды.
Жалпы алғанда 2024 жылы Дулати университетінің ғылыми-зерттеу қызметі ғылым мен инновация саласында айтарлықтай өсу мен дамуды көрсетті. Бұл университеттің аймақтағы және Қазақстанның ғылыми-техникалық прогресіндегі рөлін нығайтуды жалғастыратынын білдіреді.
Мұхтар БАЙЖҰМАНОВ,
М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры