Жамбылда сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы аясында атқарылған жұмыстар бойынша брифинг өтті
- author AR-AY
- 11 сәуір, 2025
- 1

Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі басты құралдардың бірі алдын алу және оған қарсы мәдениет қалыптастыру. Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 80 іс-шара ұйымдастырылып, оған 5000-нан астам адам қамтылды.
Өңірдің өзекті мәселелерін сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізіп, жүйелі жұмыстар атқару жолға қойылған болатын. Атап айтқанда, Департамент бастамасы негізінде облыс әкімінің өкімімен жол саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған «Жамбыл – сапалы жол» жобасы іске қосылды. Жоба аясында мердігерлер мен техникалық қадағалаушылардың жауапкершілігін күшейту және жол құрылысы сапасына бақылауды арттыру бойынша нақты шаралар қарастырылған.
Одан бөлек, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында біріңғай мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы тауар мен қызметтердің сатып алуы барысындағы баға жоғарлауына жүргізілген мониторингпен 900 млн теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделді.
Кәсіпкерлік басқармасына жүргізілген сыртқы талдау барысында туризм саласына қатысы жоқ іс-шараларға қаражат жоспарлау фактісі анықталып, Департаменттің ұсынымы негізінде 205 млн теңге облыстық бюджетке қайтарылды.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы жүргізілген мониторинг нәтижесінде Меркі ауданындағы 6 ауылдық округ әкімі бір көзден келісімшарт жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Тұрғын үй қатынастары саласына жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша үй алуға негіз болмаған, яғни тұрғынжайлары бар және басқа өңірге көшкен 1600 азамат тізімнен шығарылды.
Табиғи ресурстар басқармасына жүргізілген сыртқы талдау нәтижесінде 25 жер қойнауын пайдаланушы тарапынан 70 млн теңгеден астам қаржылық міндеттемелер орындалмағаны анықталды. Департаменттің ұсынымынан кейін қазіргі таңда 60 млн теңге бюджетке төленді.Сондай ақ, сыртқы талдау барысында табиғи ресурстар саласында 2,1 млн теңге көлемінде белгіленген нормадан жоғары заңсыз жалақы төлеу фактісі анықталып, бұл қаражат бюджетке қайтарылды. Департаменттің ұсынымымен басқарма мен оған қарасты 17 ұйымға «Бірыңғай цифрлық есепке алу» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе арқылы жалған дерек енгізу, шекті нормадан артық еңбекақы төлеу және өлі жандарға қаржы аудару сынды заңбұзушылықтардың жолы кесілді.