
Жоба аясында малшаруашылығы, егіншілік, қайта өңдеу салаларына ерекше көңіл бөлінгенін айта кетуіміз керек. Бұл жоба ауыл азаматтарының табысын арттырып қана қоймай, олардың «жұмыс жоқ» деп қарап отырмай іс бастауына түрткі болды. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде аталған жоба өз нәтижесін беріп жатса, оның ішінде жобаға қатысып, бір малын екі еткен әулиеаталықтар да бар. Мәселен, жоба 2019 жылы әр ауданнан бір-бір ауылдық округті қамтыған. Ал 2021 жылы Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан Үлгілі, Өрнек, Ақсай ауылдық округтерінің тұрғындары осы бастаманың игілігін көрді. Аталған жобаға 2022 жылы – 10, 2023 жылы – 40, былтыр 38 ауылдық округ қатысқан. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасының шарапаты облыста 18 мың 800 аула мен 105 мың 895 тұрғынға тиген. Оның ішінде Қордай ауданынан Қақпатас, Қарасу, Қаракемер, Сарыбұлақ ауылдары бар. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспановтың айтуынша, бүгінде жоба жемісті жалғасуда.
– «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына қордайлықтар үлкен қызығушылық танытты. Анығын айтқанда, ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыруға бағытталған осы жобаға қордайлықтар белсене қатысуда. Жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыру. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие мерзімі – 5 жыл, ал малшаруашылығы және ауылшаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша несие 7 жылға дейін беріледі. Қордайда бұл жоба алғаш 2019 жылы іске қосылды. Содан бері бағдарлама шапағатын талай ауылдың тұрғындары көрді деп айта аламыз. Мысалы, «Ауыл аманаты» жобасы Жамбыл ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде 2019 жылы бастау алып, жобаның бірінші бағыты бойынша үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін 8,5 миллион теңге берілген. Жалпы сол кезде жобаның екінші бағытымен округтің 250 тұрғыны 701 миллион теңгеге 1729 мүйізді ірі қара, 2150 қой және 114 жылқы сатып алған болатын. Жобаның төртінші бағытымен «Жаңатұрмыс-Бірлік» өндірістік кооперативі 59,9 миллион теңгеге 17 бірлік техника сатып алды. Бесінші бағытқа келсек, яғни өз кәсібін ашу бойынша «Кирилов» жеке кәсіпкерлігі бал арасын өсіру үшін 3,1 миллион теңге несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырған жайы бар. 2022 жылы ауданда жалғасын тапқан жобаның екінші бағытымен Кенен ауылдық округінде 74 тұрғын 343 миллион теңгеге 71 мүйізді ірі қара, 4518 қой және 114 жылқы, төртінші бағыт бойынша «Кенен Береке» өндірістік кооперативі 53,8 миллион теңгеге 9 бірлік техника сатып алды. Бесінші бағыт аясында құс шаруашылығы бойынша 4 адамға 34,4 миллион теңге несие берілді, – дейді Ғалымжан Жарылқасынұлы.
Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға үлкен мүмкіндік бергені анық. Әсіресе ауылшаруашылығына қатысты кәсіп түрлерін қаржыландыру жұмыстары жандануда. Кәсібін дамытуды көздеген тұрғындар үшін тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік сыйлаған бұл бағдарлама ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін бергені даусыз. Осы ретте жарқын жобаның игілігін сезінген Кенен ауылының тұрғыны Алмат Мақаштың кәсібі жайында кеңінен сөз қозғауға болады. 2022 жылы Алмат Қырғызбекұлы аталмыш жобаның белсенді қатысушыларының бірі ретінде ерекшеленді. Бағдарлама аясында 2,5 пайызбен 7,5 миллион теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, 85 қой, 4 жылқы сатып алды. «Туған ауылымда жеке ісім болса» деп алдына үлкен мақсат қойған Алмат Мақаш осылайша қарапайым ауыл азаматынан жеке кәсіпкерге айналды.
– Мал бағу, оны төлі есебінен көбейту оңай шаруа емес. Ауылда бейнет көп болғандықтан қатарластарымның кейбірі қалаға көшіп кеткен. Ал біз табысқа ауылда жүріп-ақ жетуге болатынын ұғындық. Отбасымызбен бірге ақылдаса келе, осыдан үш жыл бұрын белді бекем буып, кәсіппен айналысуға ниет таныттым. Соның арқасында көп ұзамай жас кәсіпкер атанып, жобаның игілігін көріп жатырмын. Осы уақыт аралығында 85 қойымның саны әжептәуір көбейді. Қой мен жылқы санын көбейтіп, кәсіп ауқымын кеңейту үшін іске бел шеше кірісіп, қазіргі таңда бар мүмкіндікті пайдаланып, тер төгіп жатырмыз, – дейді ол.
Ал 2023 жылы Қордайдың Қарасу ауылдық округінде жобаның екінші бағытымен 69 тұрғын 450 миллион теңге көлеміндегі несиені 1300 сиыр, 1200 уақ мал, 125 қылқұйрықты сатып алуға жұмсапты. Төртінші бағыт бойынша «Береке Өтеген» өндірістік кооперативі 38,5 миллион теңгеге 5 бірлік техника алса, бесінші бағытқа сәйкес 3,8 миллион теңгеге гидропоника (жылыжай өндірісі) кәсібіне кіріскен.
Қаракемер ауылдық округінде жобаның екінші бағыты аясында 144 тұрғын 912 миллион теңгеге 1460 мүйізді ірі қара, 1185 қой және 33 жылқы сатып алған. Төртінші бағыт нәтижесінде «Қаракемер Агро – 2023» өндірістік кооперативі берілген 38 миллион теңгенің арқасында 2 техникаға қол жеткізіпті.
– Былтыр осы аудандағы Сарыбұлақ ауылдық округінде жобаның екінші бағытымен 62 тұрғын 367,5 миллион теңгеге 1159 бас мүйізді ірі қара, 1124 қой сатып алды. Қақпатас ауылдық округінде жобаның осы бағытымен 54 адам 596 мүйізді ірі қара және 1668 қой мен 27 жылқы бағуды қолға алса, ол үшін 272,8 миллион теңге бөлініпті. Жалпы аудан бойынша 2,969 миллиард теңгеге 6315 мүйізді ірі қара, 11845 қой, 386 жылқы сатып алынды. 4 өндірістік кооператив ашылып, 190 миллион теңгеге 25 техника мен құрал-жабдықтар жеткізілді. Ал жобаға бас-аяғы 653 адам қатысты. Осы жылы «Ауыл аманаты» жобасының ереженіне енгізілген өзгерістерге байланысты жобаның бесінші бағыты аясында қаржы жеке кәсібін ашуға және қайта жарақтандыруға ғана берілетін болды. Бұл бағытқа ауданның барлық ауылдық округтері қатысады. Алдын-ала жинақталған ақпарат бойынша 56 жобаға өтінім берілді, жалпы сомасы 459,4 миллион теңге болса, жаңадан 31 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде ауылшаруашылық саласында жүзеге асырылатын жылыжайға қатысты 2 жобаға 17 миллион теңгеге қарастырылып, 3 жұмыс орны ашылмақ. Кәсіпкерлік саласында 54 жоба бар. жұмсалатын қаржы көлемі – 442,4 миллион теңге. 29 жұмыс орны жиһаз өндіру, наубайхана, ағаш өңдеу цехтары секілді тағы да басқа кәсіп көздерін ашу арқылы құрылады. 2023 жылдан бастап аталған жоба еліміз бойынша сәтті жүзеге асырылып, халықтың ауылда еңбек етуіне, жұмыссыздар санының азаюына, сонымен қатар тұрғындардың табысының артуына оң әсерін тигізуде. Ауылшаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастаманың мақсаты ел тұрғындарын агробизнеске тарту және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдауды көздейді, – дейді Ғ.Оспанов.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылында несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың ішінде Медет Әлмежанов, Азамат Сатыбалды, Төлеген Абилдинов секілді азаматтар бар.
– Іскер азаматтардың әрқайсысының үйінде болып, айналысып жатқан шаруасына жете қанықтым. Бірі алған қаржысына қой сатып алса, екіншісі ірі қара бордақылап, сатылғанының орнына басқасын алып, пайда табуда. 2,5 пайызбен мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауға жоба қатысушылары дән риза. Ең бастысы осындай тиімді бағдарламалар көбірек жүзеге асса, ел тұрмысы түзеле түсетіндігі сөзсіз. Негізінде біздің ауылдық округ аудандағы әлеуеті зор ауылдық округтің бірі саналады. Округке Сарыбұлақ және Қайнар ауылдары қарайды. Мұндағы жалпы халық саны 7990 адамды құраса, оның ішінде Сарыбұлақ ауылында 4123 тұрғын, Қайнар ауылында 3867 адам тіршілік етуде. Тұрғындардың басым бөлігі мал және егін шаруашылығымен айналысады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық аумақтарды дамыту туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына округтен 75 тұрғын қатысуға ниет білдірді. Алайда, жобаның белгілі талаптарына байланысты кейбір азаматтар қатысу мүмкіндігінен айырылды. Атап айтқанда, 11 адам бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алған болып шықты. Ал екі азаматтың несие өтеу қабілеті төмен деп бағаланып, олар да жобадан тыс қалды. Бұл өз кезегінде жоба талаптарының қатаң сақталғанын көрсетеді. Дегенмен, 62 тұрғын жобаның қатысушысы атанып, жалпы 364 миллион 150 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Несие алған азаматтардың басым бөлігі, яғни 48 тұрғын мүйізді ірі қара мал шаруашылығын дамытуға бел буды. Олар мал басын көбейту, сапалы тұқым сатып алу, мал бордақылау және мал өнімдерін өндіру бағытында жұмыс істеуде. Сонымен қатар 13 азамат қой, ешкі сияқты ұсақ мал түрлерін өсіріп, ет пен сүт өндірісін арттыруды жөн көрді. Бір тұрғын өз кәсібін өзгеше бағытта дамытуды мақсат тұтып, блокты кірпіш өндіретін шағын цех ашуға кірісті. Бұл ауылдағы құрылыс саласына тың серпін бермек. Бүгінгі таңда жоба аясында несие алған шаруалар қажетті түліктерін сатып алып, жем-шөп қорын жинап, малын бордақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы шаруа алғашқы нәтижелерін де бере бастады. Мал шаруашылығы саласындағы белсенділік ауыл экономикасына жаңа серпін беріп, тұрғындардың табыс көзін арттыруға мүмкіндік жасауда. Жалпы алғанда округте ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Ірі қара мен ұсақ мал өсіру арқылы өнім көлемін арттыру, ет пен сүт өнімдерін өңдеу және өткізу мәселелері жолға қойылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстың алдағы уақытта ауылдың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға да оң әсерін тигізетіні анық. «Ауыл аманаты» жобасы Сарыбұлақ ауылдық округінде ауылдың жалпы әл-ауқатының өсуіне үлкен септігін тигізіп отыр. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсті. Тұрғындардың табысы шамалы болса да артып келеді, ал жұмыссыздық деңгейі күн санап төмендеуде. Ауылда ашылған көлік жуу станциясы тұрғындар үшін тиімді болып тұр. Бұрын көлігін жуу үшін шалғай елді мекендерге сабылуға мәжбүр болған жергілікті азаматтар енді осы қызметті өз ауылдарында пайдалана алады. Сонымен бірге ауылда тағы екі қоғамдық монша мен көліктерге қызмет көрсету станциясын ашу жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске асқан жағдайда ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайы одан әрі жақсара түспек. Округ тұрғындарының 38 пайызын жастар құрайды. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында денешынықтыру орталығы мен мәдениет үйлерінде түрлі спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл бастама жастардың салауатты өмір салтын ұстануына және өнер-білімге құштарлығын арттыруға ықпал етуде. Сонымен бірге ауылда екі мектеп пен бір балабақша салу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жастарға білім алуға және ауылда тұрақтап, еңбек етуге қолайлы жағдай жасайды. Жалпы «Ауыл аманаты» жобасынан ауыл тұрғындары үлкен үміт күтуде. Жоба аясында қолға алынған шаралар халықтың тұрмысын жақсартуға, экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталғандықтан жобаның нәтижелері ойдағыдай болатынына сенімім мол, – дейді Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Бақтияр Абенов.
Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Медет Сырлыбекұлы- туған жерінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан азамат. 1991 жылы дүниеге келген ол жоғары білімді, еңбекқор азаматтардың қатарында. 2021 жылы отбасын құрған, бүгінде екі ұл тәрбиелеп отыр.
Аталған жас кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Алижан» жеке кәсіпкерлігін ашып, 6 миллион 400 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті. Алған қаржысына 24 бас бұқа сатып алып, бордақылау ісін жолға қойған. Бүгінде бордақылаған малын сатып, орнына басқасын әкеліп, күтіп-бапталып, салмақ қосып келеді.
Бордақыланған мал қабылдауда аудан көлемінде жұмыс істейтін екі мал сою алаңы, яғни «Көмек» және «Алға» шаруа қожалығы бар. Сонымен қатар күніне 50 бас мал қабылдайтын екі мал сою пункті – «Бастау-Снаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Бақаев» жеке кәсіпкерлігі жұмыс істейді. Аудан тұрғындарының малын қабылдап, осы бағытта тұрақты қызмет көрсететін «Первомайские деликатесы» ЖШС жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорын 1000 басқа дейін мал қабылдап, ет өнімін өндіреді. Медет Сырлыбекұлы осындай қолайлы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, малын сол жерге өткізіп, тиісті ақшасын дер кезінде санап алады. Жас кәсіпкер бордақылап сатылған малдың орнына аудан орталығындағы мал базары мен шаруа қожалықтарынан тағы да мал сатып алып, қайтадан бордақылау жұмысын жалғастыруда. Несие мерзімі 2029 жылы аяқталмақ. Бұдан бөлек, ол қосымша егіншілікпен де айналысады. Диханшылықтан түскен табыс пен мал шаруашылығынан түсетін пайда отбасының күнкөрісіне толық жетуде. Бүгінде өзінің шағын кәсібінен мол тәжірибе жинаған жас кәсіпкер алдағы уақытта шаруашылық аясын кеңейтіп, ауылдастарына жаңа жұмыс орындарын ұсынуды жоспарлап отыр.
Ауылдағы жас жігіттің бірі – Рахат Марикбаев. Ол құмблогын шығарумен айналысуда.
– Жасым 35-те. Осы жобаға қатысқанға дейін бір құрылғымен күніне 1000 дана өнім шығарып келдім. Қазір ол істің басы-қасында 6 адам жұмыс істеп жатыр. Құмблогының біреуін 200 теңгеден сатып жатырмын. Былтыр кәсіп аясын кеңейту үшін 9 200 000 теңге көлемінде несие алып, құмблокты кірпіш өндіру цехын ашуға кірістім. Құрылғыны алматылық «СапаГркуп» және «ADK MACHINERY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шарт жасасу арқылы сатып алдым. Қазір оны тиісті жерге орнатып қойдық. Жақында аталған компанияның мамандары келіп, құрылғыны қосып береді. Сол кезде осы арқылы тағы да 8 адам жұмыспен қамтылып, қосымша күніне 3000 құмблогы өндірілетін болады. Отбасылымын, қазіргі табысым да жерге қаратып тұрған жоқ. Десе де тауарға сұраныс болғаннан кейін нарық заңын ұтымды пайдалану үшін жобаға қатысып жатырмын. Осы ретте ауыл әкімі Бақтияр Қажымұқанұлына өз алғысымды білдіргім келеді. Цех ашуда жер мәселесін шеше алмай жүргенімде бір кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, соның жер аумағынан маған уақытша орын алып берді, – дейді Рахат Жұмабайұлы.
Сарыбұлақтық жас кәсіпкерлер- ауылдастарына еткен еңбектің нәтижесі қандай болатынын үлгі ретінде көрсетіп жүрген өрендер. Ауыл әкімі Медет пен Рахат секілді іскер жігіттердің талабына қарап, ауылдың ертеңіне сеніммен қарауы орынды-ақ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ