Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әскери тілшілер «AR-AI» редакциясының жұмысымен танысты

Әскери тілшілер «AR-AI» редакциясының жұмысымен танысты
Автор
ҚР Ұлттық ұланының 2025 жылға арналған тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарының негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, 10 сәуір күні әскери бөлімде бөлімшелердің штаттан тыс әскери корреспонденттерімен оқу-әдістемелік жиын өтті. Бұл шараның басты мақсаты – әскери қызметшілерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әскери өмірдің өзекті мәселелерін ашып көрсетуге машықтандыру, әскери баспасөздің сапасын арттыру және сарбаздардың журналистика саласына деген көзқарасын қалыптастыру.

Жиын барысында қатысушыларға арналған нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізіліп, онда әскери тілші қызметінің негізгі талаптары, мақаланың құрылымы, ақпарат көздерін дұрыс пайдалану, фото-видео материалдармен жұмыс істеу сынды маңызды тақырыптар қамтылды. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу барысында бұған дейін ҚР Ұлттық ұланның  ведомстволық «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналында материалдары жарық көрген сарбаздар өз ойларымен бөлісіп, жас корреспонденттерге бағыт-бағдар берді.

Жиынның маңызды бөлігінің бірі – сарбаздардың облыстық «AR-AI» газетінің редакциясына жасаған сапары болды. Мұнда сарбаздар бас редактордың орынбасары Талған Нұрхановтың таныстыруымен журналистердің күнделікті жұмыс барысынан хабардар болып, баспасөз материалдарының қалай дайындалатынын өз көздерімен көрді. Қалам мен қағазды қару еткен редакция ұжымы сарбаздарға басылым шығару барысындағы әрбір кезеңді жан-жақты түсіндіріп, шынайы ақпаратты дер кезінде жеткізудің маңызын баяндап берді.

Редакцияға келген қатардағы жауынгер Рауан Амангелді газет тынысымен танысудан ұмытылмас әсер алғанын айтады.

 – Бүгін облыстық «АR-AI» газетінің редакциясына барып, журналистердің жұмысымен жақынырақ таныстық. Шынымды айтсам, бұл сала маған өте қызықты көрінді. Ақпаратты өңдеу, мәтін жазу, оқырманға ой тастау сияқты процесстер көп еңбекті талап ететінін аңғардық. Редакциядағы атмосфера шығармашылыққа толы, ал қызметкерлері өз ісінің нағыз шеберлері екені бірден байқалды. Мұндай тәжірибе біз үшін үлкен сабақ болды. Осындай мүмкіндік жасағандарға алғысымыз шексіз. Бұл бізге тек журналистиканың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, болашаққа деген көзқарасымызды да кеңейтті, – дейді Р.Амангелді.

Баспасөз тур соңында Т.Нұрханов әскери тілшілерге тілегін білдірді. Шынында да, осындай тәжірибелік жиындар сарбаздарға жаңа қабілеттерді ашуға, шығармашылық ойлауға және әскери қызметтен бөлек өзін басқа салада да сынауға үлкен мүмкіндік береді.

5513 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бауырдан Кансеитов: «Бүгінгі әскери қызметші тек сапта жүрумен, қару ұстаумен шектелмейді. Ол – көп қырлы, жан-жақты дамыған азамат. Ал әскери баспасөз сол азаматтардың шынайы келбетін, ерлікке толы күнделікті еңбегін көрсету құралы», – деп пікрімен бөлісті.

Осында бастамалар арқылы жас сарбаздардың арасынан болашақ әскери журналистер шығатынына сенім мол. Ең бастысы – сарбаздар бұл жиыннан білім ғана емес, шағармашылық шабыт алып қайтты. Жиын соңында Б.Кансеитов қатысушыларға бөлім командирінің атынан алғыс хаттар табыс етті.

Салтанат ӘЗІМХАН,

5513 әскери бөлімінің офицері лейтенант

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар