
Қазіргі уақытта некені бұзу туралы сотқа талап түсірген кезде азаматтар 0,5 АЕК (1 966 теңге) көлемінде мемлекеттік баж төлейді. Жаңа салық кодексі жобасында бұл мөлшерлемені 5 АЕК-ке дейін (2025 жылы – 19 660 теңге) арттыру ұсынылып отыр. Бұл туралы Мәжілістің ресми хабарламасында айтылды.
Сонымен қатар I, II және III топтағы мүгедектер мен мүгедектігі бар балалар үшін әлеуметтік салық шегерімін 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Салық кодексі аясында бірқатар өнімдерге салынатын акциздерге де өзгерістер енгізілмек. Атап айтқанда, алкоголь және темекі өнімдері, сондай-ақ қыздырылған темекі өнімдері бойынша акциз мөлшерлемесі кезең-кезеңімен өсірілмек. Бұған қоса, құрамында транс майлар бар өнімдер мен энергетикалық сусындарға да акциз енгізу көзделуде.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары үкімет ұсынған Салық кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Екінші оқылымға дейін құжатқа қосымша ұсыныстар енгізілуі мүмкін.