
Мектеп ұжымы мен оқушылардың және ата-аналардың бірлескен еңбегі мерекенің мазмұнын байытып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Наурыз мейрамын ерекше ықыласпен қарсы алуға құлшыныс білдірген оқушылар шат-шадымен күлкісімен мерекенің шырайын кіргізді. Салтанатты жиын шымылдығын түрген сәттен-ақ сахна төрінде ұлттық өнер мен мәдениеттің айшықты көріністері орын алды. Ұл балалар біркелкі сап түзеп, домбыраның күмбірлеген үнімен күй тартса, қыз балалар нәзік қимылдарымен мың бұрала билеп, дала сәнін келтірді.
Мерекелік іс-шара барысында қазақтың көнеден келе жатқан наным-сеніміне сай әр сөзінен шуақ төгілген Қыдыр ата көпшілікке ақ батасын берді. Осы сәтке үйлесімді түрде бір топ әжелер құт-берекенің нышаны ретінде шашу шашып, «жиған-тергенің мол болсын» деген игі тілектерін жолдады.
Ашылу салтанатында Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Гүлнұр Мақсұтова алғашқы сөз кезегін алып, жиналған қауымды Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде оқу ордасының жетістіктерін тілге тиек етіп, ақжарма тілектерін ақтарды. Құттықтаулар легінен соң сахнаға «Ару әжелер» ансамблі шығып, әуезді әндерімен көрермен көңілін көтерді. Әсем әннен кейін рухани-танымдық мәні зор интеллектуалды ойын ұйымдастырылып, қатысушыларға Наурыз мейрамы мен қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қатысты мазмұнды сұрақтар қойылды. Ой ұшқырлығымен ерекшеленіп, көп ұпай жинаған қатысушыларға арнайы сый-сияпаттар табысталды.
– Биылғы Наурыз мерекесі мен үшін ерекше әсермен өтіп жатыр. Мектеп ауласында сән-салтанатымен тігілген киіз үйлер, ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен көмкерілген безендірулер және молшылықтың белгісіндей жайылған дастарқан, барлығы да мерекенің рухын асқақтатып тұр. Түрлі дәмді тағамдарға толы дастарқан көздің жауын алып, нағыз қазақы қонақжайлылықтың үлгісіндей әсер қалдырды. Мектептің барлық оқушысы бір мезгілде жиналып, ұлы мерекені бірге тойлап жатқаны мен үшін бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға. Өзім де осындай ауқымды, әсерлі әрі ұйымдасқан Наурыз тойына алғаш рет қатысып отырмын. Бұл менің жадымда ұзақ уақыт сақталатын ерекше сәттердің бірі болатыны сөзсіз. Мерекелік іс-шара барысында ұйымдастырушылар тарапынан түрлі зияткерлік ойындар ойнатылып, оқушылардың білімін шыңдауға мүмкіндік берілді. Солардың ішінде менің көңілімнен ерекше шыққаны сұрақ-жауап ойыны болды. Қойылған үш сұрақтың екеуіне сәтті жауап беріп, кішкентай болса да су ішетін пластикалық бөтелкеге ие болдым. Бұл мен үшін тек сыйлық қана емес, естелікке толы мерекенің бір жарқын белгісіне айналды. Осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған Наурыз мерекесі үшін мектеп әкімшілігіне шексіз алғысымды білдіремін, – дейді 9-сынып оқушысы Шейхислам Нұрмұхамбетұлы.
Наурыз тойының көркін қыздырған тартымды нөмірлердің бірі көнеден келе жатқан, бүгінде ұмыт бола бастаған ұлттық ойын ләңгі болды. Қазақ халқының шымырлық пен ептілікті қатар талап ететін төл ойыны дәл осы кеште қайта жаңғырып, мерекенің жарқын бөлігіне айналды. Аталмыш сайысқа қатысуға ниет білдірген қатысушылардың саны аз болмады. Қарасы қалың көрерменнің қошеметімен алаңға шыққан әр қатысушы жеңіс тұғырынан көрінуге барын салды. Олар аяқтары талғанша ләңгі теуіп, шеберліктерін паш етті. Бірінен бірі озуға тырысып, ешкім жеңіліс дәмін татқысы келмей, бар ынтасымен соңына дейін күресті. Әрине кез келген жарыстың табиғаты сол, біреу жеңіске жетсе, енді біреу сүрінеді. Ләңгі тебу жарысында екінші орын иеленген қатысушының айтуынша, жеңіс тұғырынан көрінуіне небәрі бір ғана ұпай жетпей қалыпты.
– Қазақ халқының сан ғасырлық мәдени мұрасының бір бөлшегі саналатын ұлттық ойындардың ішінде ләңгі ойынының алатын орны ерекше. Бұл тек балалық шақтың естелігі ғана емес, халқымыздың ептілік пен төзімділікті, шапшаңдық пен тепе-теңдікті ұштастыра білген дана өнерінің бір көрінісі. Шыны керек, бала күнімізде жолдастарымызбен жарысып, достарымызбен таласа ойнап, таң шапағынан күн батқанға дейін ләңгі тебумен әуестенуші едік. Ол кезде уақыт ұғымы да, шаршау деген де болмағандай сезілетін. Алайда қазіргі таңда бұл ойын ұмыт болудың алдында тұр. Рас қазіргі заманда интернет пен смартфонның шырмауы жастарды табиғи қозғалыстан алыстатып барады. Десе де ұлттық ойындарымызды қайта жаңғыртып, жаңа буынға насихаттауға толық мүмкіндігіміз бар. Осындай көпшілік жиналатын думанды шараларда, салт-дәстүріміз дәріптелетін басқосуларда ләңгі сынды ойындарды қайта енгізсек, бұл бастама көпшіліктің қолдауына ие болары сөзсіз. Бүгін мектебіміздегі дүркіреп өткен Наурыз мейрамында осы бір ұмыт бола бастаған ұлттық мұрамыз ләңгі ойынына арналған жарыс ұйымдастырылды. Өз басым бұл сайысқа үлкен ықыласпен қатысып, бақ сынадым. Қатысушылар әртүрлі топтарға бөлініп, жарыстың шырайын қыздыра түсті. Алғашқы кезекте аяқ үйренбей, тек төрт рет қана ләңгі тебуге шамам жетті. Бірақ бұл мен үшін тек бастамасы ғана. Келешекте бұл ойынды толық меңгеріп, өз балаларыма да үйретіп, оның тәрбиелік мәнін, ұлттық рухты оятатын тұстарын кеңінен насихаттауды мақсат тұтып отырмын, – дейді көлік жүргізуші Ержан Айнақұлов.
Наурыз мейрамы мектеп ауласындағы үлкен спорт стадионының аумағында өтті. Мерекенің салтанатты сипатын айшықтай түсу үшін алаңға жеті бірдей киіз үй мен қосымша екі кең шатыр тігіліп, әрбір киіз үйге алдын ала бекітілген сынып оқушылары жайғастырылды. Киіз үйлердің әрқайсысы жеке сыныптарға тиесілі болып, олардың безендірілуі мен ішкі жабдықталуына сол сыныптың ата-аналары жауапты ретінде бекітілген.
Мәселен 12 «Б» сыныбының ата-аналар комитетінің төрайымы Балақыз Үшкемпірқызының айтуынша, Наурыз мерекесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы ата-аналар мен мектеп ұжымының бірлесе отырып жасаған үйлесімді еңбегінің нәтижесі. Оның сөзінше бұл мереке тек ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға бағытталған іс-шара ғана емес, сонымен қатар мектеп пен ата-аналар арасындағы байланысты нығайтатын тәрбиелік мәні зор ортақ іс-шара ретінде де маңызды рөл атқарады.
– Наурыз тойы ата-аналар мен балалардың бірлігі мен ынтымақтастығының жарқын көрінісі. Біз бар күшімізді салып, төл мерекемізді, яғни Жаңа жылымызды қарсы алуға дайындықты бастан-аяқ атқарып жатырмыз. Бұл тойда тек қана ұлттық тағамдар ғана емес, сондай-ақ қазақтың қонақжайлылығын көрсететін дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар да көрсетілуде. Әр киіз үйге жауапты ата-аналар бекітілген. Олардың міндеті – киіз үйлердің безендірілуінен бастап, қонақтарға қызмет көрсету, дастарқандарын әзірлеу мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біз бірінші киіз үйге жауаптымыз, ол 137 балаға арналған. Алты сыныптың оқушылары осы киіз үйге бекітілген. Бұл киіз үйде тек тағамдар ғана емес, балалар үшін қызықты және мәнді іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен ұлттық ойындар, ән-күй және қолөнер көрмелері балалардың көңілін көтеріп, оларды Наурыз мерекесінің маңыздылығымен таныстырады. Осылайша әрбір ата-ана мен бала өз үлесін қосып, тойдың сәнін арттырып жатыр,– дейді Балақыз Үшкемпірқызы.
Салтанатты іс-шара барысында арқан тартыс, қол күрес, би жарыс секілді ойындар ұйымдастырылып, кеш көркін қыздыра түсті. Белсенділік танытқан оқушыларға арнайы дайындалған сый-сияпаттар табысталып, жеңімпаздарға жоғары дәрежедегі жүлделер тағайындалған. Сондай-ақ барша қонақтарға наурыз көже таратылып, шет елден келген азаматтар қазақ дастарқанынан дәм татты.
Ұлттық іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ