Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өтеген батыр және оның танымал ұрпақтары

Өтеген батыр және оның танымал ұрпақтары
Автор
Қордай жеріндегі киелі орындардың бірі – Өтеген Өтеғұлұлының кесенесі. Аудан орталығында ат үстіндегі еңселі ескерткіші тұр. Кесене мен ескерткіш 1999 жылы батырдың 300 жылдық мерейтойына орай тұрғызылған болатын. Ғасырлар бойы ел аузынан түспей келе жатқан Өтеген батырдың тегі – төрт ру Дулаттың Жанысы.

Өтеген Өтеғұлұлы 1699 жылы Шу өзенінің саласындағы Изенді деген жерде туған. Жастық шағы Әз Тәуке хандығының аяқ кезіне тұспа-тұс келеді. Тәукенің өлімінен кейін жоңғарлар қайта бас көтеріп, қазақ жеріне жаңа жорықтар бастағанда Өтеген жастай атқа қонып, жауға қарсы көп ұрыстарға қатысады. Сондай шайқастардың бірінде жекпе-жекте жаудың Сабан Тайшық деген батырын өлтірген. Жасөспірім шағында Қазыбек бек Тауасарұлымен бірге түстіктегі мұсылман елдерін 9 жылдай аралап, ілім-білім жинап қайтатыны бар. Өтеген кейін Төле бидің қасында жүріп, Абылай ханның белгілі батырларының қатарына енген. Тіпті, оның Абылай ханның өз қолынан алып келген әйгілі шұбар тегенесі бүгінде Қордайдағы ұрпақтарының қолында сақтаулы. Өтегеннің батырлығы, көріпкелдігі, әулиелігі туралы ел аузында жүрген аңыз-әңгімелер өте көп. Ол туралы Жамбылдың «Өтеген батыр» дастанында, Сүйінбай, Құлманбет, Майкөт және тағы да басқа ақындардың өлеңдерінде кеңінен баяндалады. Ал, Өтегеннің бесінші буын ұрпағы Тілеміс шешеннің батыр бабасы туралы «Өтеген батыр» және «Жорықта» деген екі дастаны бар.

Өтеген батыр 1773 жылы 74 жасында Іле өзенінің бойында қайтыс болып, Шеңгелді деген жерде жерленген. Арада екі ғасыр өткеннен кейін Қапшағай суқоймасының салына бастауына байланысты 1973 жылы сүйегі қазылып, Қордай ауданындағы Кеңес (бүгінде Өтеген) ауылының іргесіне қайта жерленген.

 

ҚАЗЫБЕК ПЕН ӨТЕГЕН

1993 жылы «Жалын» баспасынан Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» деген кітабының жарық көруі ерекше оқиға болған еді. «1776 жылы жазылған қазақ тарихы» деп көрсетілген кітап сол кезде 300 мың данамен таратылды. Кітап екі ғасырға жуық уақытта бірнеше мәрте көшіріліп, жер астына көміліп, сақталып, біздің дәуірге жеткен. Әрине, бұл оқиға кезінде тарихшылар мен зерттеушілер тарапынан үлкен резонанс тудырды. Ондағы баяндауларды қазақ тарихына қосылған баға жетпес үлес деп бағалағандар да, керісінше кітаптың шынайылығына күмән келтіргендер де болды. Сондықтан да дау-дамайға нүкте қою мақсатында 2000 жылы белгілі ғалымдардың қатысуымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын» деген тақырыппен ғылыми конференция өткізіліп, 2008 жылы баспа кітапты қайта басып шығарған еді. Бұл жолы оның әуелгі арабтың қадым жазуымен жазылған көне үлгісі мен оның сол күйі кириллицаға көшірілген және қазіргі қазақ әдеби тілінің қалыбына түсірілген нұсқалары қатар беріліп, үлкен кітап (1084-бет) болып шыққан. Үшінші мәрте кітап 2019 жылы қайта басылды. Қазыбек бектің бұл жазбаларында замандасы әрі досы Өтеген батыр туралы көп айтылады.

Алдымен Қазыбек бек Тауасарұлы туралы аз-кем сөз. Өзінің жазуынша, ол 1692 жылы Іле Матайының етегінде дүниеге келген. Әкесі Шапырашты Тауасар заманында би болған кісі. Баласы Қазыбекті 5 жасынан оқытқан. Бұқарада 4 жыл дін оқуын оқып келген соң ауылы аралас, қойы қоралас Шапырашты-Дулат арасында өзі құралпы балалардың сауатын ашқан. Олардың ішінде Қазыбектен бір жас қана үлкен Өтеген де болған. Бірер жылдан соң Қазыбек қайтадан оқу іздеп ұзақ сапарға дайындалады. Қасқарау Өтеғұл бай бел баласы Өтегенді оған қосып жіберетіні осы тұс.

«Өтеген доңыз жылы туған, менен бір жас үлкен», деп жазады Қазыбек бек Тауасарұлы. – Ол да мен секілді көктемгі аласапыранда дүниеге келген екен.

Өтеген Өтеғұлұлы әкесіне құдай берген жеті ұлдың бірі еді. Ол сан жағынан алғанда төртінші ұл болатын. Шешесі Ұмсындық ақжарқын, өте фазылды, ғазиза кісі еді. Әкесі Өтеғұл – шаруа адам. Малды да, жанды да кісі. Өйткені туған-туысқандары өте көп адамдар болатын. Сол малды сол кездің өзінде Бұқара, Самарқанд жерлеріне көбірек айдап, соның әсерімен алтын ақша жинаған Қасқарау-Сырымбет тұқымы Өтеген ауылы еді.

Өтен маған он жасымда ерді де, содан дүниенің біршама жерін бірге шарладық».(135-бет).

Осыдан бастап Қазыбек бек пен Өтеген ұзақ уақыт жұптары жазылмас достарға айналады. Тауасар би мен Өтеғұл байдың мол дәулетінің арқасында олар Бұқара мен Самарқандқа барып оқуын жалғастырады. Кейін Қабол (Кабул), Шам, Бағдат, Ыстамболдағы ғылым ордаларында біліммен сусындайды. Онымен де қоймай Еуропа мен Ромға (Рим) жетеді. Арада сегіз жыл өтіп, тоғызыншы жылға қарағанда бүкіл Еуропаны көктей өтіп Ресей арқылы елге оралады ғой.

Жасынан дүние кезіп жинаған мол білімнің арқасында Қазыбек кейіннен хан, билердің, әйгілі батырлардың қасында көп жүрген. Өзі де қалмақтарға қарсы талай шайқаста қол бастаған батыр болыпты. Ол жайында Қазақ энциклопедиясында: «Қазыбек Тауасарұлы... Наурызбай әскерінің мың басы... Құба қалмақтарымен соғыста тұтқынға түскен ағасы Байкөбекті құтқармақ болып көп қалмақпен соғыс үстінде өлген» дейді. (ҚСЭ, 6 том, 399-бет).

Далатаудағы (Аңырақай) соғыста көзге түскен Қазыбек батырға Бек атағы беріліп, Жолбарыс ханның Орда бегі болып бірнеше жыл хан тізесін басқан. Атасы Матайдың жазбаларын пайдаланып, Абылай мен Жолбарыс хандардың шыққан тегі туралы шежірелі кітаптар жазған. Ал мына «Түп-тұқианнан өзіме шейін» кітабын бір жаугершілікте қатты жараланып, жаудың уға суарылған найзасының ұшы тиген жарақаты ушығып, бірнеше жыл төсек тартып жатқанда жазыпты.

Бұл кітапта Алланың нұры жауған Бәйдібек баба мен Домалақ ана ұрпақтарының, оның ішінде Жалманбет Шапырашты мен Жарықшақ Дулат балаларының өсіп-өну шежіресі жан-жақты баяндалады. Қазыбек Тауасарұлының өзі Іле Матайлық Шапырашты да, Өтеген досы Дулат, Жаныс, Жарылқамыс тармағынан. Кітапта екеуінің 8 жылдан аса өнер-білім қуып жер-жаһанды бірге шарлайтын әйгілі сапарнамасына «Менің замандастарым. Өтен екеуміз» деген жеке бір тарау арналыпты. (Олар бірін-бірі өле-өлгенше сыйлап «Өтен», «Қазкен» деп атаған). Сол сапарда олардың басынан қызығы мен шыжығы қатар өрбіген небір оқиғалар өтеді. Сол заманның өркениет дамыған елдерінен кітапхана, ғибадатхана қоймай білімге құнығады. Әсіресе, бұрыннан тіл сындырған Қазыбек аса ширақтықпен араб, парсы тілдерін меңгеріп, талай шығыс ғұламаларының пәлсапалық терең ойлы ілімімен танысады. «Ілімде барлық мағрифат атасы, яғни, оқу-білім атасы фәлсафа делінеді» дей келіп, Қазыбектің өзі «қарашоқылық Әбунасыр бабамыз» деп атаған кемеңгер ойшыл әл-Фарабидің данышпандық ілімін таратуды, оған өзінің көзқарасы кімді қызықтырмайды?! Аспан әлемі, медицина, әуен-әуез, сәулет, сурет өнерлеріне ден қояды. Өтегеннің оқуына да жәрдемдеседі. Бірақ Өтеген тосыннан кеселге ұшырап, білімге терең бойлай алмаған екен.

«Шам қаласына келіп орналасқан соң Өтеген қатты ауырды» деп жазады Қазыбек Тауасарұлы, – Өтегеннің басында іштен туған жара болатын. Ол уақыт өткен соң аузы қарақотырланып, оң жақ шекесінде мүйіз сияқтанып қатып қалған. Осындағы тәуіпке көрсеткенімізде тәуіп бассүйекте тесік бар, содан іштен әртүрлі қан ұйысқан сұйық заттар шыққан. Енді ол тас болып мүйізденіп, бассүйектегі тесікті жауып қалған. Қазір жер жағдайына байланысты қозғалып ауырған болар, бір айдан кейін қояды дегенді айтты...

– Сен мені қалдыр да, барлық ақшаны алып елге қайта бер, – дедім.

Өтен оған көнбеді.

– Мен оқымай-ақ, сенің оқығаныңнан естіп-ақ көп нәрсе білермін, – дегенді айтты» (156-бет).

Ақырында ғайыптан бұларға бір диуана жолығып, Өтегеннің ауруы қауіпті екенін біліп келдім деп ем жасайды. Сосын: «Ал енді ажалдан қалдың, қош бол!» деп бұлар ұсынған ақшаны да алмай «Құдай үшін, құдай үшін я Раббым» деп тез кетіп қалады. Өтеген содан құлантаза жазылып кетеді, ал жара орны кәдімгі мүйіз болып доғалақтанып қатып қалады екен. Батырды «Мүйізді Өтеген» атандырып жүрген осы жай болса керек.

Өтеген сауыққан соң бұлардың сапары қайта жалғасады. Араб, парсы елдерінен әрі Еуропа төріне Ромға (Рим) жетеді, Ресейге өтеді. Басында мол дәулетпен кеткен екеуі соңында бар ақшасын тауысып, жол-жөнекей орыстың байларына жалданып қыстап қалады. Көктем шыға қоржын толы кітаптарын, Өтеген қоярда-қоймай алып жүрген сым қобызды арқалап, жаяулап ел шетіне де ілігеді. Еділ бойына келгенде олардың қайыршы да, ұры-қары да емес, ұлы жүз Үйсіндегі Бәйдібек бидің өнер-білім қуған жиһангер ұрпағы екеніне көзі жеткен қазақтар бірден-бірге өткізіп, Шу өңіріне дейін жеткізіп салған. Өтегеннің тумалары ол кезде Іленің оң қанатынан қоныс аударып, атақонысы Қордай, Қараадырда отырады екен. «Баламды Қазыбек алып кетіп, өзі де, менің баламды да құртты,» деп жылап жүрген Өтеғұл бай сүйінші хабарды естісімен 100 атты адам, саба артқан түйелерімен алдынан шығады. Шешесі Ұмсындық дауыс салып тұрып көріседі. Өтеғұл бай баласының оралу құрметіне той жасайды. Той тарқаған соң Өтегеннің асқан молда, ғұлама болып келгеніне көз жеткізу үшін әрқилы әңгімелерге тартып, өлгендерге құран оқытып, байқайды. Сөйтіп баласының жат өлкелерде 8 жыл бойы текке жүрмегеніне көзі жетіпті.

Кітапта жарты әлемді шарлап, ащыны да, тұщыны да мол татқан Өтегеннің көргені де, түйгені де көп, заманында өзімен иықтас азаматтардың көбінен өресі биік етіп бейнеленген. Бір қызық жәйт, осы «Түп-тұқианнан өзіме шейін» кітабының алғашқы бетінде басылған автор суретінің Өтегеннің қолынан шыққан туынды екені көрсетілген. Қазыбек бектің сурет өнері өзіне қонбағанын, ал Өтегеннің оны әжептеуір меңгеріп алғаны айтылатын жері бар. Әлгі суреттің оң жақ астыңғы бұрышында араб әрпімен: «Қазыбек бек. Сурет рәсімі Өтеген» деп жазылған. Бұл екеуінің бір қиырдағы Ром елінде Италия мәдениетін тамашалап, сәулет, сурет өнерін құныға қызықтауынан, үйренуінен қалған бір белгі болса керек-ті.

Кітаптың өзге тараулары сол замандағы хан, билер жайлы және қазақ-жоңғар соғыстарының Қазыбек бек өзі тікелей араласқан, куә болған һәм естіген оқиғалардан тұрады. Қазақтың үш данагөйі Әз Төле, Қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке билердің көзін көріп, сөзін тыңдаған, Абылай, Жолбарыс хандардың, Бұқар жыраудың, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сынды батырлардың ел қорғау жолындағы күресін сүйсіне еске алатын тұстар мол. Әрине Мүйізді Өтеген атанған батыр жолдасын да ұмытпайды. Оны алып қара күштің иесі, жүрекжұтқан көзсіз батыр етіп:

«...Өтеген де өте қаны басына тез шығатын кісі. Өтенге салсаң тіке шабуылға шығып, найзалап, қылыштасқысы келеді. Ол жау жағының күші бізден басымдау екенін ескермейді» деп сипаттайды. Ал Өтегеннің қалмақтың бас батыры Ботхишармен болған жекпе-жекте жеңіп шығуын суреттеген тұсы тіпті ерекше:

«Ботхишардан да хабардармыз. Оның осы қолда 10 ұлы бар, бәрі үйелменді-сүйелменді. Бәрі менің Қасқарым мен Өтегеннің Тарпаңы қатарлы. Ботхишарды 10 ұлы майданның бірсыпыра жеріне дейін шығарып салды.

Өтеген Төлеқұлаға мінгенде Тарпаң солқылдап тұрып жылады. Өтегеннің тілеуін тілеуші көп болды. Осы майданда Өтеген Төлеқұлаға мінгенде 10-15 адамның белбеуін мойнына салып, құдайға жалбарынып мінәжат етіп тұрғанын байқадым. Өтеген жорға құлаға өзі мінді. Бұл – қазақ жоралғысы. Майданға бара жатқан кісіні ешкім аттандырмайды. Сәлден кейін Төлеқұламен Өтеген майданға қарай жұлдыздай ақты.

Арғы беттен Ботхишар шапты. Ол да құла мінген. Екеуі ортаға жеткенде найзаларының шақ-шақ еткен дыбысы шықты. Төлеқұла өзінің басалқы жорға екеніне қарамай, өте омыраулы жылқы екен. Арада бие сауым уақыт өткенше екі батыр бірін-бірі алыса алмай, бір-біріне найзасын да, қылышын да дарыта алмады. Енді сәлден соң әбден терлеген, денесі қызған аттардың да дыбысы шыға бастады. Төлеқұланы Өтеген тура Ботхишар құласының жанынан салды. Төлеқұла соншалықты омыраулы жылқы екен, қалмақ құласын екпінімен омыраулатып ығыстырып жіберді. Қалмақ құласы шыдамай, әрі бұрыла бергенде Өтеген Ботхишарды бүйірден сайып жіберді. Ботхишар аттан аунады. Дарымады деп тұрдық біз. Бірақ Өтегеннің кіріп кеткен найзасы шықпай, ол әлі ат үстінде еді. Өтеген қалмаққа енген найзасын қос қолдап қайта тартқанда, шамасы суырылды білем, Ботхишар аттан құлап бара жатты. Қалмақтар жағы шулап кетті. «Құлады, құлады!» деп қазақтар тұрды. Батырының жеңгеніне қуанған қазақтардың жылап жібергендері де көп еді» (240-бет).

Тағы бірде қазақ-қалмақ қолдары Шу өзенінде текетіресіп тұрған шақта аңға шыққан Өтеген батырды қалмақтар қолға түсіріп, аяқ-қолын матап алып кетеді. Оның ішінде әлгі Өтегеннің қолынан ажал тапқан Ботхишардың туған інісі Батжарғал да болады. Қалмақтар шулап бір қамыс күркеге әкеліп, Өтегеннің қолына зәнзір, екі аяғына кісен салады да, екеуінің арасынан шынжыр өткізіп байлайды. Бір күні қып-қызыл оттан шыққан темірді екі балтырына, екі жауырынына басады. Екі балтырдағы күйік орны да жазылады, жауырындағы жара тыртық болып бітеді. Содан арада табандатқан он жыл өтіп, он бірінші жылдың күзінде қалмақ ауылын қытайлар шауып, басып алады. Бір тәуірі олар кісендеулі тұтқын батырды қинамай, өздерімен бірге алып келіп, аяқ-қолын бұғаудан босатады. Сол кеткеннен тұп-тура 13 жыл бойы із-түзсіз жоғалған, елде ас-суы беріліп, өлдіге саналған батыр 1729 жылы елге қайтіп оралады. Осылай екінші мәрте «жоғалып табылған» Өтегеннің ауылына оралып, Қазыбек екеуінің жылап көрісуі, оның бастан өткенін досына түгел баян етуі өзіндік бір хикая. «Жылап көрістік. Осыдан былай ол өзінен әл кеткенше менің көз алдымда, соғыста желкемде болды» дейді Қазыбек бек.

Қазыбек бектің кітабы «Сарытөсек болғанда» деген өлеңмен жазылған тараумен аяқталады. Онда да жас кезінде Өтеген екеуінің білім қуып 9 жылға тарта жиһан кезгенін еске алған шумақтар бар:

«...Оқыттым, сауат ашты Өтен досым,

Бәрінен тәуір болды менің осым.

Дос болды жан алысып, жан беретін,

Басқаның отын жақпас етіп қосын.

Екеуміз кеттік қаңғып дүние шарлап,

Оқыдық көп қитапты шарлап-барлап.

Кейде біз иттің күнін көріп жүрдік,

Аңсадық елімізді жылап, зарлап.

Қонбады сурет маған салдым гүлді,

Бір күні сызып көрдім үнді пілді.

Салған пілім ит болып шыққаннан соң,

Өтеген келеке етіп әбден күлді.

Өтеген сурет салды, өнер тапты,

Көтерді қолға байлап қаламсапты.

Қазақты дін ислам жайлап алып,

Өнері Өтегеннің өмірем қапты...» деген жолдар жоғарыда айтылғандай, Өтегеннің сурет өнерінен де хабары болғанын айғақтай түседі.

Қазыбек бек: «Өтеген екеуміз менің 10 жасымнан бастап бірге болдық та, өле-өлгенше ажырамадық» деген екен.

Ежелден аралас-құралас Шапырашты-Дулаттың тағдыр табыстырған қос батыры қоныстарын қатар тігіп, жұптарын жазбай кейінгі өмір тіршіліктерін бірге өткізген деседі. Бүгінде Алматы облысының Күрті ауданына қарайтын сол өңірде Өтеген, Қазыбек аталатын қатар жатқан екі тау бар екен. Қазыбек бектің бейіті сол Қазыбек тауының биігінен орын тепкен. Шығыс жағындағы Өтеген тауымен арасы біраз ашық, екі ортада қар суы мен жауын суы ағатын арна бар. Өтегеннің ұлы Тарпаңның да жерленген орны осы Күрті өзенінің бойында.

Сол жерге 2009 жылы батырдың бір топ ұрпағымен бірге Тарпаңның басына зиярат ете барғанда Өтеген мен Қазыбек аталатын егіз тауды қашықтан көріп тамашалаған едік.

Мен Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» деген кітабындағы Өтеген батырға қатысты тұстарын ғана қысқаша шолып өттім. Ал осыдан екі жарым ғасырдай бұрын хатқа түсіріліп, біздің бағымызға әлдеқалай жолдармен сақталып жеткен бұл кітаптан күллі қазақ тарихына қатысты қаншама жайларға қанығуға болады десейші!

«Мен дүниеде өз жұртымнан асқан ел бар деп танымаймын...

Үшбу жазуды менің туған-туысқандарым, болашақ ұрпақ, үрім-бұтақтарым, сендерге арнаймын» деп, толғай да толғай бабалар шежіресін тарқататын, хан, билердің, арыстан жүрек батырлардың ерлік жолдарын баян ететін (кейбір мансапқор сұлтандар мен батырлардың пендешілік, пасық әрекеттерін де аяусыз әшкерелейтін) бұл кітаптың маңызы зор. Кезінде Талас Омарбеков, Берекет Кәрібаев, Хайролла Әбжәлилов, Мақсұт Шафиғи, Ғафу Қайырбеков, Балғабек Қыдырбекұлы, Бексұлтан Нұржекеұлы тәрізді көптеген белгілі тарихшы ғалымдар мен әдебиет зерттеушілерінің, ақын-жазушылардың бұл кітаптың тарихымызды шынайы тұрғыда танып-білуге қосар үлесін жоғары бағалауынан-ақ оның әр қазақ шаңырағының төрінде тұруы тиіс құндылығын аңғаруға болады.

 

БАТЫРДЫҢ БІР ПЕРЗЕНТІ ТАРПАҢ ЕДІ

Тарпаң туралы әңгімені сәл әріден бастауға тура келеді. 2009 жылғы 25 ақпанда «Egemen Qazaqstan» газетінде жазушы Ұзақбай Доспанбетовтың «Үш Өтегеннің біреуі» деген мақаласы жарияланып, тарихтан хабары бар көзі қарақты жұртшылық арасында таңданыс тудырғаны мәлім. Жаныс Өтеген батыр туралы ауыздан-ауызға көшіп, жыр алыбы Жамбылдың дастандарымен жеткен, тіпті батырдың замандасы, үзеңгілес досы болған Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқианнан өзіме шейін» кітабынан белгілі үш бірдей батырлық, жиһангерлік және әулиелік қасиеттері сол қалпы жалайыр Өтеген Сәбденұлына телініп жазылуы, жұмсартып айтқанда қынжыларлық жай болды. Ондағы бірқатар деректің бұрмаланып, 1973 жылы Іле бойынан батырдың сүйегі Қордайға жаңылыс қазылып апарылған деген жаңсақ пікірлерге қарсы белгілі тарихшы-жазушылар Бақытяр Әбілдаұлы мен Марал Ысқақбай сол газеттің бетінде дәлелді түрде тойтарыс берді де.

Тарихтан мәлім, үш Өтегеннің ішінде «мүйізді» аталғаны Жаныс Өтеген батыр ғана. Қазыбек бек екеуі жаһан кезіп жүріп Шам қаласына келгенде Өтегеннің басының шеке тұсынан сүйекке түскен қатерлі жара пайда болғанын жоғарыда жаздық. Небір қараүзген емшілердің емінің арқасында жараның аузы қарақотырланып, бармақ басындай сүйелге айналып барып біткен. Өле-өлгенше шодырайып сол күйі қалған. Мүйіз деп жүргендері сол.

Ал 1973 жылы батырдың сүйегін Шеңгелдіден қазып әкеліп, қайта жерлеуге қатысқан қордайлық қариялар бассүйектің оң жақ шекесінде оймақ орнындай ойық болғанын айтып отыратын. Ол үлкендердің бәрі дүниеден өтіп кетті. Солардың бірі, ол кезде «Искра Ленина» кеңшарының зоотехнигі болып істеген Құрманбек Нұрмаханбетов бабасын қайта жерлеу барысын былай деп еске алып еді:

«Бабамның сүйегін бір-бірлеп алып, қайта жерлеуге бипаздап реттедік. Сарғыш тартқан сүйектер аса ірі болатын. Үстіңгі жақта бір ғана тіс қалыпты, оның өзі жартылай сынық. Бассүйектің оң жақ маңдайында бес тиынның көлеміндей қарауытқан тесік байқалды. Бұл, сірә, әлгі көп айтылатын мүйіздің орны болса керек...».

Сол даулы мақалада «Өтеген Тарпаң атты қызға үйленіп, ол қыз бұдан жүкті болады» деп шатасқан тұсы да болды. Тарпаң Өтегеннің әйелі емес, ұлының есімі.

Өтегеннің 8, кейбір деректерде 11 баласы болған деседі. Тарпаң ұлдарының кенжесі. Бүгінде Қордай ауданында Өтеген батырдың ұрпақтары көптеп саналады, оның ішінде Тарпаңнан тарайтын 150-дей түтін бар. Көпшілігі Өтеген ауылында тұрады. Бұл мекен әуелде Қырық үй, Кеңес үкіметі кезінде Кеңес аталып келді. Қырық үй атауы Ноғайбай Дәулетбақұлы 1868 жылдары болыстық сайлауға түсіп, көбірек дауыс жинау мақсатында Іле, Шеңгелді өңірінен 40 шақты үйді Шу өзенінің бойына көшіріп әкелуінен аталып қалған деседі. Кейіннен батырдың сүйегі қайта жерленген кесенесі осы ауылдың теріскей шығысында биік беткейде орналасқан.

Ал Тарпаңның жерленген орны Қазыбек бек кентіне таяу Күрті өзенінің бойында. Әлгі даулы мақаладан соң ұрпақтары бабаларының басына жиі барып тәу етіп, құран бағыштап тұрды. Ал 2019 жылы Қордайдың қызыл гранитінен ескерткіш белгі орнатылып, Қазыбек бек кентінде осы ауылдың тұрғындарына құдайы тамақ берілді. Өтеген батырдың әйгілі шұбар тегенесі апарып көрсетілді. Бұл іс-шараға Қазақстан Республикасының Құрметті дәрігері, белгілі қоғам қайраткері Мүсілім Дайырбеков, көрнекті жазушы Марал Ысқақбай қатысып, кешегі ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде ел қорғаны болған батыр бабалар рухын әспеттеудің тарихи-танымдық, тәрбиелік маңызы туралы көшелі ойларымен бөліскен еді.

Айтпақшы, Тарпаңның бейітінен қозы көш жерде тас жолдан түстікке қарай дөң басында сәулетті кесене бар. Бұл ұрпақтарының дені қазір Қордай ауданында тұратын, заманында аса ділмарлығымен, әділ билігімен Мәті би атанған Малдыбай бидің мазары. Ол Өтегеннің туысы, немере інісі еді. Қасқарау Сырымбеттен Өтеғұл, Өтеп ағайынды болғанда, Өтеғұлдан Өтеген батыр, ал Өтептен Тауасар, одан Малдыбай туған. Ноғайбай би осы Малдыбайдың шөбересі. Әулиеаталық атақты Майкөт ақынның: «Қасқарауда жеті құт бар, бірі – Малдыбай, бірі – Бесжалаңаяқ» деуі тегін емес. Ал, Бесжалаңаяқтың бірі Кенен Әзірбаевтың атасы екенін де айта кетейік.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қордай ауданының Құрметті азаматы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар