
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күрес шаралары туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы облыстық бюджеттен акарацидтік препараттар сатып алуға 119,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Осы қаржы есебінен табиғи ошақта орналасқан Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ және Шу аудандарындағы 46 елді мекенде үш кезең бойынша залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.
– 2025 жылы эндемиялық аймаққа енгізілген Тараз қаласы мен аудандардың тұрғындарын қорғау жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, осы 46 елді мекенде бірінші және екінші кезеңдерде 5,7 миллион шаршы метрді құрайтын 24 392 қора-жай мен 168 мың шаршы метр буферлік аймақ және барлығы 580 мың ауылшаруашылығы жануарына залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Үшінші кезең тамыз-қыркүйек айларында өтеді. Аталған іс-шараларға облыстық бюджеттен 168,6 миллион теңге бөлініп, бұл қаржы тікелей трансферт арқылы аудан әкімдіктеріне жолданды. Қажетті дәрі-дәрмектер толығымен сатып алынды, – деді Бақыт Бетбаев.
Сонымен қатар, қала және аудандық бюджеттер есебінен тағы 123,7 миллион теңге қарастырылған.
Жыл басынан бері адамдар арасында кене шағу фактілері де азайған. Мәселен, былтыр осы кезеңде 56 адам тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 32-ге төмендеген. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, биылғы жылы кене шаққан адамдардың қан сынамалары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына теріс нәтиже көрсеткен.
Кенелер ауыл шаруашылығы жануарлары арқылы тасымалданатындықтан, малдың жайылымдағы жатын орындарын арнайы қондырғылармен, ал елді мекендердегі қора-жайларды арнайы рансты бүріккіш құралдармен өңдеу көзделген. Осы жылдың 15 сәуірінен бастап залалсыздандыру жұмыстары басталады.
Бақыт Бетбаев сонымен қатар көктем-жаз айларында кенелер мен қанатты жәндіктер арқылы жұғатын қанды-паразитарлық аурулар – пироплазмоз, бабезиоз, тейлериоз сынды жұқпалардың алдын алу үшін шаруа қожалықтардағы қора-жайлар мен аулаларды дезинфекциялық, дезинсекциялық, дератизациялық тәсілдермен залалсыздандыру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта 3 сәуірде №276 хат жолданып, аудан әкімдеріне халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, залалсыздандыруды ветеринария саласы арқылы ұйымдастыру тапсырылған.
Облыс әкімі елді мекендердегі кора-жайларды заласыздандыру шаралары сапалы жүргізілуі тиіс екенін айта келіп, атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесіне бақылауды күшейтуді тапсырды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл жұмыстың сапалы жүргізілуін және күн сайын бақылауда ұсталуы тиіс екенін ескертті. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев зертханалардың дайындығы туралы баяндап, олар сақадай-сай екенін айтты.
Мұнан соң аудан әкімдері де онлайн байланысқа шығып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Таза Қазақстан» акциясы бойынша облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылдан бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы облыста да кең көлемде іске асырылуда. Облыстық мәслихаттың шешімімен қабылданған 2024-2029 жылдарға арналған экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы негізінде елді мекендерде санитарлық және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде, – деді Ғалым Исақов.
20 наурыз бен 20 сәуір аралығында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен «TazaLike» экологиялық айлығы өтуде. Аталған іс-шара аясында «Болашақты бірге отырғызамыз», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», «Жер сағаты», «Тазарту күні», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Таза жағалау», «Жасыл аула» секілді акциялар ұйымдастырылып, жалпы саны 174 мыңнан аса көшет егілген. Оның ішінде 18 107 көшет «TazaLike» аясында, 34 200 көшет «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында, 122 000 көшет облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Ғалымұлы бекіткен «Әр ауылдық округке 2000 тал егу» жобасы аясында отырғызылған.
– Бұл іс-шаралар бойынша отырғызылған көшеттердің растығы мен сапасын тексеру мақсатында облыс әкімі аппаратының инспекторы және басқарма қызметкерлері іссапарға жіберілді. Қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі. Жалпы аталған жұмыстарға 68 мыңнан аса адам, 50 ірі және 400-ден аса шағын кәсіпорын, 3 мыңнан астам волонтер мен қоғам белсендісі қатысты, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Тараз қаласында «Jambyl Cement» компаниясының демеушілігімен 10 миллион теңгеге 3,6 мың көшет, «Тараз металлургиялық зауыты» есебінен 10 мың, ал «Qazaq Soda» компаниясы тарапынан Сарысу ауданында 27 мың көшет отырғызу жоспарланған.
Наурыз-сәуір айларында 9050 мың шаршы метр гүлзар, 4110 мың шаршы метр көгал орналастырылып, 550,2 шақырым арық пен канал, 1 968 шақырым көше, 437,8 мың шаршы метр саябақ пен сквер аумағы тазаланыпты. 3 351 тонна күл-қоқыс шығарылған.
Жалпы биыл санитарлық тазалыққа 2,4 миллиард теңге, көгалдандыруға 1,2 миллиард теңге бөлінген.
Сонымен қатар абаттандыру қағидаларын бұзған 4,3 мың дерек тіркеліп, 185,2 мың теңге айыппұл салыныпты. Жыл соңында «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі аула» конкурстары өтіп, жеңімпаздар марапатталатын болады. Ал жергілікті әкімдіктер конкурсқа қатысушыларды іріктеуді қазірден бастауы тиіс.
– ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің атынан «Таза Қазақстан» акциясы мен жасыл желектерді күтіп-ұстау бойынша есептер ай сайын ұсынылады. Алайда, әкімдіктер тарапынан сапалы ақпарат уақытында берілмей отыр. Сондықтан, құрметті Ербол Шырақпайұлы, аталған есептердің мерзімінде әрі сапалы ұсынылуы үшін хаттамалық тапсырма беруіңізді сұраймын, – деді Ғалым Исақов.
Айта кету керек, облыста аталған акция бойынша «Telegram-bot» арқылы өтінім қабылдайтын ақпараттық сервис іске қосылды. Мұнда тұрғындар 19 түрлі санат бойынша өтінім беріп, абаттандыру, көгалдандыру, тазалық, жарықтандыру сынды мәселелерге тікелей қатыса алады.
Кеңесті қорытындылаған Ербол Қарашөкеев: «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жоғары деңгейде өтуі тиіс. Көктемгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары назардан тыс қалмауы қажет. Талас, Сарысу, Мойынқұм және Шу аудандарында «Telegram-bot» жұмысы төмен, күшейтіңіздер. Насихаттау жұмысы да әлсіз. Әкімдер осы бағытты жандандыруы керек. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы, басқарма басшысы Ғалым Исақов және аудан әкімдері, санитарлық тазалық пен тал отырғызу жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылсын. Әлеуметтік нысандар мен балалар ойын алаңдарын ретке келтіріп, тұрғындарды тазалық мәдениетіне баулу керек», деді.
Айжан ӨЗБЕКОВА