Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады

Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады
Ашық Дереккөз
Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Тіл тағдыры – тұтас ұлттың тағдыры.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – десе, Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ», – деген екен. Бір ғасыр бұрын айтылған Алаш арыстарының бұл сөздері дәл бүгінгі заманның да тамыр бүлкілін дөп басып тұрғандай.

Ата Заң – Конституция мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік береді. Тіл туралы Заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп атап көрсетілген.

Мемлекеттік тілді білу, оны жетік меңгеру – уақыт талабы. Мемлекеттік тіл – еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға байланысты қиындықтар сот саласына да тән. Қазақ тілінің жағдайын жақсартуды әркім өзінен бастаса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамын.

Тараз қалалық сотының судьяларының тілді меңгеру деңгейіне тоқталатын болсақ, 20 судьяның барлығы мемлекеттік тілде істерді қарайды. Сот жүйесіндегі барлық мемлекеттік қызметшіміз мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгерген. Демек, халық сотқа мемлекеттік тілде жүгінген болса, сот істерін мемлекеттік тілде жүргізуге толық мүмкіндік бар.

Конституцияның 7-бабының 2-бөлігінде мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатындығы атап көрсетілген. «ҚР Тіл туралы» Заңының 13-бабында: «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деп көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14- бабының талаптарын бойынша, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Өкініштісі, ана тіліміздің мәртебесін өсіру үшін атқарылып жатқан іс-шараларға қарамастан соттардағы мемлекеттік тілде қаралған істердің саны әлі тым төмен болып отыр. Өйткені бүгінгі күні талап қай тілде түссе, сот тілі сол тілде жүргізіледі. Келіп түскен талап қоюларды зерделеу барысында, өкінішке қарай, екі қазақ дауларын сотқа шешуге бергенде өз табиғатына жат орыс тілінде береді. Өздері орыс тілін толық игермеген, кейбірі түсіне алмайды. Осыдан кейін олардың көбі өз дауының себебі мен салдарын сотқа жеткізе алмайды. Нәтижесінде өз тілінде сөйлемеген, өз тілінде дауламаған жанның өзіне де, өзгеге де күдігі молаяды. Сенімсіздік туады. Бұл жағдайда сот заң талаптары бойынша аудармашыны қатыстыруы қажет. Бұл істі созбалаңға алып келеді. Ал сот үшін әрбір азаматтың сотқа еркін қатысып, өз ойын жетік жеткізуі аса қымбат. Әділ төрелік сонда ғана айтылады.

Мемлекеттік тілде талап қоюлардың аздап түсуінің тағы да бірден-бір себебі, ол тараптардың өкілдері мемлекеттік тілді жетік меңгере тұра талап қоюларды орыс тілінде келтірулері кеңінен орын алып отырғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа ұйымдар мен кәсіпорындардан сотқа жүгінгенде талап қоюлар мемлекеттік тілде емес, басым бөлігі орыс тілдерде беріліп отыр.

Мемлекеттік органдардың, адвокаттардың, заңгерлердің басым көпшілігі арыздар мен басқа да ресми құжаттарды жазуда түрлі сылтаулармен қазақ тілінен айналып өтуге тырысады. Заң қағидасына сүйене отырып, мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа да ұйымдар мен кәсіпорындардан талап қоюларды сотқа мемлекеттік тілде тапсыруды сұрайтын уақыт жетті.

Жанат ДҮЙСЕБАЕВА,
Тараз қалалық сотының судьясы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар