Жамбыл жаңалықтары
ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН СЕЗІНЕ АЛДЫҚ ПА?
- author AR-AY
- 16 қыркүйек, 2022
- 1.1k
ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН СЕЗІНЕ АЛДЫҚ ПА?
Газетіміздің бұған дейінгі нөмірлерінде мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы жайлы аз айтылып, кем жазылған жоқ. «Баянды бағдарламаның жастарға берері мол», «Жастарға арналған бағдарлама іске қосылды», «Биыл Жамбыл жастарының қоныстойы көбеймек» деп ұрандатып жүргенімізде бағдарламаның бірінші кезеңі де аяқталуға таяпты.
ЖУЫРДА 50-ГЕ ЖУЫҚ ЖАС БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ
Жалпы бағдарламаның бірінші кезеңі 2021-2022 жылдар аралығын қамтиды. Ал екінші кезеңі 2023 жылы басталып, 2025 жылға дейін жалғасады. Ендеше бағдарламаның бірінші кезеңі аясында облысымызда қандай жұмыстар атқарылды? Жамбыл жастары бағдарламаның жақсылығын сезіне алды ма? Жеңілдетілген баспана несиесі қашан беріледі? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік. 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында тоғыз нысаналы индикатор бекітілген. Алдымен мақсатты индикаторларды тарқатып айтып өтейік. Бірінші – жастар саясаты саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру туралы ақпараттандырылған жастардың үлесі. Екінші – жастардың жалпы санынан жастар саясаты саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға тартылған жастардың үлесі. Үшінші – NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі. Төртінші – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген мамандарға бірреттік көтерме жәрдемақы алушы мамандардың саны. Бесінші – демалыс кезеңінде еңбек қызметімен қамтылған жастардың саны. Алтыншы – «Серпін» бағдарламасы бойынша оқыған жастардың саны. Жетінші – мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруда жастардың қанағаттану деңгейі. Сегізінші – жастарды, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Тоғызыншы – жастардың бос уақытын тиімді пайдалану. Жамбыл жастары үлкен үміт артып отырған бағдарлама индик аторларының орындалу барысын облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Зұлпыхардан сұрадық. «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы жастардың дамуы мен қалыптасуына, саладағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған өңіріміздегі алғашқы бағдарлама. Жомарт Дүйсенұлының сөзіне сенсек, бірінші кезең аясында атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы жоспарлар тіптен ауқымды. – Бағдарлама бес жылға арналған. 2021-2022 жылдар аралығын қамтитын бірінші кезеңде тоғыз индикатор бойынша бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізе алдық. Атап өтер болсақ, NEET санатындағы жастардың үлесі төмендеді. Жұмыссыз, оқымайтын аталған санаттағы жастардың үлесі 2022 жылдың екінші тоқсанынында 7,5 пайызды (2020 жылы 8,6 пайыз) құрады. Жыл санап NEET жастар үлесі азайып келеді. Одан кейін жастарды жұмыспен қамту бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылды. 2021 жылы 19 000, ал 2022 жылы 21 500 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Әр жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылатын жастардың санын көбейтіп отырмыз. Нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі байқалады. Сонымен қатар жастарға жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылды. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 500 миллион теңге бөлінді. Қазан-қараша айларында 35 жасқа дейінгі 50-ге жуық отбасы баспаналы болады деп күтілуде. «Әулиеата жастары» бағдарламасына қатысу туралы өтінімді қабылдау www.e-jambyl.kz порталында 20 шілде күні басталып, 30 шілдеге дейін жалғасты. Барлығы 591 адам қатысқан. Оның ішінде, 49-ы бағдарламаға қатысудан бас тартып, 542 өтінімі комиссиямен қаралуда. Комиссия мүшелері бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптардың сақталуына баса мән бере отырып, алдағы бір-екі күнде бағдарлама қорытындысын шығарады. Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасына облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы да айрықша қолдау білдіруде. Егер бағдарлама сәтті басталса, келесі жылы облыстық бюджеттен 1 миллиард бөлініп, 100 пәтер беру мүмкіндігі туады. Одан бөлек «Отбасы банк» 2023 жылы 500 миллион немесе 1 миллиард қосымша қаржы бөлуді қарастыруда. Демек, келесі жылы облысымызда жастардың қоныстойы тіптен көбейе түседі. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде инфрақұрылымның дамуы және қолжетімділігін арттыруға баса мән берілді. Бірінші кезекте жастар ресурстық орталықтарының 90 пайыздан астамын жеке ғимаратпен қамтамасыз еттік, – деген Жомарт Дүйсенұлы бағдарламаның басқа да индикаторлары бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндап берді. Жомарт Дүйсенұлының сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың соңында «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасының бірінші кезеңінің қорытындысы шығарылып, сараланатын болады. Бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Кем-кетігі бүтінделіп, артық тұсы алынып тасталады. Жомарт Зұлпыхар алдағы уақытта бағдарлама аясында жастардың өзекті мәселелерінің біріне айналған жұмыссыздық мәселесін шешуге барынша бағытты бұру қажеттігін, NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыстар жүргізуге басымдық берілетінін және жастар арасындағы волонтерлық қызметтің қайырымдылық бағытына үлкен көңіл бөлінетінін жеткізді.«ZHAS PROJECT» ЖОБАСЫ ҚАЙТА ЖАЛҒАСАДЫ
... Жуырда редакциямызға хабарласқан Әлішер Медетбек есімді жас маман «Zhas Project» жобасы жайлы білгісі келетінін, егер қайтадан жалғасын тауып жатса қаншама жастың кәсіп бастап, идеяларын жүзеге асыруға жол ашатынын айтқан еді. Сондай-ақ газетіміздің тұрақты оқырманы жеңілдетілген баспана несиесін жастардың тек белгілі бір санаттарына беру дұрыс еместігін айтып, өз ойларымен бөліскен болатын. Оқырманымыздың сауалын Жомарт Зұлпыхарұлына қойып, көп жастың көкейінде жүрген мәселеге байланысты жауап алуға тырыстық. – Осыдан бірнеше жыл бұрын да өңірімізде «Zhas Project» жобасы жүзеге асырылып, жүздеген жұмыссыз жастар өз кәсібін бастап, бүгінде еңбегінің жемісін жеп отыр. 2023 жылы да жамбылдық жастар жарқын жобаның жемісін көреді деп күтілуде. Келесі жылдың жоспарында бар. Негізі жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Биыл үш облыста қанатқақты режимде іске асырылып жатыр. Тағы бір айрықша атап өтер жайт, биыл жастардың креативті жобалары мен идеяларына қолдау көрсету үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру жоспарлануда. Жыл соңына дейін 7 бағыт бойынша 500 мың теңге көлемінде 15 грант беріледі. Аймақ басшысы да қолдап отыр. Егер тиімділігін көрсетсе жобамыз келесі жылы да жалғасады. Жасыратыны жоқ, «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша да жастардан көп сұрақ түседі. Негізі бағдарлама бір жарым жылға жуық уақытта дайындалды. Жан-жақты талқыланды. Қаншама кезеңнен өтті. Тиісті мекемелердің барлығымен келісілді. Бағдарламаға байланысты ең көп қойылатын сұрақтың бірі – неге бес категория (денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, журналистика саласы қызметкерлері). Біріншіден, бөлінген сомаға байланысты 50-ге жуық пәтер беріледі. Егер категориясын көбейтетін болсақ, бағдарламаға қатысушылардың саны да көбейіп кетеді. Неге жұмыс істейтін жастарға беріледі? Себебі несиені төлей алуы керек. Төлей алатын кім? Тұрақты жұмысы бар азаматтар екені белгілі. Банк ешқашан жұмыссыз жастарға несие беруге тәуекел етпейді. Рас, егін егіп, мал шаруашылығымен айналысып, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген жастар көп. Бірақ ешқандай категорияға кірмейтіндіктен мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Егер өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар ай сайын мемлекетке тиісті салықтарын төлеп отырса «Әулиеата жастары» бағдарламасына қатыса алады. Дегенмен категория өзгертуге тура келеді. Жалпы бағдарламаға байланысты көптеген ұсыныстар түсуде. Ұсыныстарды назарға ала отырып 2023 жылы өндіріс орындарында, жеке секторда жұмыс істейтін, яғни ешқандай категорияға кірмейтін жастарды қамту көзделуде. Сол үшін категорияларды өзгерту жоспарлануда. Қатып қалған қағида жоқ. Дегенмен бәрібір төлем қабілетін растай алуы қажет. Мәселен журналистер ешқандай категорияға енгізілмегендіктен баспана кезегіне тұра алмайды. Қалам ұстаған қауымды қанша жылдан бері толғандырып жүрген мәселе болғандықтан бағдарламаға арнайы қостық. Қателеспесем, 21 журналист өтінім берген. Жастардан түскен өтінімдерді де зерделеп шықтық. Бағдарлама арқылы үй алуға ниеттілердің 70-80 пайызы мұғалімдер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері екен. Қалған категориялар бойынша аса көп емес. Сондықтан алдағы уақытта осы мәселелердің барлығы назарға алынып, ұсыныстар ескеріліп, сол бойынша тиісті жұмыстар жүргізіле беретін болады, – дейді Жомарт Зұлпыхар. Әрине өңірлік бағдарлама аясында екі жылда атқарылған жұмыстарды, өткізілген іс-шара, қолға алынған жобалардың барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан жастардың жанына желеу, көңіліне демеу болған һәм болатын негізгілеріне ғана тоқталып өтуге тырыстық. Тоқсан ауыз сөзімізді тобықтай етіп түйіндер болсақ, бағдарламаның алғашқы кезеңінде көңіл марқайтатын жұмыстардың істеліп жатқанына көзімізді жеткізіп қайттық. Ләйім, жастарға арналған бағдарламаның жақсылығы көп болсын!Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала