ҚОСТАНАЙҒА қайырымдылық керуені жол тартты
Қостанай облысы, Әулиекөл ауданындағы тілсіз жау толығымен ауыздықталғанымен, салдары жойылған
жоқ. Табиғи апаттың зардабын қалпына келтіру жұмыстары мен ондағы тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету шаралары «AMANAT» партиясы тарапынан жүзеге асырылды.
Осы орайда, партия филиалдары жанынан құрылған гуманитарлық көмек қабылдау пунктеріне жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен партия белсенділері, этно-мәдени бірлестіктер, депутаттар, кәсіпкерлер мен «Тараз» футбол клубы қостанайлық тұрғындарға қажетті азық-түлік, тұрмыстық техника, құрал-саймандар және құрылыс материалдарын жинауға үлестерін қосты. Сондай-ақ, облыс және қала тұрғындары да игі шарадан қалыс қалған жоқ.
Партияның барлық филиалдарының атсалысуымен өңірден Қостанай облысына жіберілген жалпы сомасы 21 миллион теңгені құрайтын 65 тонна гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлікпен қатар, құрылыс жүргізу үшін құрал-саймандар, 10 тонна гипс, 10 тонна цемент, балалар үшін мектепке қажетті заттар бар.
Халқымызда «Қол жұмылмай жылынбайды» деген аталы сөз текке айтылмаса керек-ті. Сондықтан, жамбылдықтар аз күннің ішінде жұдырық болып жұмылып, бірліктің үлгісін көрсетті. Осы орайда, гуманитарлық көмек көрсеткен, қайырымдылық шарасына атсалысқан барша жамбылдықтарға ағайынның алғысы зор.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы