Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ардагерлер ән шырқады

Ардагерлер ән шырқады
Ашық Дереккөз
Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде Жеңістің 80 жылдығына орай «Жеңіс туы желбіресін» атты ардагерлер арасында патриоттық әндер байқауы өтті.

Халық шығармашылығын жандандыру, қариялардың асыл қасиетін, үлгі-өнегесі мен тәлім-тағылымын жастардың бойына сіңіру, майдангерлердің ерліктерін әскери әндер арқылы насихаттауды мақсат еткен байқауды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, ақжарма тілегін арнады.

– Құрметті ардагерлер мен қала тұрғындары! Барлығыңызды Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Бұл – біз үшін аса маңызды әрі айтулы күн. Жер бетіне бейбіт өмір сыйлаған қастерлі күннің жыл сайын тарих қойнауына тереңдеп бара жатқанына қарамастан, сол сұрапыл соғыстағы жеңістің тарихи маңызын біз ешқашан ұмытпаймыз. Өкінішке қарай, қан майданда көзсіз қаһармандықтың үлгісін көрсеткен аға буын ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Олардың жанқиярлық ерліктерін мереке күндері ғана емес, ұдайы ел жадында ұстаған абзал. Өскелең ұрпақ өткеннен тағылым алуға тиіс, – деді Е.Солтыбаев.

Байқау барысында 20 сахналық нөмір көрермен назарына ұсынылып, патриоттық әндер шырқалып, арнайы қойылым да көрсетілді. Қатысушылар вокал, аспапта ойнау, хор ұжымы, хореография және поэзия бағыттары бойынша бақ сынады.

Гала-концерт қорытындысы бойынша «Әулиа ата», «Асыл аналар», «Марычка», «Калинка» ардагерлер ансамбльдері мен белсенді ұзақ өмір орталығының қызметкерлерінен құралған «Ғұмырдария» тобына 50 мыңдық сертификат берілді. Сонымен қатар барлық қатысушыларға да сыйлықтар үлестіріліп, арнайы алғысхаттар табысталды. Іс-шара соңында келген қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, барлық ардагер қатысушылар естелік суретке түсті.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ауру – астан
Алдыңғы мақала
Ауру – астан

Ұқсас жаңалықтар