
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәжіліс залында өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік өрт бақылауы, тілсіз жаудан туындайтын қауіп-қатерлерді төмендету, су басудың алдын алу, қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік тақырыптары сөз болды.
Жиында алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ералы Ақылбеков баяндама жасады. Ералы Нұрғалиұлының айтуынша биыл өрттің алдын алу мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың үйлерінде 3 837 датчик орнатылған. Тарқатып айтсақ, 935 көміртегі тотығын анықтау датчигі, 282 табиғи газды анықтау датчигі, 20 түтін газы қойылған.
– Көктем-жаз айлары басталысымен табиғи және тұрмыстық өрт қаупі артады. Биыл небәрі екі ай ішінде ғана 19 өрт және 7 құрғақ шөптің өртенуі тіркелді. Қалдықтарды жағу кезінде ережелерді бұзу осындай жағдайға алып келеді. Жылу беру кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында 858 материал жарияланса, әлеуметтік желілерде 247 материал, дауыс зорайтқыш құрылғы арқылы 1 633 хабарландыру берілді. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстың арқасында өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 7 жағдайға азайды. Жыл басынан бері 113 (2024 жылы – 120) өрт шығу дерегі тіркелді. Өкініштісі бұл төтенше жағдайлар кезінде 2 адам қызыл жалын құрбанына айналса, тілсіз жаудан 10 адам жарақат алды. Сол секілді табиғи газбен жылыту кезінде көміртегі тотығымен улану бойынша 2 дерек тіркеліп, 2 тұрғын жарақат алды, – деді Е.Ақылбеков.
Мұнан соң облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Талғат Байзақов баяндама жасап, қадағалау және бақылау жұмыстарына тоқталды.
– Департаменттің қадағалауында 325 кәсіпорын болса, 136-сы тәуекел дәрежесі жоғары субъект, 152-сі тәуекел дәрежесі орташа субъект және 37-сі тәуекел дәрежесі төмен субъект санатына кіреді. Былтыр департаменттің инспекторлық құрамы 31 бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау, сондай-ақ 1 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Профилактикалық тексеріс кезінде 511 қауіпті өндірістік объект зерттеліп, 405 өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелері мен нормасының бұзылғаны анықталды. Жоспардан тыс тексеру кезінде 1 объект бақыланып, онда 2 бұзушылық бары белгілі болды. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 1 заңды тұлғаға 55 380 теңге айыппұл салынып, толығымен төленді. Былтыр департаментке мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 783 өтініш түсті. 576 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Нақтылап өтсек, жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат алуға 58 сұраныс қаралып, бәріне келісім берілді. Сол секілді департамент 129 қауіпті өндірістік объектіні салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамаларының келісуін қарап, 123 жобаға келісім беріді. Ал 6 жобаға келісуден бас тартылды. Сонымен қатар, қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою және есептен шығару бойынша 369 өтініш қаралса, нәтижесінде 233 қауіпті техникалық құрылғы есепке қойылып, 88 қауіпті техникалық құрылғы департаменттің есебінен шығарылды және 48 өтініштен бас тартылды, – деді Талғат Тоқсанәділұлы.
Былтыр «Қаруландыру жоспары» бойынша қадағалауда тұрған 16 кәсіпорында 77 тармақ жоспарланып, барлық тармақтар өз мерзімінде орындалған екен.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ