
Елімізде жастарға арналған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – жастардың рухани, мәдени дамуын, білім алуын, кәсіби біліктілікті арттыруын, физикалық тұрғыдан толыққанды дамуын, құқығын қорғау жақсарту, заңды мүддесінің жоғары тұруы мен шешім қабылдау үдерістеріне атсалысуын реттеп, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың жағдайын жақсарту.
Мемлекет бірінші кезекте жастардың сапалы білім алуын, денсаулығын сақтауды, жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлікпен айналысуын, тұрақты баспанамен қамтылуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие алуын, экологиялық мәдениетін қалыптастыруын, мәдени демалысқа баулуды және талантты жастарға көмек беруді басым бағытта қарастырады.
Осы ретте жастар арасындағы жұмыссыздық қоғамдағы қаны шығып тұрған мәселенің бірі. Жұмыссыздықтың пайда болу себептерін сәл ғана талдап көретін болсақ, ең алдымен білім беру мен еңбек нарығының арасындағы сәйкессіздікті атап өткен абзал.
Білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасында сәйкессіздік көп жағдайда жастардың жұмыс табуына кедергі болады. Көптеген жастар жоғары білім алады, бірақ олардың мамандықтары сұранысқа ие емес немесе қазіргі заманда қажеттіліктерге сәйкес келмейді. Сонымен қатар, кейбір мамандықтар тек теориялық білім берумен шектеліп, практикалық дағдыларға назар аударылмайды.
Сондай-ақ жастарға жұмыс табу барысында әлеуметтік және мәдени факторлар да маңызды рөл атқарады. Әсіресе, ауылдық жерлерде жастардың жұмысқа орналасуы қиын, себебі жұмыс орындары аз, ал білім беру мүмкіндіктері шектеулі. Жастардың көбісі оқу барысында еңбек нарығына қажетті тәжірибе алмайды.
Сол себепті де білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына сәйкес бейімдеу қажет. Мектептер мен жоғары оқу орындары студенттерді тек теориямен ғана емес, практикалық дағдылармен де қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, кәсіптік оқыту және қайта даярлау бағдарламалары арқылы жастарға жұмыс нарығына бейімделу мүмкіндігі берілуі керек.
Экономиканың түрлі салаларында жұмыс орындарын құруға және кәсіпорындарды ынталандыруға бағытталған саясаттар қажет секілді. Бұл ретте жас мамандарға жеңілдетілген шарттармен жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілуі керек.
Жастар арасында жұмысқа орналасу үшін тек «кеңсе жұмысы» ғана емес, кәсіпкерлік, агроөнеркәсіп, қолөнер сияқты салалардағы мамандықтар да беделді болатынын көрсету маңызды. Осы саладағы білім мен дағдылар жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсына алады.
Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді дамыту – қазіргі жастардың басты міндеті. Еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, солардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Саналы қоғамда білімді азаматтармен бірлесе өмір сүрген жастар өз бойында білімге деген құштарлық пен ізгі сезімдерді қалыптастыратыны сөзсіз.
Жеңісбек СЕЙТБЕКОВ,
Жуалы аудандық жастар
ресурстық орталығының директоры