Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылдық жеткіншектердің жарқын жетістіктері

Жамбылдық жеткіншектердің жарқын жетістіктері
Ашық Дереккөз
Атырау қаласында республикалық ғылыми жобалар конкурсының қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндер бойынша қорытынды кезеңі өтті. Білім бәсекесіне облыстан 14 оқушы 13 жобамен қатысып, 12 оқушы жеңімпаз атанды.

Атап өтер болсақ, Тараз қаласы, Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Нұрай Жолшыбек пен Меркі ауданы, Мақсұт Жылысбаев атындағы №14 орта мектептің 11-сынып оқушысы Диас Жолшыбек жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар Диас Жанболатұлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің білім грантын иемденсе, 6 оқушы күміс медальмен, 4 оқушы қола медальмен марапатталды.

– Байқауға «Қазақ халқының табақ тарту дәстүрі» тақырыбында жоба ұсынған болатынмын. Жетістікке жету – күрделі әрі ұзақ процесс. Осы жетістікке жету жолында ұзақ, қарқынды жұмыстар атқардым. Алдыма арнайы мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін барынша тырыстым және сол мақсатқа жеттім. Жеңімпаз атанғанымда тұла бойымды қуаныш кернеп, ерекше сезімде болдым. Әрине екі жылға жуық еңбегіміздің ақталуы мен үшін үлкен мәртебе болды. Осы жетістікке жету жолында ұстазым Алтынай Күлімбетқызына ерекше ықыласымды білдіргім келеді. Бұл жетістік маған көп нәрсені түсіндірді. Ғылыми жұмыстың қызығы мен қиындығын ұқтым. Әртүрлі тың деректермен таныстым. Өзімнің жобамды республикалық деңгейде таныстыру үлкен белес болды, – деді Д.Жолшыбек.

Ал Ақтөбе қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсының жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша қорытынды кезеңіне облыстан 33 оқушы аттанған болатын. 21 оқушымыз жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан табылды.

Сайыс барысында Талас ауданы, Барбол Тоқтықожа атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұрсая Ахан алтын медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, күміс медальмен 6 оқушы, қола медальмен 11 оқушы марапатталды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің білім грантын Дінмұхаммед Иманалыұлы, Берлік Нұрмұхаммед, Айзере Кеңес және Әсілбек Шапағат жеңіп алды.

Қарлығаш НҰРБАЕВА,
«Жамбыл дарыны» аймақтық
ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар