Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жас зерттеушілер көкөністен энергия өндіруге ниетті

Жас зерттеушілер көкөністен энергия өндіруге ниетті
Ашық Дереккөз
Меркі ауданындағы №5 Ақарал жалпы орта білім беретін мектеп-гимназияның 3-сынып оқушылары Бейсен Айсезім мен Ермек Айсезім электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндіру бойынша ерекше ғылыми зерттеу жүргізді. Бастауыш сынып мұғалімдері Шынар Ермаханбетова мен Райхан Бабижанова жас зерттеушілерге барынша бағыт-бағдар берген.

Жеткіншектердің қызығушылығы күнделікті тұрмыстағы экологиялық мәселелерден туындаған.

– Біз ата-анамыздан үнемі «Батареяны арнайы қоқысқа тастау керек, әйтпесе қоршаған ортаға зиян келеді» дегенді еститінбіз. Сондықтан оның табиғатқа нақты қалай зиян тигізетінін білгіміз келді. Бір күні жаңа сабақ өту барысында жемістер мен көкөністер де бойынан ток шығара алатынын оқып, бұл тақырыпқа қызығушылық таныттық, – дейді Айсезім Бейсен.

Жас зерттеушілер алдымен батареяның жұмыс істеу принципін зерттеп, Луиджи Гальвани мен Алессандро Вольтаның тәжірибелерімен танысады. Осылайша олар электр тогының пайда болу заңдылықтарын түсінеді. Сонымен қатар қазіргі заманғы батареялардың құрамы мен олардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін зерттеу арқылы экологиялық мәселелерді тереңірек қарастырды.

Зерттеу жүргізудегі негізгі мақсат – көкөністер мен жемістерден батарея жасау. Ол үшін оқушылар картоп, лимон, қызылша, пияз, тұздалған қияр және басқа да табиғи өнімдерді пайдаланып, олардың кернеу өндіру қабілетін салыстырады. Сонымен қатар әр көкөністің ішіндегі қышқыл мөлшерінің ток өндіруге әсерін зерттеп, нәтижелерін мұқият тіркеп отырған.

– Біз мультиметр арқылы кернеуді өлшедік. Ең көп ток тұздалған қияр мен пияздан шықты. Лимон да жақсы нәтиже көрсетті, ал картоптың жоғары кернеу бере алатыны біз үшін таңғаларлық жаңалық болды. Кейін біз бірнеше көкөністі бір тізбекке қосып, олардың бірге қалай жұмыс істейтінін тексердік, – дейді Айсезім Ермек.

Оқушылар тәжірибе барысында алынған электр энергиясын қолдану үшін бірнеше көкөніс батареясын тізбекке қосып, жарықдиодты шамды жағады. Сондай-ақ олар шағын сағатты қуаттандыруға тырысып, алғашқы нәтижелерін тіркеді. Бұл зерттеу олардың теориялық білімдерін іс жүзінде тексеруге мүмкіндік берді.

Жас зерттеушілер өз жобалары арқылы батареялардың қоршаған ортаға зиянды әсерін анықтап қана қоймай, оларды экологиялық таза қуат көздерімен алмастыруға болатынын дәлелдеді. Бұл зерттеу олардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақта энергия өндірудің экологиялық таза жолдарын іздеуге ынталандырды.

– Балалардың ғылымға деген қызығушылығы бізді қатты қуантады. Олар әр тәжірибеден кейін өз қорытындыларын шығарып, жаңа сұрақтар қойды. Бұл зерттеу оларға экологиялық мәселелер туралы ойлануға және шығармашылық тұрғыда шешімін табуға мүмкіндік берді, – дейді өрендердің жетекшісі Шынар Ермаханбетова. Жоба нәтижесінде оқушылар көкөністер мен жемістердегі қышқыл мөлшері олардың электр энергиясын өндіру қабілетіне әсер ететінін анықтады. Олар болашақта табиғи батареяларды жетілдіруді көздеп отыр.

– Ендігі мақсат – жеміс батареяларын сағат пен шағын құрылғыларды қуаттандыру үшін пайдаланып көру. Егер бұл мүмкін болса, біз экологияға үлес қосатын экологиялық таза энергия көзін жасай аламыз. Сонымен қатар біз электр қуатын ұзағырақ сақтайтын табиғи материалдарды зерттеуді жоспарлап отырмыз, – дейді болашақ ғалымдар.

Осылайша ғылымға құмар жасөспірімдер үлкен ғылыми жаңалық ашуға алғашқы қадам жасады. Мүмкін болашақта олардың идеялары «жасыл энергия» саласындағы жаңа технологиялардың дамуына ықпал ететін болар. Олардың бұл зерттеуі баламалы энергия көздерін дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосады.

Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар