
2017 жылы облыстық «AR-AI» жастар газетінде «Менің анам» атты арнайы айдар ашылып, оның алғашқы саны Халықаралық әйелдер күніне орай 8 наурызда жарық көрген еді. Айдардың негізін қалаушы әрі авторы, журналист Айжан Өзбекова қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың ана туралы естеліктерін жүрекжарды мақалаларға айналдырды.
Арада сегіз жыл өтіп, бұл айдар тек журналистік жоба деңгейінде қалып қоймай, оқырман қауымның қызығушылығына ие болып, кең ауқымды мәдени мұраға айналды. Нәтижесінде жекелеген мақалалар жинақталып, мазмұны терең, тағылымы мол «Менің анам» атты кітап болып жарық көріп, қалың оқырманның назарына ұсынылды. Бұл туынды – ананың қадірін ұлықтайтын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, болашақ ұрпаққа өнеге болар рухани еңбек.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай қыз-келіншектерді қабылдап, «Менің анам» кітабының тұсауын кесіп, мерекелік сый-сияпаттарын табыстады.
– Өңірімізде белгілі 63 тұлғаның аналары туралы естеліктері, сыр-сұхбаттары жинақталған «Менің анам» кітабы жарық көруде. Дана халқымыз «Алып анадан туады» немесе «Әр мықты еркектің артында мықты әйел тұрады» дейді. «Менің анам» кітабы тұлға тәрбиелеу, қайраткер қалыптастыру бағытында бүгінгі жастарға мотивация беретін керемет жинақ болады деп ойлаймын. Біз бұл жобаны келесі жылы да жалғастырсақ деген ойымыз бар, – деді облыс әкімі.
Кітаптың таныстырылымында ардақты аналар алдыңғы қатардан орын алып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қадірменді қонақтар да сахна төріне көтеріліп, жүрекжарды құттықтауларын жолдады. Ақ жаулықты ардақты әжелер де бұл игі шарадан тыс қалмай, ұлттық дәстүрдің жарқын белгісі ретінде автордың иығына ақ орамал жауып, кең пейілді ақ батасын беріп, өмір жолының ашық аспан аясында жарқын болуын және болашағының даңғыл әрі нұрлы болуын тіледі. Айта кетейік, кітапты қаламыздағы кітапханалардан таба аласыздар.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ