Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Орманымызды өрт шалмасын...

Орманымызды өрт шалмасын...
Ашық Дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Жамбыл авиациялық бөлімшесінде 2024 жылы орман өрті бар маусымның қорытындылары және 2025 жылға дайындық» тақырыбында брифинг өтті.

Қазақ авиациялық орман күзеті және орман шаруашылығына қызмет көрсету авиациялық базасы 1978 жылы құрылған. Қазіргі уақытта аталған база «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесі деп аталады. Мекеменің басты міндеті – өртке қарсы авиациялық күзет және авиацияны қолдана отырып өртті сөндіру, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманың бұзылуын анықтау және оның алдын алу, ормандардың санитарлық жағдайын бақылау, халық арасында үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

– Жамбыл авиациялық бөлімшесінің өртті анықтау және сөндіру саласында 1 авиа бөлімше жетекшісі, 1 ұшқыш бақылаушы, 1 авиаөрт сөндіру тобының нұсқаушысы және 8 өртсөндіруші десантшы қызмет атқарады. Авиациялық бөлімше Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында орналасқан. Облыс бойынша қорғалатын аумақ 3 миллион 48 мың гектар орман қорын құрайды, оған 11 комуналдық мемлекеттік мекеме кіреді. Орман қорын қорғау және күзету бойынша әуе жұмыстары – ұшақпен және 2-4 класты тікұшақта жүргізіледі. Қазіргі жағдайда қызметкерлер құрамы 100 пайыз жасақталған. Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық жоспарлы түрде жүргізілуде. Авиациялық өрт сөндіру қызметінің мамандары теориялық дайындықтан өтті. Оның қорытындысы бойынша сынақтар мен емтихандар қабылданды. Сондай-ақ, олар медициналық тексеруден өтіп, қажетті дала жабдықтарымен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді, – дейді «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Жамбыл авиациялық бөлімшесінің жетекшісі Бауыржан Төлепбергенов.

Ал облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыповтың айтуынша, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4 миллион 414 мың 556 гектарды, оның ішінде орманмен қамтылған жерлер 2 миллион 311 мың гектарды құрайды.

– Орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 11154,5 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары толық жүргізілді. Орман қорын күзету және патрульдеу үшін өртке қарсы техниканы ұстауға жанар-жағармаймен толығымен қамтамасыз етілді. Алайда, барлық атқарылған жұмыстарға қарамастан өткен жылы облыстың орман қоры аумағында жалпы аумағы 20 233,7 гектар болатын 38 орман өрті оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 11 877,5 гектары орманмен көмкерілген жерлер. Өрт қаупі бар маусымы кезеңінде орман шаруашылығы мекемелері бойынша орман қорғау қызметкерлерінен өрт сөндіруші топтарда 305 адам және бірінші, екінші орман өртін сөндіру стансаларында 352 өрт жасақшысы құрылды, – дейді Әділ Қожабекұлы.

Сонымен қатар брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бастығы Дарына Айдарова өрт оқиғаларының шығу салдарына тоқталса, мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Алмаз Жұматаев өрт қауіпті кезеңінің басынан бастап мобильді топтармен бірге 1 148 рейдтік іс-шара өткізілгенін айтты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар