
Алдымен облыс әкімі «Бектөбе» тұрғын алқабындағы «Айгөлек» балабақшасына барды. Нысан 2010 жылы пайдалануға берілген. 65 балаға шақталған. Ғимаратқа келесі жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.
Ербол Қарашөкеев Шайқорық ауылындағы 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. 2023 жылы пайдалануға берілген ғимаратта тұрғындарға бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетіледі. Мекемеде 15 адам еңбек етеді. Оның ішінде 1 дәрігер, 7 орта, 7 кіші буын медицина қызметкері бар.
Сонымен бірге өңір басшысы 2025-2026 жылдары аралығында ағымдағы жөндеуден өтетін Шайқорықтағы кіші футбол және «Street workout» алаңын, Қоңыртөбе тұрғын алқабындағы кітапхананы аралады.
Тозығы жеткен нысандарды жаңғыртудан, жөндеуден өткізу мәселелеріне баса назар аударылды.
Бұдан соң Әулиеата ауданы әкімдігі уақытша орналасатын ғимаратты көрді. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, аудан әкімдігінің жаңа ғимараты «Ұлы дала» ықшамауданынан салынады. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
– Қаланың екі ауданға бөлінуі – маңызды әрі тарихи оқиға. Бұл – 400 мыңнан асқан қала халқына мемлекеттік қызметтерді тиімді көрсету үшін жасалған шешім. Осы орайда басқарудың тиімділігін тараздықтар сезінуі тиіс. Жаңадан қосылған тұрғын алқаптар мен елді мекендердің халқына қызмет көрсетуде ешқандай мәселе болмауы керек. Түйткілдер туындаған жағдайда оны жеделдетіп шешу – қала билігінің негізгі міндеті. Қажетті көмек көрсетіледі, 0150 деді Ербол Қарашөкеев.
Аралау барысында Тараз қаласына қосылған елді мекендердің көше атауларына мән берілді.
– Жедел жәрдм, полиция қызметтеріне ауыртпашылық түсейін деп тұр. Қайталанған көше атауларын өзгерту бойынша нақты шаралар қабылдау керек. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау – біздің міндетіміз, – деген Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы әкімдігінің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын ескертіп, бірқатар тапсырма берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі