
Дегенмен дала жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты баяу жүруде. Қазіргі сәтте жоспардағы жер жырту жұмыстары 1,5 пайызға, дақыл себуге дайындалған жер – 0,3 пайызға, масақты дақыл орналастыру – 1,1 пайызға ғана орындалған. Сондықтан егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шаралар қабылдау маңызды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы қаралды. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, жауаптыларға ауылшаруашылығы бағыты бойынша бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Нақтылап айтқанда, осы көктемгі егін науқанына кемінде 700 миллиард теңге бөлу керектігін жеткізген еді. Сондай-ақ малшыларға және ауылшаруашылығы өнімін өңдеушілерге арзан несие бөліп, тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажеттігін тапсырған. Осыған сәйкес жиында Президент тапсырмасының орындалу жайы да қаралды.
Кеңесте алдымен облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбдірәсіл Желеубаев баяндама жасап, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы сөз етті. Әбдірәсіл Серікұлының айтуынша, облыстағы ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында былтыр республикалық және жергілікті бюджеттен 38 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілген. Тарқатып айтқанда, субсидияға 29,5 миллиард теңге, «Солтүстік Қазақстан облысы» тәжірибесін таратуға 8,5 миллиард теңге қаралған.
– Өткен жылдың қорытындысымен 488,5 миллард теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде өсімдік шаруашылығында 3,4 миллион тонна өнім жиналып, өндірілген өнім көлемі 291,4 миллиард теңгені құрады. Атап айтқанда, 367,2 мың гектар масақты дәнді дақылдардан 631 мың тонна, 6,7 мың гектар картоптан 176,5 мың тонна, 32,9 мың гектар майлы дақылдардан 29,6 мың тонна, 26,3 мың гектар көкөніс дақылдарынан 883,3 мың тонна, 5,4 мың гектар бақша дақылдарынан 154,4 мың тонна, 13,2 мың гектар дәндік жүгеріден 94,4 мың тонна және 176,7 мың гектар мал азығы дақылдарынан 785,4 мың тонна өнім алынды. Өзіңізге белгілі өткен жылы қант қызылшасы дақылының өнімін зауыттарға өткеру мәселесі өзекті болған. Осы бағытта Үкімет деңгейінде бірнеше шұғыл шешімдер қабылданды. Бүгінгі күнге, 11,2 мың гектар қант қызылшасы дақылынан алынған 600 мың тоннадан астам өнімнің, 597,1 мың тоннасы қант зауыттарына өткізілді. Меркі қант зауытына 478 мың тонна, Ақсу қант зауытына 100 мың тонна, Қошой қант зауытына 19,3 мың тонна жіберілді. Жалпы өткен жылғы ауа райының қолайлы болуы, фермерлердің агротехникалық шараларды жетік меңгеруі мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігінің нәтижесінде жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге өсті. Соңғы 4 жылда 25 мың гектар алқаптан 650 мың тонна өнім жиналса, бұл өнімге фермерлер 1 жылдың ішінде қол жеткізіп, рекордтық өнім алынды. Зауыттарға өткізілген өнімге 2024 жылы 9,2 миллиард теңге төленсе, биыл жергілікті бюджеттен 730 миллион теңге төленді. Қалған 181 мың тонна өнімді субсидиялау үшін Үкіметтің резервінен қосымша 5,9 миллиард теңге бөлініп, төлеу жұмыстары жүргізілуде, – деген Әбдірәсіл Желеубаев биыл жалпы 659,9 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланғанын жеткізді.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,2 мың гектарға ұлғаймақ.
Көктемгі жер жырту жұмыстары 1,3 мың алқапқа жүргізілген. Дақыл себуге 908 гектар жер дайындалып, 555 гектар алқапқа жаздық арпа себілген. Науқанға қажетті 54,8 мың тонна тұқым көлемі толықтай құйылған.
– Дала жұмыстары барысында 8 мыңнан аса ауылшаруашылығы техникасы пайдаланылады. Оның ішінде 3 484 трактор, 1 189 соқа, 538 қопсытқыш, 773 дәнсепкіш, 83 тұқым дәрілегіш бар. Бұдан бөлек, 2 045 басқа да техника жұмылдырылады. Үкімет тарапынан өңіріміз үшін 20 мың тонна дизель отыны бөлініп, оны тарату үшін 8 өңірлік таратушы операторлар айқындалды. Тарату бағасы 1 литр дизель отыны үшін 254 теңгені құрады. Бүгінде мұнай өндеуші зауыт пен өңірлік операторлар арасында келісімшарт жасалып, тиісті көлемге қаражат аудару жұмыстары жүргізілуде. Наурыз айына тиесілі 4,1 мың тоннаның 1,7 мың тоннасы төленді. Биыл 400-ден аса өздігінен жүретін ауылшаруашылығы техникасын сатып алып, жаңару жоспарын 6,5 пайызға жеткізу көзделуде. Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды ендіру жұмыстары да қатаң бақылауда. Осы жылы 418 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру ойда бар. Бұл ретте көктемгі дала жұмыстары барысында, шаруалар үшін аванстық жеңілдетілген төлемдер бойынша тыңайтқыштарды алу механизмі қолайлы болып отыр. Осыған орай, жергілікті бюджеттен бөлінген 1,5 миллиард теңге қаражат аванстық төлемдер ретінде отандық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылды, – деп қосып өтті Әбдірәсіл Серікұлы.
Баяндамашы сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы облыс шаруаларына 8 миллиард теңге көлемінде 5 пайызбен несие беру жоспарланып жатқанын жеткізді. Бүгінде 4,4 миллиард теңгеден астам қаржыға өтінімдер түсіп, оның 1,4 миллиард теңгесі берілсе, мақұлданған 1,4 миллиард теңге көлеміндегі өтінімдерлің құжаттары рәсімдеу сатысында екен. Бұдан басқа 1,6 миллиард теңгеден астам өтінімдер қаралуда.
Биыл ауылшаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 39,6 миллиард теңге бөлініп, 16 мыңнан астам ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілген. Нәтижесінде олар өсімдікшаруашылығы бағытында 325,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 108,3 пайызға өсім көрсету жоспарлануда.
Өткен жылы өңір шаруалары қант қызылшасын өткізе алмай әбігерге түскенін жақсы білеміз. Өткеннен сабақ алу қажет екенін еске салған аймақ басшысы баяндамашыдан биыл бұл мәселе бойынша қандай шаралар қабылданғанын сұрады.
– Сондай-ақ Байзақ, Сарысу, Талас, Шу аудандарында арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін операторлар наурыз айына қажетті 1 015 тонна көлеміндегі отынға қаржы аудармаған. Демек, аталған аудан диқандары жеңілдіктен тыс қалып отыр. Сол секілді өңірде егістік тұқымының 81 пайызы екінші және үшінші репродукция, тиісінше элита және бірінші тұқым үлесі бар болғаны 19 пайызды құраған. Жоғары деңгейлі тұқым егістістіктің сапасына немесе түсуіне тікелей әсер ететін фактор екенін жақсы білесіздер. Осы мәселе қалай шешіліп жатыр, – деді Е.Қарашөкеев.
Әбдірәсіл Серікұлының айтуынша, «Меркі қант зауытының» қуаттылығын ескере отырып биыл облыста 300 мың тонна, яғни 6 мың гектер алқапқа тәтті түбір егу жоспарланған. Аудан әкімдіктерінің әлеуетіне қарай лимит бөлініп берілген. Сондай-ақ республикалық комиссия қазіргі сәтте «Тараз қант зауытын» толығымен тексеріп шыққан. Осылайша кәсіпорынға қандай техника жетіспейтінін анықталып, шетелдерге сұраныс жолданған. Техника кемінде 10 ай ішінде дайын болуы мүмкін деген болжам бар.
– Төрт ауданға наурыз айында арзандатылған дизель отынына қаржы бөлінбеуіне келсек, басты оператор, мұнай өндіруші зауыт Шымкет қаласында орналасқан. Зауыттың ағымдағы жөндеу жұмыстары созылуына байланысты ақпан айына туралай алмадық. Қазіргі сәтте 8 оператор анықталып, осы аптада жеке таратушы операторлар отынды жеткізуді аяқтайды. Жоғары сұрыпты дақылдардың аздығына тоқталсақ, тұқымдарды субсидиялауға биыл 700 миллион теңге бөлінді. Былтыр 657 миллион теңге қарастырылған болатын. Оның 505 миллион теңгесі қант қызылшасы мен дәндік жүгері дақылдарына бөлінді. Олар элита мен бірінші репродукцияға жатпайды. Будандастырылған өнім болғандықтан көрсеткіштің төмен болуына әсер етуде, – деді Ә.Желеубаев.
Аймақ басшысы сондай-ақ облыс тұрғынын әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету керектігін жеткізіп, су үнемдеу технологиясы көлемін арттыруға күш салу қажеттігін айтты.
– Таяу күндерде өңірде жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылатындықтан интенсивті суармалы әдістерді қолданылатын егістік алқаптарын ұлғайту мәселесі өзекті болып отыр. Ислам даму банкінің қаржыландыруымен жүргізіліп жатқан 76 каналдың ағымдағы жөндеу жұмыстары вегетациялық кезеңде диқандар үшін қолайсыздық тудырмауы тиіс. Сондай-ақ диқандарға субсидия бөлу, жеңілдетілген несие беру рәсімдерін оңтайландыру ісін де жандандыру керек. Шаруаларға жанар-жағармай кедергісіз жеткізіліп, жоғары сапалы тұқымдарды орналастыру жұмыстары бақыланып отырылуы керек. Сол секілді ескі техникаларды жаңарту да маңызды. Былтыр көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге бар болғаны 2,5 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл бағытта 8 миллард теңге қаржы қарастырылып отыр. Сондықтан егін егу барысын қатаң бақылауда ұстаңыздар, – деді өңір басшысы.
Мұнан кейін облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев аймақтағы елді мекендердің Бас жоспар жобаларының «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» ақпараттық жүйесіне енгізілуі туралы баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бүгінгі күні қала құрылысы кадастрының деректерін ескере отырып, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жүйесі арқылы Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалалары бойынша жер учаскелері берілуде. Сондай-ақ 2024 жылдың қараша айынан бастап сәулет-жоспарлау тапсырмаларын ұсыну және эскиздік жобаларды келісуден өткізу қала құрылысы кадастры жүйесі арқылы іске қосылып отыр. Ендігі кезекте жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жүйесі арқылы жер учаскелерін электрондық түрде берудің келесі кезеңінде елдің барлық елді мекендерін қамту жоспарлануда. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар кей аудандарға баяу жүргізіліп келеді екен.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ