
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында журналист Мадина Жатқанбаеваға қатысты жағдайға пікір білдіріп, журналистер мен мемлекеттік органдар арасындағы сыйластық пен кәсіби қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті.
Құрметті әріптестер! Журналистер мен мемлекеттік органдардың өзара тиімді жұмысы қоғамның негізгі құқықтарының бірі – объективті ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Алайда, осы бірлескен жұмыс кезінде кез келген өркениетті қоғамда басты қағидаттардың бірі саналатын сыйластық, этика және мәдени қарым-қатынас толық сақтала бермейді. Мәжіліс қабырғасында журналист Мадина Жатқанбаеваға қатысты орын алған жағдай, өкінішке қарай, аккредитация ережелерінің сақталмауы мен Премьер-министрдің орынбасарының баспасөз хатшысының әрекетіне байланысты туындады, - деді Балаева.
Министр журналистерді іс-шараларда белгіленген аккредитация талаптары мен регламентті қатаң сақтауға шақырды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің де БАҚ өкілдеріне құрметпен қарап, олардың кәсіби қызметіне кедергі келтірмеуі қажет екенін айтты.
Министрлік мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерімен бірлескен жиын ұйымдастырып, ақпарат құралдары мен билік арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жұмыстарды күшейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Ақпарат комитетінің конструктивті диалог орнату бойынша жұмыстарды жандандыратынын да айта өтті.