Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаламгер қандай құрметке де лайық

Қаламгер қандай құрметке де лайық
Ашық дереккөз
Уақыт шіркін желдей есіп, сеңдей көшіп жеті қырдан асып барады. Сенің мынау фәни жалғаннан бақиға аттанғаныңа он бес жылдың жүзі болып қалыпты-ау. Наурыз айының он үшінші жұлдызы сенің туған күнің болатын, балаларың 70 жасыңды атап өтпекші болғанда оны өзің күзге қалдырыпсың. Бәлкім бұл дүниеден шын дүниеге кететініңді марқұм Бал есепші атаңнан білдің бе, келместің кемесіне мініп мәңгілік сапарға аттандың да кеттің. Тоқыма фабрикасының жоғарғы жағындағы тұйық көшенің басындағы құтханаңда ботадай боздап Шәмшар жеңешем, Гүл, Ай-Наз есімді қыздарымен қайғы жұтып қала берді. Көке сенің мүсінші ұлың Нұрдәулеттің ағаштан ойып жасаған ғайып-бейнелері сол өзің тұрған көшеде қыста қар басып, жазда мұң басып тұрған шығар-ау әлі... Уақыт шіркін желдей есіп, сеңдей көшіп жеті қырдан асып барады. Сенің мынау фәни жалғаннан бақиға аттанғаныңа он бес жылдың жүзі болып қалыпты-ау. Наурыз айының он үшінші жұлдызы сенің туған күнің болатын, балаларың 70 жасыңды атап өтпекші болғанда оны өзің күзге қалдырыпсың. Бәлкім бұл дүниеден шын дүниеге кететініңді марқұм Бал есепші атаңнан білдің бе, келместің кемесіне мініп мәңгілік сапарға аттандың да кеттің. Тоқыма фабрикасының жоғарғы жағындағы тұйық көшенің басындағы құтханаңда ботадай боздап Шәмшар жеңешем, Гүл, Ай-Наз есімді қыздарымен қайғы жұтып қала берді. Көке сенің мүсінші ұлың Нұрдәулеттің ағаштан ойып жасаған ғайып-бейнелері сол өзің тұрған көшеде қыста қар басып, жазда мұң басып тұрған шығар-ау әлі...

Сонау 1969 жылы Жаңатұрмыстағы онжылдық мектепті бітіріп Луговойдағы редакцияға жұмысқа тұрғанымда жеңгем Шынардың бауыры болған соң ба, түннің бір уағында нан пісіру комбинаты тұсындағы баспаханадан газет шығарып болып жаяулатып сіздің үйіңізге келіп қонатынмын. Мені қойыңызшы, сіздің өзіңіз бала сияқты менімен жаяу жарысқа түсуші едіңіз. Менен алты жас үлкен екеніңізді білдірмей суытылған аттай «шабатынсыз». Сіздің белдессе жауырыны жерге тимейтін палуан екеніңізді кейінірек білдім ғой. Мен сіздің жылқы баққан Нүсіп әкеңізді көрген емеспін. Бірақ «Қарақыстаққа» кіндік қаным тамған соң сол қасиетті «Қоңыртөбеге» келіп қоныстанып отыратын қорағатылық жылқышылар туралы бала кезімде көп естіп едім. Сонда біздің қыстауымыз да, жайлауымыз да «Қалмаққияның» аузындағы «Сатылы қора» еді. «Қоңыртөбе» біздің қоныстан тай шаптырым жерде болатын. Ыдырыс атам, Әбік пен Жұматай кісілер біздің жылқыны бағады екен. Сол Ыдырыс атам Нүсіп атаңыз туралы аңызға бергісіз әңгімелер айтып отыратын. Нүсіп әкеңізді сол «Қарақыстақ» қойнауындағы малшы түгел біледі екен. Ол кісі туралы сұрай қалсаң: «Е...е...Нүсіп палуан ба? Жаңабайдағы жауырыны жерге тимеген нағыз палуан, көкпаршы кісі еді ғой ол» деуші еді тамсанып.

Кәрекеңнің өзі де әкесі туралы айтқанда арқаланып кететін. «Арқа» демекші, Кәріпжан ұстазымның «арқасы» болмаса ақын болар ма еді. Аудандық «Құлан таңы» газетінде зейнетке шыққанша табан аудармай хаттар бөлімін басқарды ғой. Ол кісі былайғы ел құсап мансап қууды білмейтін өзінің қаражаяу, бір сыдырғы мінезімен томаға тұйық жүре беретін. Қашан көрсең кабинетінде ескі бір сарынға салып әлде батырлар жырының мақамы ма, әйтеуір ыңылдап, өлең жазып отыратын. Оқырман хаттарымен жұмыс ол кісінің пешенесіне жазылған ба деп қаласың кейде. Кәрекеңнің алдынан әсіресе мектеп жасындағы жасөспірімдер бір үзілмейтін. Ұстазым оларға ерінбей-жалықпай ақындықтың қыры мен сырын үйретуші еді.

Кәрекең Ақыртөбе өңірінен ақындардың бір шоғырын тәрбие тезінен өткізіп, суырыпсалма шайырлар легіне қосты. Мәселен, Мәдина Сәбденбекова Кәріпжан Нүсіптің өз мектебінен түлеп ұшқан шәкірті еді. Кәрекең «Өнер деген өлке бар» атты кітабында Ақжол Өзбекұлы, Қожатай Ахамбаев, Әбдіәкім Жәлімбетов, Қазыбай Бижанов, Борай ақындар туралы тебірене жазыпты. Бәлкім Мәдина қыз сол шайыр ойының жемісі шығар. Кейін осы Тереңөзектен Аруна Керімбек есімді тағы бір суырыпсалма ақын шықты. Осының барлығы ақыртөбелік айбынды ақындар мектебін құрайтыны даусыз. Бұл жерде елімізге белгілі ақын, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаманның да осы ауылдан шыққанын айтпаса болмайды. Егер Құланның батыс шебін тереңөзектік шайырлар мектебі құрап отырса, шығысын жаңатұрмыстық ақындар мектебі алып отыр. Мұнда балалар ақыны Әдібай Табылдиев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуандық Шолақ, Кәріпжан Нүсіп, Совет Әлімқұлов, тасшолақтық шайыр Шырын Мамасерікова мен суырыпсалма ақын Асхат Қылышбек бастаған тағы бір шоғыр шайырлар тобын көреміз.

Мен өзімді ақынмын деп айта алмаймын. Нағыз ақын болу үшін Жамбыл, Абай, Мұқағали болу керек. Иә, Кәрекеңмен талай жыл аудандық газетте бірге істедік. Сол кезде аудан «айнасында» Кәрекең сияқты қараөлеңге құмар жандар болмады дейсіз бе? Мәселен, Кәрекеңнің Тілеуқабыл ақын Төлендиевпен айтысы ше? Иә, ол айтыс қалың бұқараға жаппай тарай қойған жоқ. Әйтпеген күнде айтулы айтыстардың бірі болатын еді деп ойлаймын. Редакциямызда Мұрат Ахалиев деген шайыр жігіт болды. Ол табан астында суырыпсалып айтыса беретін. Алайда оның айтысы сахнаға шықпай елдің ішінде, екеуара қақпақылда қалып қоя берді. Кәрекеңнің «Сыр сандығын» ашып оқысаңыз көп нәрсені көңіліңізге көгендеп, көкірек сарайыңызды ашасыз. Ол кісі: «Адамда арман өлмейді. Адамның арманы оның жүрегі. Жүрек тоқтағанда өлең де тоқтайды» дейтін.

Аудандық газет Кәрекең екеуіміздің шыңдалу мектебіміз болды. Шәкірт ретінде ол кісіден үйренгендерім көп. Ал, тілші, баспагер, журналист ретінде мен қызмет істеген аудандық және облыстық газет үлкен тәжірибе мектебі болды деп айта аламын. Өйткені аудандық басылымда қызмет істеген жылдары Рахметілдә Құдабаев, Есенгелді Төреқұлов, Әбдіжақып Туғанбаев, Кәріпжан Нүсіп, Тұрсынхан Жаманбаев, Қыдырәлі Қойтаев, Басқар Битановтан, ал, облыстық газетте істеп жүрген кезде Арғынбай Бекбосын, Шерхан Мұртаза, Әлдихан Қалдыбаев, Несіпбек Дәуітаев, Мұса Рахманбердиев, Доқтырхан Тұрлыбек, Елен Әлімжан, Мақұлбек Рысдәулет, Қуаныш Иембердиев, Ақылжан Мамыт, Көсемәлі Сәттібайұлы, Асқаржан Сәрсек, Рахметілдә Өзбеков, Баймұхамбет Ахмет, Болат Жаппаров, Лесбек Сайлаубек және тағы басқалардан тәлім алдым.

Қалай десеңіз де менің алғашқы баспалдағым осы «Коммунистік еңбек» газетінен, оның бас редакторы болған Оспанбек Хатиевтің өсиетімен басталып еді. Әсіресе, Кәріпжан ағамның ақыл-кеңесін ешқашан ұмытпаймын. Ол маған ақылшы, кеңесші, тәлімгер-ұстаз болды. Егер тұңғыш өлеңдерімді өңдеп, газетке жариялатқан Кәрекең болса, тұңғыш «Айкөл» атты жыр жинағыма баға берген де сол кісі еді. Кейін кітабым жарыққа шығарда әріптес досым Болат Бекжан оған алғысөз жазып, кітаптың тұсауын кесті.

Өмір – өзен. Сол алып дарияда қайық қалай қалт-құлт етсе, біз де сол ағыспен бірде сүңгіп, бірде малтып келеміз. Сол алып дарияға бірге жүзіп шыққандардың біразы қатты ағыс пен асау толқынға шыдай алмай тереңге кетті. Су бетінде қалқып жүзіп келе жатқандардың қайсысы қашан, қай күні опат боларын бір Алла біледі. Менің бар білетінім, сен мейлі ғұлама бол, шайыр бол, патша бол Жаратқан үшін сен тек пендесің. Сондықтан біз пендешілікпен біліп, білмей істеген күнәларымызды Тәңірімізден кешірім сұрап, дұға жасаймыз, құран бағыштаймыз. Кәріпжан аға: «Сен Қасиетті Меккеге барып, қағбаны көрдің, былайша айтқанда Алла Тағалаға бір табан жақын бардың. Жаннатүл Бақты көрдің. Аллам саған жар болсын!» дейтін кездесулерге барғанымызда. Сондай бір басқосу аудан орталығындағы №1 мектепте болды. Кездесуге Кәрекең, Қуандық аға және мен барған едім. Сонда кіп-кішкентай бір бүлдіршін алдымызға шығып: «Ата сіз өлеңді қалай жазасыз?» деген сұрақ қойды. Үшеуміз де төрде отырғанбыз. Бірақ, айбарлы екі үлкен ақын: «Сұрақты саған қойып тұр ғой» деді мені меңзеп. Мен әбіржігенімді білдірмей: «Бала деген періште ғой, құлағына Алланың өзі сыбырлап айтып тұрған шығар» дедім де: «Алланың рақымымен, адамның ақылымен жазамын,қарағым» дедім.

Ұстазымның адамға жағатын қасиеттері көп еді. Ол кісі іссапарға шығарда өзі келіп: «Мен пәлен ауылға, оқырманнан түскен хатты тексеруге бара жатырмын» деп айтып кететін. Ол жылдары мен жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болдым. Іссапардан оралған соң Кәрекең мақаласын асықпай жазып өткізетін. Әрине жазғандарын не редактор, не мен өңдейтінмін. Көбіне сын жазуға, жазса да өлеңдетіп, сатираға немесе фельетонға лайықтап жазатын.

Бірде газетімізде: «Пара» деген тақырыппен бір әңгіме жарық көрді. Мақала лақап атпен (ондай материалдар автордың келісуімен жарық көріп тұратын) жарияланатын. Келесі бөлмеден айқай-шу шыққан соң есікті ашып қарасам Кәрекеңмен бір кісі айқайласып тұр екен. Екеуіне де басу айтып, кабинетіме шақырып мән-жайды анықтап сұрасам, айқай әлгі «Пара» деген мақаладан шыққан екен. Кәрекеңе әлгі адам: «Мынаны сен жазғансың» десе, Кәрекең: «Жоқ мен жазған жоқпын» дейді. Енді болмағанда әлгі оқырман: «Мен сендерді сотқа беремін» дегенге дейін барды. Шындығында бұл Кәрекең жазған мақала емес болатын. Ал, автордың аты-жөнін жария етуге біздің құқымыз жоқ. Сондықтан әлгі тұлпардай тулаған адамға: «Сіздің материалда аты-жөніңіз атала ма?» деймін ғой мен. Ол: «Жоқ, аталмайды» дейді. «Онда сіз бұның шартты түрде жазылған жәй өмірден алынған әңгіме екенін түсінбегенсіз. Аты-жөніңіз аталмаса несіне байбалам саласыз?» дейміз ғой баяғы. Әлгі адам сонда: «Ойпырмай, ондағы айтылғандардың барлығы менің басымнан өткен ғой» дейді қояр да қоймай. Сөйтіп, Кәрекеңе «әй-шәй» жоқ тиіскен кісіні әрең тоқтаттық. Сәлден соң әлгі адам кеткен соң Кәрекең менің кабинетіме келіп: «Мына әңгімені расында кім жазған? дейді ғой тағы да. Иә, хаттар бөлімінің меңгерушісі болған соң Кәрекең оны білуге тиіс. Алайда ол кісі іссапарда жүргенде «кіріс-шығыс» журналына тіркелмей кеткен әңгімені ауданның бірінші хатшысы Әлмұқан Исақов жазған болатын. Ол кісінің анда-санда осындай әдеби шығармалар жазатыны бар еді. Ал, әлгі «Пара» деген әңгіменің кейіпкері ойдан шығарылып, шартты түрде жазылған ғой. Оны әрине әлгі адамның білмейтініне таң қалмай-ақ қойсаңыз да болады.

Иә, өмірде ондай да қызықтар болып тұрады. Кәрекең ауруханада көп жатты ғой. Сонда ол кісі қарап жатпай ондағы науқастарға жасалатын жағдайдың жоқтығын фельетонына немесе сын мақаласына арқау етіп, ушықтырып жазатын. Ондай сындарын кейде райкомның бюросы да қарап, кінәлі адамдарға тиісті жазасын беріп жататын. Сондықтан болар: «Кәрекең келе жатыр» дегенді естісе клубтағылар да, дәмхана мен асханадағылар да, әсіресе мектеп пен интернаттағылардың да төбе шашы тік тұратын. Ауданда ақындар айтысы өте қалса шайырлар сын материалды осы кісіден алатын. Ауданның бас ақыны Құлмахан Пірімқұловтың Кәрекеңнен талай көзтүрткі дерек пен дәйекті алып, айтысқа түскенде қарсыласын тығырыққа тіреп, жеңілмесіне жанын қоймайтынын өз құлағымызбен талай естідік. Ағай кабиетіне келгендерге де кейде өзінің уытты өлең шумақтарын оқып, жанын жадырататын. Шіркін несін айтасыз, Кәрекем аудандағы поэзия әлемінің падишасы еді ғой.

Кәрекеңе кенеттен Қобыланды Көрегенов, «Қазақ» ауылынан Ерғали Құлекеев, Құланнан Оспанов келетін. Жай келмейтін, құшақ-құшақ өлеңдерін ала келетін. Шайыр олармен көп сырласатын, шер тарқатысатын. Кәрекеңнің турашылдығы, айтқанын екі етпей істейтіндігі басшыларды да әбігерге түсіретін. Ол кісі депутат болған емес, бірақ сот заседателі болып жүргенде талай шала істің, шалағайлықтың бетін ашып, жазықсыз жала алады-ау дегендерге жалау болды.

... Алдағы наурызда Кәріпжан аға Нүсіптің туғанына 85 жыл толады. Ал, осындай қара қылды қақ жарған, ақиқат майданында әділдік үшін күрескен азаматымыздың есімін мәңгі есте қалдыратын ауданда не бір мәдениет ошағының немесе бір көшенің аты бар ма? Әрине жоқ. Іздесең оның өзі туып-өскен ауылы Қорағатыда да, не Көкдөненде де жоқ. Құланда жаңа ашылып жатқан шағын аудандар бар емес пе?! Соларға ақиық ақынымыздың атын неге бермеске...

Ойланайық ағайын, бұл аудан басшыларына да ойтамызық болсын. Еліне елеулі, халқына қалаулы ер-азаматтың, «Ауданның Құрметті азаматының» есімі ел есінде мәңгі қалсын десек осы жағын зердемізден шығармайық.

 

Сейсен ҚОЖЕКЕ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,

Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар