Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қарауылдың басты қаруы – қырағылық

Қарауылдың басты қаруы – қырағылық
Ашық дереккөз
Тараз қаласындағы түзеу мекемелерін қас қақпай күзететін бірден-бір мекеме – 5513 әскери бөлімі. Қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында биік бекетте тұру ерік-жігері берік жауынгерлердің ғана қолынан келеді. Сайдың тасындай іріктелген қайсар сарбаздар ғана қолына қару алып қызметке түседі. Бүгінгі мақаламыз қарауыл қызметі, ондағы жауынгерлер туралы болмақ.

Әдетте қарауыл қызметіне аттанар алдында іріктелген сарбаздар нұсқаулықтан өтеді. Сондай-ақ олармен таралым алдында психолог сөйлеседі. Олар үшін жауынгерлердің жауапты міндетті атқарар алдындағы жағдайын анықтау өте маңызды.

Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі әрі психолог, лейтенант Жанна Саржанованың айтуынша, біріншіден сарбаздардың түр-тұлғасы мен көңіл күйіне назар аударылады.

– Өйткені олар бізге дейін санитарлық бөлімде тексерістен өтеді. Ал жауынгердің жандүниесін көзінен де байқауға болады. Егер жауынгер сапта тұрған сәтінде берілген бұйрықты орындамаса немесе дағдарып қалса, батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарымен сөйлесіп, жағдайды басқа қырынан қараймыз. Себебі жауынгер бұйрықты естімей қалған болуы мүмкін немесе әлденеге алаңдаулы болуы да ғажап емес. Сондықтан атқыштар ротасында қызмет атқаратын сарбаздармен ауқымды жұмыс жүргізіледі, – деді Ж.Саржанова.

Жіті тексерістен өткеннен кейін жеке құрам белгіленген түзеу мекемесінің қарауыл бастығына табысталады.

Қырағылықты қажет ететін қарауылдық қызметті қалтқысыз орындап жүрген жауынгердің бірі – Ғабит Дауимов. Ғ.Дауимов 1982 жылы Өзбекстанның Нүкіс қаласында өмірге келген. 1993 жылы отбасымен Қазақстанға көшіп келеді. Мектеп бітіргеннен кейін Отан алдындағы борышын 2000-2002 жылдары Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында орналасқан шекара қызметінің 2534 әскери бөлімінде өтеген.

– Атамның арманы елге оралу болды. Ол кісі бала күнінде ашаршылыққа байланысты әке-шешесімен көрші елге қоныс аударған. Өкінішке қарай, қария арманына қол жеткізе алмай өмірден өтіп кетті. 1992 жылы көрші елде көз жұмды. Артында қалған ұрпақтары Алматы облысының Шамалған ауданына көшіп келдік. Мен 1997 жылдан бері Таразда тұрамын. Әскери борышымды өтеп келген соң полиция қызметкері болып еңбек еттім. Уақыт өте келе жұмыста қысқартулар болды. Сондай өзгерістерден кейін 2011 жылы 5513 әскери бөліміне қызметке орналастым. Бастапқыда атқыш сарбаз, бөлімше командирі, қарауыл бастығының көмекшісі болдым. Тәжірибе жинаған соң қарауыл бастығы лауазымына тағайындалдым, – деді 5513 әскери бөлімінің 1-атқыштар ротасының қарауыл бастығы, старшина Ғабит Орынбайұлы.

Бүгінде ол түзеу мекемесінің күзетілуіне, соның ішінде сотталушының қашып кетпеуіне, сақшылардың уақытылы ауысуына жауапты. Қарауыл қызметіне жұмылдырылған жауынгерлердің ішкі тәртібін қадағалау да оның міндетіне жатады. Биыл оның қарауыл қызметінде жүргеніне бір мүшелден асыпты.

Кейіпкеріміз бірінші кезекте жауынгерлердің көңіл күйі мен денсаулығына мән беретінін айтады. Сондай-ақ олардың міндеттерін қаншалықты білетінін тексереді.

– Әдетте сарбаздың дауыс ырғағынан-ақ көп жағдайды бағамдауға болады. Көңіл күйі жақсы сарбаз реңді келеді. Ондай жауынгерлер кез келген сынаққа төтеп бере алады, – деді ол.

Айтса айтқандай-ақ, қарауыл қызметіне жіберілген сарбаздар жігерлі болуға тиіс. Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде мұндай сарбаздар жетіп артылады. Солардың бірі – қатардағы сарбаз Сабырбай Омарбек.

– Отан алдындағы борышын өтеу – әр жігіттің парызы. Бұдан бөлек кез келген жұмысқа орналасу үшін әскери билетің болмаса тағы қиын. Менің негізгі мамандығым – мұрағатшы. Бірақ оқу бітірген соң құрылыста жұмыс істеген едім. Өзіңіз көріп отырғандай, әскер қатарын толықтырып, ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрмін. Ал қарауыл қызметіне келер болсақ, мұнда көзінде оты бар, мызғымас мінезге ие әскери қызметшілер қызмет етеді. Бекетте тұрған кезімде сотталушылар көзге еріксіз ілінеді, сол сәтте санаға түрлі ой қонады. Қарапайым тілмен айтсақ, күнделікті өмірде тыныш жүру керек екенін ұғынамын, – деді қатардағы С.Омарбек.

 

Мұнда Сабырбай секілді сарбаздар өте көп. Біразы борышын өтеген соң ішкі істер органдарында қызмет еткісі келеді. Оларға мұндай ой түзеу мекемесіндегі жауынгерлік-қызметтік міндеттерді атқару кезінде келген. Яғни, ел қорғанына айналған азаматтар өздері атқаратын жауапты міндеттердің маңызын жақсы түсінген.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар