Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Антына адал Аймира

Антына адал Аймира
Ашық дереккөз
Ақ халатты абзал жандарды бейбіт күннің батырлары десек, артық айтқанымыз емес. Олар кез келген уақытта бастарын қатерге тігіп, адам жанына араша түсетін ардақты жандар, зор құрметке лайық мамандық иелері.

Ал ҚР Қарулы Күштері сапындағы әскери дәрігерлердің жауапкершілігі тіпті екі есе ауыр екеніне Аймира Шалабаевамен жақынырақ танысқанда тереңірек ұғына түстік.

Гвардейск гарнизонында орналасқан әскери госпитальдің екінші сыныпты сержанты, әскери дәрігер Аймира Шалабаева тәртіп пен батылдықтың нағыз үлгісі. ҚР Қарулы Күштерінде 25 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Аймира жоғары білікті маман ретінде ұжымына сыйлы. Көптеген жас әскери қызметшілерге үлгі болып жүрген антына адал жан оқушы кезінен-ақ дәрігер болатынын анық білген.

– Мектеп табалдырығын аттамай тұрып үлкендердің «болашақта кім боласың?» деген сұрағына «дәрігер боламын» деп нық жауап беретінмін. Негізі дәрігер болуыма әжем ықпал етті. Олай дейтінім, кішкентай кезімде әжем қатты сырқаттанып қалғаны бар. Оның қиналғанын көріп, дертіне шипа тапқым келіп өзіме «өскенде дәрігер боламын» деп іштей серт бергенмін, – дейді А.Шалабаева.

Кейіпкеріміз әскери қызметте 2000 жылдан бері еңбек етіп келеді. Биылдан бастап Гвардейск гарнизонында медбике болып еңбек жолын жалғастыруда.

– Алғаш рет әскери форма киіп, сапқа түскен кезім есімнен кетпейді. Сол уақытта кеудеуді мақтаныш сезімі кернеді. Алайда жаңа өмір, жаңа ортаға бейімделіп кету оңайға соқпады. Бойымды қорқыныш пен қуаныш қатар биледі. «Талап пен тәртіпті қажет ететін салаға үйрене алар ма екенмін» деген уайым да болды. Бірақ алған бетімнен қайтпайтын бірбеткей мінезімнің арқасында өз-өзіммен күресіп, әскери өмірге үйренісіп кеттім, – дейді дәрігер.

Осылайша көп ұзамай ерлермен тең дәрежеде жауынгерлік тапсырмаларды орындай бастайды. Оқу-жаттығу алаңына шығып, автоматтан оқ атып, кез келген міндетті жауапкершілікпен орындап, көзге түседі.

Кейін жас маманның ұйымдастырушылық қабілетін байқаған бөлім бастығы, капитан Егелді Сейтқасымов аға медбике етіп тағайындайды.

– Тәжірибелі медбикелер жұмыс істейтін бөлімді басқару мен үшін нағыз сынақ болды. Сарбаздарға күн сайын дене тексерісін жүргізіп, науқастанып қалған жағдайда дәрігер тағайындамасы бойынша ем-дом жасаймыз. Тікелей лауазымдық міндеттерінен бөлек, түрлі қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар кезінде тұрақтылықты қамтамасыз етуге шыққан әскери қызметшілермен бірге бірнеше сағат бойы қызметте жүреміз. Жұмысын тәулікпен атқаратын жасақтың да құрамында боламыз. Сарбаздардың денсаулығы тәулік бойы біздің бақылауымызда болады. Осы секілді жауапты міндеттерді тікелей қадағалап, қарамағымдағы медбикелердің жұмысын бақылап отыру оңай шаруа емес, – деп еске алады маман еңбек жолындағы сол бір кезеңді.

Өз ісіне шын берілген білікті маман артылған жауапкершілік жүгін абыроймен арқалай білді.

Тәжірибелі дәрігер Аймира бұл күнде өзінің білімі мен тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп жүр.

– Біреуді оқытпас бұрын мамандығыңды алдымен өзің жетік білуің керек. Сондықтан өзімді-өзім дамытып отырғанды дұрыс көремін. Жыл сайын біліктілігімді арттырып тұрамын. Одан бөлек медициналық кітаптарды жиі оқимын.

Жалпы қай саланың маманы болмасын заман талабына сай үздіксіз дамып отырған жөн. Әлем өзгеруде, онымен бірге медицина да жаңаруда. Әскери дәрігерлер қай кезде де бір қадам алда болуы керек, – дейді А.Шалабаева.

Гвардейск гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, аға лейтенант Мақсат Тұрсынбектің айтуынша, кейіпкеріміз әріптестерінен бастап әскери борышын өтеп жүрген жас жауынгерлердің бәріне сыйлы.

– Медицина мамандарының айбынды армиямыздың әлеуетін арттырудағы үлесі өлшеусіз деуге болады. Әскери ұжымдағы ақ халаттылар санитарлық-гигиеналық бақылауды қамтамасыз етеді, емдік-профилактикалық жұмыстарды атқарып, жұқпалы ауруларға қарсы іс-шараларды жүзеге асырады. Сарбаздар мен әскери қызметшілердің денсаулық жағдайларын күнделікті қадағалап, жауынгерлік міндеттерді орындауына оңтайлы жағдай жасайды. Осы орайда, қатардағы Аймира Шалабаеванфң еңбегі зор. Жауапкершілігі жоғары, кішіпейіл, сарбаздарға жаны ашып тұрады, –дейді М.Тұрсынбек.

Бір айта кетерлігі, өткен жылы екінші сыныпты сержант Аймира Шалабаева жыл сайынғы «Әскер тарланы» байқауының «Абзал жан» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Республикалық байқауда жеңімпаз атанып, мықтылығын дәлелдеген Аймира үшін бұл жеңіс ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.

– Әскери медбике жауынгерлік тапсырмаға әрдайым дайын болуды, жеделдік пен жауапкершілікті, өзінің және жақындарының денсаулығын, өзіне сеніп тапсырылған жеке құрамның саулығын бірінші орынға Жұмысына лауазымдық міндетім деп қана қарамай, Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздарға аналық кеңесін айтып, бірде жылулық сыйласа, бірде жаман әдеттен тыйып жатады. Өз ұлдарымен тетелес болғандықтан, жас жауынгерлердің психологиясы оларға өте таныс. Жүректеріне жол тауып, жақындарынан жырақта жүрген, әскери ортаға сіңісе алмай, сағыныш арқалаған бозбалалардың тәнімен қатар жан жарасын да емдейтіні бар. Қалай болғанда да әскери дәрігер болудың жауапкершілігі екі есе ауыр. Алайда біздің мамандар бұл қызметті абыроймен атқарып жүр, – дейді А.Шалабаева.

Әскери медицинада еңбек етіп жүргеніне ширек ғасырға жуық уақыт толса да Аймира әлі де елім үшін тер төгуді жалғастыра беремін дейді. Алдағы уақытта ол әскери келісімшартын ұзартып, біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр. Кейіпкеріміздің ұлы Темірлан да анасының жолын қуып, әскери қызметкер атанған.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар