
Әскери бөлім 2000 жылы Қазақстан Ре с п у бл и к а с ы Қ о р ғ а н ы с м и н и с т р і н і ң директивасының негізінде Алматы облысының Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінің базасында таулы-егерлік батальон болып құрылған. Одан кейін Отар гарнизонында толықтай жасақталып, «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығына қарасты 85395 әскери бөлімінің құрамына кіріп, Жуалы ауданына шоғырланады.
Ал 2007 жылы батальон 85395 әскери бөлімінің құрамынан шығып, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшылығына өтеді. 2013 жылы ҚР Қорғаныс министрінің шешіміне сәйкес батальон жеке таулы-егерлік полк дәрежесіне ие болды.
91678 әскери бөлімі – ҚР Қарулы Күштеріндегі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі жалғыз жеке таулы-егерлік полк. Бөлім құрылғалы 9 әскери қызметкер ҚР Президентінің Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» және 2 қызметкер «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Әскери бөлім көптеген әскери оқужаттығуларға қатысып, намысты қолдан бермей, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Сонымен қатар бөлімнің жауынгерлері жеке-дара халықаралық жаттығуларға қатысып, жоғары басшылықтың алғыстарына ие болуда.
Бүгінде әскери бөлімді подполковник Алмас Отыншинов басқаруда. Подполковниктің басшылығымен 2 жыл бұрын соңғы талаптарға сай ат баптайтын алаң жаңартылып, ашылған болатын. Сонымен қатар әр жылдың екі мерзімінде Отан алдындағы борышын өтейтін жас буындармен сарбаздардың қатары толықтырылуда. Бүгінгі таңда әскери бөлімнің жеке құрамы жауынгерлік дәстүрді ұстанып қана қоймай, жауынгерлік әзірлікті ұдайы шыңдап, қырағылықпен міндеттерін атқарып, бейбіт елдің тыныштығын күзетуде.
Жақында әскери бөлім 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Бірегей полктің құрылғанына 25 жыл толуына орай ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты кешке бөлімше командирлері мен полк ардагерлері шақырылды. Мерекелік іс-шараны «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы штабының бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаев құттықтау сөзбен ашып, бөлімшенің маңызына тоқталды.
– Ширек ғасыр ішінде таулы-егерлік полк өзінің жетістіктерімен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің даңқын бірнеше рет асқақтатты. Әскери бөлімге алғашқы жылдары қолбасшылық еткен ардагерлеріміздің жемісті жолын кейінгі басшылар сәтті жалғастырды. Нәтижесінде әскери полк үлгілі бөлімдердің бірі ретінде елімізге танылды, – деді Н.Кәрібаев.
Өз заманында таулы-егерлік полкінде қызмет еткен ардагерлердің салтанатты іс-шараның төрінен табылуы мерекелік кештің маңызын арттыра түсті. Құрметті қонақтардың қатарында бөлімшенің бірінші командирі, отставкадағы полковник Асқар Ізбанов та бар. Ардагер жауынгер бөлімшенің құрылуы туралы әңгімелеп, тарихынан сыр шертті.
– Енді құрылған 2000 жылы қызметімізді күрделі жағдайда бастадық. Алғашқы уақытта шатырда тұруға тура келді. Полктің ғимаратын салуға, техникалық-материалдық жабдықтауға көп күш пен уақыт кетті. Қандай кедергі болса да барлығын сарбаздардың ынта-жігерінің, адалдығы мен табандылығының арқасында оңай жеңе білдік.
Бүгінгі таңда еңбегіміздің еш кетпегенін, кейінгі жас жауынгерлер біз салған даңғыл жолды жемісті жалғастырып жүргенін көріп марқайып отырмын. Қазір полктің базасы қуатты. Жайлы казармаларды, әскери көліктер паркін, ат ауласын, әскери қызметкерлер мен олардың отбасы үшін салынған үйлерді көріп қуанып отырмын, – дейді таулы-егерлік полктің алғашқы командирі Асқар Ізбанов.
Бөлімді басқарған басқа да командирлер тау сақшылары полкінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Солардың бірі – Қайдар Қарақұлов. 91678 әскери бөлімінде өшпес із қалдырған Қ.Қарақұлов кейінгі жылдары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығын басқарғанын айта кеткен жөн. Генерал-майор да мерекелік ісшараға қатысып, өткен жылдар тарихынан сыр шертіп, тілегін арнады.
Бүгінде таулы-егерлік полкі – Қазақстандағы бірегей әскери бөлім. Ерекшелігі – бұл бөлімде әскери қызметшілермен қатар, жауынгерлік аттар да қызмет атқарады. Полктың жауынгерлік жарыстарда бірнеше рет бірінші орын алуы, сондай-ақ халықаралық Армия ойындарының ат спорты марафонында қол жеткізген жеңістері бөлімшедегі жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейде жүргізілгенін дәлелдейді.
– Біздің полк жай ғана әскери құрама емес. Біздің сарбаздар ар-намысты, тәртіпті бағалайтын ынтымағы берік отбасы. Бұрынғы командирлерден қалған әскери дәстүрлерді қастерлейміз. Олардың есімдері бөлімшенің құрылуының, тарихының және өмірінің ажырамас бөлігі ретінде полк құжаттарында әрқашан сақталады. Мұндағы жауынгерлердің қай-қайсысы болса да жүрегі елім деп соққан азаматтар, – дейді Алмас Отыншинов.
Мерейтойлық іс-шара аясында жеке құрамды салтанатты жасақтау, әскери техника шеруі және ерекше көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев пен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ибраевтың құттықтаулары оқылды.
Осылайша аты ТМД елдеріне танылған таулы-егерлік полкі өзінің 25 жылдық белесін салтанатты жағдайда атап өтті. Бірегей әскери бөлімнің бағындырар белесі әлі де алда екені сөзсіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ