
Былтыр денсаулық сақтау басқармасына жергілікті бюджет есебінен 15 297,3 миллион теңге қарастырылыпты. Игерілген қаражат 14 990,8 миллион теңгені құраған. Тиісті қаражаттың игерілмеуіне облыстық психикалық денсаулық орталығындағы «СК Мақсат LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан өткен жылдың соңына таман ұсынылған актілерде бірқатар кемшіліктердің анықталуы себеп болған.
– Өткен жылы облыс халқының саны 1 222 593 мың адамды құраса, оның ішінде қалада – 530 817 мың, ал ауылда 691 776 мың адам тұрады. Бекітілген халық тіркеліміне сәйкес 1 171 065 адамға 392 денсаулық сақтау нысаны медициналық қызмет көрсетуде.
Облыстағы мемлекеттік ұйымдардағы дәрігерлер тапшылығы 2024 жылдың қорытындысымен 70 адамды құраса, оның ішінде 22-сі қалалық жерге, 48-і ауылдық жерге қажет. Кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінуде. Жергілікті атқарушы органның грантымен жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 51 білімгер, резидентурада 84 дәрігер оқиды.
Жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алып (резидентура), оқу бітіргеннен кейін облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен 62 дәргер өңірге жұмысқа келді. Республикалық бюджет есебінен облысқа мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырыспен 182 дәрігер резидентурада оқиды. 2024 жылдың қорытындысымен 3 893 медицина қызметкері оқытылды. Жалпы шетелде 21 дәрігер біліктілігін арттырды. Былтыр өңірге 90 жас маман келсе, 24 жас маман қалада, 66 жас маман аудандарда еңбек етуде.
Мамандарды тұрақтандыру мақсатында облыстық мәслихаттың тиісті шешіміне сәйкес жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен біржолғы әлеуметтік қолдау көрсету түрлері санаттарға бөлініп, мөлшерлері өзгерді. Облыстың ауылдық жерлерінде, кенттерге, моноқалаларға, аудандық маңызы бар қалаларға жіті тапшы мамандар бойынша 8 500 000 теңге, облыстың ауылдық жерлерінде, кенттерге, моноқалаларға, аудандық маңызы бар қалаларға 1 200 000 теңге, Тараз қаласына 800 000 теңге мөлшері айқындалды.
Республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау 1 500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредитке 3 жас маман құжаттарын өткізді. 1 жас маман баспана алса, 4 жас маман баспанадан өз еркімен бас тартты. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақыны 6 жас маман алды, 1 жас маман құжаттарын өткізді.
Жамбыл, Сарысу аудандарына барған 3 жас маман қызметтік пәтермен қамамасыз етілді. Аудан әкімдіктерінен келген мамандарға коммуналдық қызметтерге, отын-су, көмірге арналған шығындарды өтеуге 11 жас маманға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек берілді, – дейді Ерік Тілләбекұлы.
Сондай-ақ спикер штаттық бірлік, инфрақұрылым, материалдық-техникалық база, қауіпті аурулардың алдын алу секілді әрбір бағыт бойынша атқарылған жұмыстар пен алдағы жоспарлар жайлы егжей-тегжейлі мағлұмат берді.
Н.БОЛАТҰЛЫ