
«Бір батыр – бір тарих» және «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциялары аясында ұйымдастырылған іс-шараға әскери бөлімнің сарбаздары мен офицерлері, сондай-ақ музей-қорық қызметкерлері қатысты.
Қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы мен оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы рухани мұрасы кеңінен талқыланды. Жиынға қатысушылар жыр алыбының жауынгерлерге рух берген отты жырлары, оның майдан даласындағы сарбаздарға демеу болған жалынды шығармалары жайлы мазмұнды пікір алмасты.
5513 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі, лейтенант Салтанат Әзімханның айтуынша, өткізіліп отырған іс-шараның маңызы зор.
– Жамбыл Жабаев – қазақ халқының сөз өнеріндегі дара тұлға, халықтың мұң-мұқтажын жырымен жеткізген ақын. Ұлы Отан соғысы кезінде оның жырлары тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы көлемінде үлкен маңызға ие болды. «Ленинградтық өренім!» атты жыры қаланы қорғаған жауынгерлердің рухын көтеріп, оларға зор жігер берген еді. Бұл өлеңнің әр жолында халықтың қолдауы, сенімі мен жеңіске деген үміті көрініс тапқан. Дөңгелек үстел барысында музей қызметкерлері Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы арқылы қазақ халқының соғыс жылдарындағы қайсар рухы мен батырлық болмысын танытуға ерекше мән берді. Жиынға қатысқан әскери қызметшілер де ақынның жырлары сол кездегі жауынгерлерге қалай күш-қуат бергенін, олардың жеңіске деген сенімін арттырғанын атап өтті. «Жеңіс жыршысы – Жамбыл» атты бұл іс-шара – өткенді ұлықтап, бүгінгі күннің қаһармандарына рух беретін, патриотизмді күшейтетін маңызды қадам. Ұлы Жеңіс рухын жас ұрпақтың бойына сіңіру – әрбір азаматтың парызы. Осы жолда Жамбылдай ақындардың дауысы мәңгілік жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жетері анық, – дейді лейтенат С.Әзімхан.
Шынында да, Жамбыл жырлары тек өткеннің шежіресі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі, болашаққа жол көрсететін тағылымды мұра. Әскери бөлім сарбаздары осындай тарихи-мәдени шаралардың маңызын айрықша атап, патриоттық рухты нығайтудағы рөлін жоғары бағалады.
Осындай тағылымды басқосулардың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту, елін сүйген ерлердің ерлігін дәріптеу. Жас сарбаздар мен әскери қызметкерлерге ұлттық тарих пен мәдениеттің маңызды тұстарын таныстыру арқылы олардың елге деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік туады.