Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұстаздықтан бақыт тапқан

Ұстаздықтан бақыт тапқан
Ашық Дереккөз
Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназия – талай ұрпақты түлеткен, қаншама азаматтың білім нәрімен сусындап, өмірден өз орнын табуына жол ашқан киелі шаңырақ. 1952 жылы негізі қаланған оқу орны бастапқыда химия зауытының жұмысшыларының балаларына арналып ашылса, уақыт өте келе қаланың өзге де бүлдіршіндерін бауырына басты. Бүгінде тарихи терең білім ордасы 1700-ге жуық шәкіртке сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек етіп келеді.

«Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек, мектептің өркендеуіне үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегі ерен. Осы орайда, 40 жылға жуық ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Ольга Кабацкаяның өмір жолына тоқталмақпыз.

Ольга Владимировна Тараз қаласында дүниеге келген. Ата-анасы да қарапайым еңбек адамдары еді. Әкесі «Жамбыл газ» мекемесінде қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметке дейін көтерілсе, анасы Любовь Приходченко №7 мектепте тарих пәнінің мұғалімі әрі тәрбие ісінің орынбасары болып жұмыс істеген.

Ұстаз болу – Ольганың бала күнгі арманы еді. Бала Ольга анасының шәкірттеріне деген ықыласын, сабақты түсіндіру әдісін көріп, ұстаздық жолды таңдауға бекінді. Анасына еліктеп бала кезінде достарына «мен сендердің мұғалімдерің боламын» деп сабақ өтетін. Асқақ арманы кейіпкерімізді Абай атындағы педагогикалық училищеге жетеледі. 1976-1984 жылдар аралығында аталған оқу орнында білім алып, үздік бағамен тәмамдағаннан кейін өзі оқыған мектебіне қайта оралды. Содан бері бастауыш сынып оқушыларына алғаш әріп танытып, жазу-сызуды үйретіп, үлкен өмірге қанат қақтырды.

Ольга Кабацкая – жоғары санатты педагог-зерттеуші. Шәкірттері республикалық, қалалық байқауларда үздіктер қатарынан көрініп жүр. «Үздік мұғалім», «Лучший открытый урок – 2021», «Талант педагога» сынды республикалық конкурстардың жеңімпазы.

– Ұстаздық – мамандық емес, өнер. Баланың жүрегінен орын ала білу – ұстаз үшін басты құндылық. Менің мақсатым – қоғамда өз орны бар, білімді, еңбекқор азаматтарды тәрбиелеу. Шәкірттерімнің немерелеріне де сабақ беру – мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді О.Кабацкая.

Ұстаздық жол оңай емес. Балаларға білім берумен қатар, отбасылық өмірді де қатар алып жүру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ольга Владимировна жолдасы Владимир Судяковпен бірге Ангелина және Станислав есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балаларынан онға жуық немере сүйіп, үлкен әулетке айналып отыр.

– Біз мұғалімдер әулетіміз. Анамыздың сара жолын жалғап келеміз. Егер маған қайтадан ұстаздықты таңдау мүмкіндігі берілсе, еш ойланбастан осы жолды қайта таңдар едім. Себебі мектеп – өмірімнің бір бөлшегі. Қазір жалақысына қызығып, мұғалім болғысы келетін жастардың қатары көбейді. Бірақ ең бастысы – шәкірт тағдырына алаңдай білу. Ұстаз ең алдымен баланы жақсы көріп, содан кейін барып білім бере білуі тиіс, – дейді Ольга Владимировна.

№7 мектеп-гимназияда 40 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздың бірі – Евгения Илларионова. Бақытын ұстаздықтан тапқан өнегелі өмір иесі Семей облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Тәрбиелі, толыққанды отбасында өсіп, бала күнінен тәртіп пен талаптың маңызын түсініп ер жетті. 95 жасты алқымдаған анасы Нона Украинская Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандардың ісін қараумен айналысып, елге қызмет еткен жан. Әкесі Михалий Украинский өмірін әскери салаға арнаған. Отбасындағы үш қыздың кенжесі Евгения Михайловна екі әпкесі сияқты ұстаздық жолды таңдады.

Абай ауданындағы №6 мектепті бітірген Евгения Тараз қаласындағы Жамбыл педагогикалық институтында жоғары біліп алып, қызыл дипломмен тәмамдайды. Еңбек жолын №7 мектеп-гимназиясында бастап, бүгінге дейін жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келеді.

– Мен үшін бала – біздің болашағымыз, ертеңіміз, өміріміздің жалғасы. Мұғалімнің бойында нағыз ұстазға тән қасиеттер болуы керек. Егер балаға мейіріммен қарап, білім бере алсаң, оның болашағынан мол үміт күтуге болады. Ұстаз ең бастысы шәкіртінің тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосуы керек. Бұл – үлкен жауапкершілік, – дейді Евгения Михайловна.

Шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігі ауыр. Бірақ, нағыз ұстаз үшін бұл – өмірлік миссия. Евгения Михайловнаның тәрбиелеген оқушылары бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде табысты еңбек етуде. Өткен оқу жылында оның жетекшілігіндегі 12 түлек толықтай жоғары оқу орындарына қабылданды. Данил Тарсенко Томск қаласында инженерлік мамандықта оқуда, Әсел Крымова, Савельей Назаров, Дильдора Турсунова сияқты оқушылары мектептің үздіктері қатарында болды.

Евгения Михайловнаның тек шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, отбасылық өмірді де назардан тыс қалдырмады. Дмитрий Илларионовпен отбасын құрып, екі перзент тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балалары да, немерелері де Ресей мемлекетінде жауапты қызметтер атқаруда.

Ұстаздың еңбегі – ұлттың болашағына жасалған инвестиция. Евгения Михайловнаның білім беру саласындағы қажырлы еңбегі, шәкірттерінің жетістігі – ұстаздық жолдың абыройы мен беделін айқындайды.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
№7 мектеп-гимназияның
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі,
Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ажары артқан ауыл
Алдыңғы мақала
Ажары артқан ауыл

Ұқсас жаңалықтар