Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ажары артқан ауыл

Ажары артқан ауыл
Ашық Дереккөз
Жаз мезгілінде кешқұрым Қызыләуітке апаратын негізгі асфальт жолмен иек астындағы қыраттан төмен қарай түсіп келе жатқанда ауыл көрінісі көздің жауын алушы еді. Қырда тұрып ауылға көз салғанда, Қаратаудың сұлбасы мұнартып, ауыл сол жотаның астында орналасқандай көрінетін.

Әйтпесе біз туып өскен киелі мекен төтесінен тартсаң Қаратау қаласына дейін шамамен 30 шақырым қашықтықта жатыр. Қаратаудың жотасына сүйкене, сүйе құлап, маңайына қызыл шұғыла шашып, ұясына батып бара жатқандағы сол бір ауыл көрінісі сыртта жүрген кез келген азаматтың жадында деп ойлаймын.

Бұл ауылдың жер жағдайы аты айтып тұрғандай қызыл қырдың етегінен орын тепкендіктен айнала қызғылт тастақты еді. Әйтсе де маңайдағы «Шұқырәуіт», «Қызыләуіт» секілді су айдындарының арқасында елді мекен жаз бойы жамылған жасыл желегінің өңін сары ала күзге дейін бермейтін. Мұнда негізінде диханға жомарттық танытуға бейіл топырағы борпылдақ жерлер де көптеп кездеседі. Сондықтан шығар, бүгінде ауылдық округ бойынша тіркелген 120 шаруа қожалықтың 75-і егіншілікпен айналысады екен.

– Көктемгі дала жұмыстары – жылдың ең жауапты кезеңдерінің бірі. Диханшылықпен айналысатын шаруашылықтар қазір күннің жылынғанын күтіп отыр. Ауылда егін шаруашылығымен кең ауқымда айналысатын шаруашылықтың бірі – К.Оязбеков атындағы «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ауылдықтардың дені осы шаруашылықта жұмыс істейді. Жауапты науқанда ауыл еңбеккерлері әр ісін тиянақты атқаруға, яғни көктемгі дала жұмысына тыңғылықты дайындалуда. Мемлекет тарапынан шаруаларға үлкен қолдау көрсетілуде. Соның бірі – жеңілдетілген бағамен үлестірілген дизель отыны. Бұл шаруалардың шығынын азайтып, егін егу жұмыстарын дер кезінде жүргізуге септігін тигізеді. Ауыл шаруашылығында ағынсудың тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда Қызыләуіт ауылдық округінде осы түйткілдің алдын алу бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Округтегі барлық әуіттер мен суқоймалары су жинауға толықтай дайын күйде ұсталып, жағдай бақылауға алынған. Алдағы егіс науқанын ойдағыдай өткізу, шаруаларды ағынсудан тарықтармау үшін Қаратаудан «Көктал» өзені арқылы келетін суды сол суқоймаларға жинақтаймыз. Су айдандары тауға қысқы ақ ырыс пен көктемгі жауған жауынның мөлшеріне қарай толады. Сонымен қатар, округтегі 75 шаруа қожалығы егіншілікпен айналысады. Егіншаруашылығы мен малшаруашылығы- ауыл экономикасын алға жылжытатын егіз ұғым. Десе де Қызыләуіт ауылдық округіндегі тұрғындардың негізгі кәсіп көзі – мал шаруашылығы. Өйткені ауылдықтардың кез келгені кемі 5-10 тұяқ мал ұстап отыр. Ал жалпы ауылда ата кәсіппен айналысып отырған 45 шаруа қожалық бар. Мал шаруашылығы еңбек пен төзімділікті қажет ететін сала болғандықтан, шаруалар қысы-жазы күйбең тіршіліктің қамымен күн кешуде. Мысалы, олар қазіргі уақытта мал төлдету науқанына дайындалуда, – дейді ауылдық округ әкімі Ғарифулла Байкенжеев.

Ауылға ауыз су құбырын тарту, былтыр екі ауылға да газ кіргізу секілді инфрақұрылымның жақсаруы, мәдениет пен білім беру мекемелерінің қолжетімділігі округ тұрғындарының жайлы тұрмыс кешуіне ықпал ететіні анық. Осы тұрғыдан алғанда, Қызыләуіт ауылдық округіндегі екі елді мекенде соңғы жылдары біршама оңды істер атқарылыпты. Қызыләуіт ауылында 300 түтін бар болса, барлығы 2101 адам күн кешуде. Округ құрамындағы Ақтөбе елді мекенінің тыныс-тіршілігі мен әлеуеті де ерекше назар аударуға тұрарлық. Онда 25 үй, 118 тұрғын бар. Ауылдық округ тұрғындарына қажетті негізгі әлеуметтік инфрақұрылым толықтай қызмет көрсетіп тұр. Округ орталығында бір орта мектеп пен дәрігерлік амбулатория, кітапхана, мал дәрігерлік пункт, мәдениет үйі, әкімшілік ғимарат, пошта бөлімшесі және бір спорт кешені бар. Ал Ақтөбе елді мекенінде 1 медпункт пен бастауыш мектеп жұмыс істеп тұр. Осы мекемелерде еңбек ету арқылы тұрғындардың бірқатары ырзығын айырып отыр. Ауылдың әлеуетін арттыруда шағын кәсіпкерлікті дамыту-басты міндет.

Ауылдық округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Темірбек Баяқов елді мекеннің өркендеуі мемлекеттен бөлек ауыл әкімінің іскерлігіне де байланысты екенін айтады.

– Ауыл әкімінің іскерлігімен, тұрғындардың ауызбіршілігімен және туған жерін шынайы сүйетін азаматтардың жанашырлығымен жүзеге асып жатқан жұмыстар жетерлік. Бұл ауылда әрбір іс ортақ мақсатқа, яғни халықтың тұрмысын жақсартып, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бағытталған. Ауылдың көркейіп, заманауи талаптарға сай дамуы жемісті жұмыстардың нәтижесі. Қызыләуіт ауылдық округінің әкімдігі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Әкімнің бастамасымен ауыл шаруашылығын қолдауға арналған түрлі бағдарламаларға өтініштер беріліп, тұрғындарға жеңілдетілген несие алу шарттары кеңінен түсіндірілуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында да ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алып, ауыл экономикасын әртараптандыруға өз үлестерін қосуда, – дейді қария.

Негізінде Қызыләуіт табиғатымен ғана емес, тарихымен де қастерлі мекен. Бір кездері Талас ауданындағы «Ильич» атындағы кеңшар қойдың қаракөл тұқымын өсіріп, елтірі дайындаумен аты шыққаны мұқым жұртқа белгілі. Бұл талай еңбек адамын, елдің ардақты тұлғаларын тудырған киелі мекен. Олардың кейбірінің қажырлы еңбегі, төккен тері кезінде ауыл даңқын асқақтатса, бүгінде осы елді мекеннің дамуына сол жерде күн кешіп жатқандар да, сыртта жүрсе де туған жерінің түлеуіне тілеулес болып жүрген азаматтар да атсалысуда. Демеушілердің жанашырлығы – туған жерге деген құрметтің ең үлкен белгісі. Қызыләуіт ауылының дамуы мен көркеюіне ауылдан шыққан азаматтардың қосып отырған үлесі ерекше екенін айрықша атап өткеніміз жөн.

– Демеушілер тарапынан 1985 жылғы ауыл азаматтары атынан Қызыләуіт ауылының орталық көшесі жарықтандырылған болатын. Осы арқылы округ орталығында барлық көшелерге жарықшамдар толық орнатылды. Биыл Е.Тұрлыбайұлы және Есей көшелеріне 138 миллион теңгеге қаражат бөлініп, екі көшені күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Ақтөбе елді мекенінде көше жарығы Сапақ Датқа көшесіне орнатылған. Спорт кешенін Қызыләуіт ауылынан шыққан белгілі азамат Жаңабек Сұлтанбеков өз қаржысы есебінен салып берген болатын. Құрылысы аяқталған, заманауи үлгідегі ғимарат қазір ел игілігіне жарап тұр. Жуырда жергілікті жастардың спортпен тұрақты шұғылдануы үшін спорт кешеніне «Ауыл жастары» қоры және кәсіпкер Жарылқасын Тәттібаев қолдау танытып, 2 миллион теңгеге керекті құрал-жабдық сатып алынды. Нақты айтсақ, ол қаржы балалардың жаттығуына арналған бокс рингін, зілтемірлер, жүгіру жолағы (беговая дорожка), қол күресіне арналған жабдықтар мен өзге де спорт құрылғыларына жұмсалды. Ауыл азаматтарының қолдауы арқылы жастар күнделікті бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануға мол мүмкіндік алды. 1977 жылы туған ұл-қыздар кіреберіс жолды көріктендіру мақсатында тал-дарақ отырғызып, оны қоршап, бүгінде тамшылатып суғарып отыр. 1963 жылғы ауыл азаматтары жаңа үлгідегі жастар саябағының құрылыс жұмыстарын жүргізуде. 2025 жылдың ІІ тоқсанында ел игілігіне ұсыну жоспарлануда. Ауыл жастары үшін бұл үлкен қуаныш болмақ. Өйткені жастар бос уақытын осы спорт кешенінде өткізіп, спортпен тұрақты айналысатын болады,- дейді Ғарифолла Тоғайбекұлы.

Әрбір ауылдың әлеуметтік жағдайы – ел дамуының көрсеткіші десек те, бүгінде даму мүмкіндігі күмәнді саналатын елді мекендер кейбір өңірден іздесең табылады. Алайда, туған ауылына жаны ашитын азаматтар мен іскер жігіттер барда Қызыләуіттің болашағы баянды екені сенімге селкеу түсірмейді.

 Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар