
2-7-сынып оқушылары арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын білім бәйгесі балалардың зерттеу дағдыларын қалыптастырып, интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған. Қаңтардың 28-30 күндері жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша, ал ақпанның 19-23 аралығында қоғамдық-гуманитарлық бағытта өткен байқауға еліміздің барлық өңірінен дарынды оқушылар қатысып, өз жобаларын қорғады.
Облысымыздан жарысқа қатысқан 28 оқушының 24-і жүлделі орын иеленіп, абыройымызды асқақтатты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарында Жамбыл ауданының да дарынды жастары бар. Олар білім додасында жоғары нәтиже көрсетіп, үлкен жетістікке қол жеткізді. Атап өтер болсақ, Гродеково орта мектебінің 4-сынып оқушысы Айару Хайдарбек (жетекшісі – Роза Суанбекова) мен Баймырза Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы Ұлжан Сағындық (жетекшісі – Гулина Элгонова) өз зерттеу жұмыстары арқылы үздік деп танылып, жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Бейсенбек Тайшапұлы атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Рауан Темірхан (жетекшісі – Зүкира Молдақұлова) және Амангелді атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Нұрболсын Бейбітжан (жетекшісі – Айман Шоңмырзаева) жүлделі ІІ орынды иеленді. Ал «Нұр Әлім» балабақша-мектеп гимназияның 3-сынып оқушысы Кәусар Бахыт (жетекшісі – Гүлжазира Сапарбекова) ерекше қабілетімен көзге түсіп, арнайы грамота иегері атанды.
Зияткерлік жарыста топ жарған оқушылардың жетістігі білім саласындағы сапалы еңбектің, табанды ізденістің жемісі. Осы орайда, Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилова жеңімпаз оқушыларды арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Кездесу барысында жас зерттеушілер өз жобалары туралы әңгімелеп, жарысқа дайындық кезеңінде жинаған тәжірибелерімен бөлісті. Өз сөзінде Зәуре Садуақасқызы оқушыларға сәттілік тілеп, олардың табандылығы мен ғылымға деген қызығушылығын жоғары бағалады.
– Бұл жетістік – білім мен еңбектің, ізденіс пен табандылықтың нәтижесі. Біздің жас зерттеушілеріміз тек ауданымыздың ғана емес, облысымыздың намысын қорғап, республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетті. Ғылымға деген қызығушылықтарыңыз ешқашан сөнбесін, жаңа идеялар мен тың зерттеулерге ұмтыла беріңіздер. Жеңімпаздарымыздың жетістіктері толастамасын. Болашақта үлкен белестерден көріне берулеріңізге тілектеспін! – деді Зәуре Абдирасилова.
Сондай-ақ, оқушылардың үлкен жетістіктерге жетуіне үлес қосқан ұстаздарға да ерекше құрмет көрсетілді. Шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп, білім мен ғылымға деген қызығушылықтарын арттыруда аянбай еңбек еткен Роза Суанбекова, Зүкира Молдақұлова, Гүлжазира Сапарбекова, Айман Шоңмырзаева және Гулина Элгоноваға Зәуре Садуақасқызы арнайы алғысхаттар табыстады. Бұл марапат – ұстаздардың шәкірт тәрбиелеудегі еселі еңбегі мен жас ізденімпаздарға берген білімі мен тәлімінің айқын көрінісі.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі бар. Шын мәнінде, адам бойындағы осы үш қасиеттің бір арнада тоғысып, үлкен әлеуметтік күшке айналуы – білім мен ғылымның арқасы. ХХІ ғасыр – білімді ұрпақтың дәуірі. Бүгінгі жас жеткіншектердің ғылымға деген ұмтылысы мен ізденісі – олардың болашағына деген нық сенімнің көрінісі.
Эльмира ТҮРКМЕНОВА,
Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің әдіскері