Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ана ұлтты тәрбиелейді

Ана ұлтты тәрбиелейді
Юрий КИМ
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Т.Рысқұлов ауданына іссапармен барды. Аймақтағы әр салада атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, аудан орталығында ұйымдастырылған Аналар форумына қатысты.

– Қазақ «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Яғни, ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесі – ана махаббатының жемісі. Киелі Әулиеата жері ардақты апалар мен асыл аналардың, атақты еңбек майталманы атанған әйелдер мен арулардың мекені. Қазір еліміз дамудың маңызды кезеңіне қадам басты. Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформалар қолға алынды. Осы орайда отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты, – деді Серік Жақсылықұлы «Ана – ұлттың айнасы» тақырыбында өткен форумның ашылу салтанатында.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев тағылымы мен тәлімі мол басқосу өткен жылы облыс орталығында өткізілген Әжелер форумының жалғасы екенін айтып, қоғамда ата-анаға, жасы үлкенге деген құрметті арттырып, тәрбиеге тұтас жұрттың назарын аударту өзекті мәселе екенін жеткізді.

Ауданда Аналар кеңесі 2022 жылы құрылыпты. Құрамына 15 мүше тартылып, ауданның 15 округіне жетекшілікке бекіліпті.

– Бұл форум – біздің қоғамымыздың ең асыл, ең мейірімді, ең табанды тұлғалары – аналарымызды құрметтеп, олардың қоғамдағы орнын айшықтауымен маңызды. Ана – отбасының ұйытқысы, ұрпақтың тәрбиешісі әрі ұлт болашағының негізін қалаушы. Ана тек баланы тәрбиелеп қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа ұлттық құндылықтарды, адамгершілік асыл қасиеттерді, дәстүрлерімізді жеткізетін ең негізгі ұстаз. Ұлы Абай атамыздың «Ана – өмірдің мәні, ұлттың айнасы» деген сөзі бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әрбір ана өз баласының көзінде бейнеленген ұлттың келешегі мен болашағын көреді. Т.Рысқұлов ауданында аналарымыз әрдайым қоғамның алдыңғы қатарында болып, түрлі салада жетістіктерге жетіп, өз білімдері мен тәжірибелерін болашақ ұрпаққа беруде. Олар тек отбасылық өмірде ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен кәсіпкерлік салаларында да белсенді, өз ісінің шеберлері.  Аудандық аналар кеңесі өз жұмысында әрқашан аналардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, құндылықтарды сақтауға, сондай-ақ, жастарға үлгі болатын іс-шараларды ұйымдастыруға үлкен көңіл бөліп келеді, – деді аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Түзел Селбайқызы.

Ананың қоғамдағы орны жөнінде жазушы Ділдәр Мамырбаева мен облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Хадиша Оспанова ойларын ортаға салды. Сондай-ақ «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәурен Бағжанов ұйымның саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.

Жиын қорытындысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов форумның үндеуімен таныстырды. Елдің дамуына, қоғамның мәдениеті мен бала тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген аналарды Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов алғыс хатпен марапаттады.

Форум аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Қамар ҚАРАСАЕВА,
журналист,
Т.Рысқұлов ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Өмір жолы өнегеге толы
Алдыңғы мақала
Өмір жолы өнегеге толы

Ұқсас жаңалықтар